Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан туризмге екі жылда 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартты

07.09.2026, 10:40 67

Қазақстанда туризм саласын дамытуға бағытталған инвестициялар көлемі соңғы екі жылда 2,2 трлн теңгеден асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет курорттық аймақтарды жаңғырту, жаңа туристік нысандар салу, көлік қатынасын жақсарту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

328 жоба жүзеге асырылып жатыр

Қазір туризм саласында жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар кезең-кезеңімен іске қосылғаннан кейін 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешенін пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл туристерді орналастыру сапасын арттырып, өңірлердегі қонақүй инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 32,6 пайызға көп.

Қазақстанға 15,7 млн шетелдік келген

2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетелдік азамат келген. Оның 11,1 миллионы турист санатына жатқызылған.

Шетелдік қонақтардың Қазақстан аумағында жұмсаған қаражаты 2,9 млрд долларды құрады. Бұл келу туризмінің ел экономикасына түсіретін тікелей кірісінің де артып келе жатқанын көрсетеді.

Бұған қоса оқиғалы туризмге ерекше мән беріліп отыр. 2026 жылға арналған 55 ірі іс-шарадан тұратын арнайы күнтізбе әзірленген. Мұндай шаралар шетелдік және ішкі туристер ағынын арттыруға бағытталған.

Ішкі туризмде де өсім бар. Ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтар саны 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін өскен.

Қонақүй мен демалыс орындарының саны 4,5 мыңнан асты

Туристерді орналастыру нысандарының саны да жыл сайын көбейіп келеді. 2023 жылы елде 3 992 орналастыру орны болса, 2025 жылы олардың саны 4 482-ге жетті.

Ал 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұндай нысандар саны 4,5 мыңнан асқан. Инвестициялық жобалар толық іске асқаннан кейін бұл көрсеткіш одан әрі ұлғаяды.

Курорттарға баратын жолдар жөнделіп жатыр

Туризмді дамытуда негізгі мәселелердің бірі саналатын көліктік қолжетімділікті жақсартуға да басымдық берілген.

2026 жылы жалпы ұзындығы 11 мың шақырым автомобиль жолы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде Рахман қайнарына, Кендірліге, Баянауылға, Зерендіге және Көлсайға апаратын туристік бағыттар бар.

Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр. Жазғы туристік маусым кезінде аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсін ұйымдастыру қарастырылған.

Бұл шалғайдағы туристік нысандарға жету уақытын қысқартып, ішкі туризм ағынын арттыруға мүмкіндік береді.

Алматы тау кластері 5 млн турист қабылдауы мүмкін

Туризм саласындағы ірі жобалардың бірі Алматы тау кластерін дамытуға бағытталған.

Жоспар бойынша тау-шаңғы аймақтары бір жүйеге біріктіріліп, 30 жаңа аспалы жол мен жалпы ұзындығы 161 шақырым болатын шаңғы трассалары салынады.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Алматы тау кластерінің жылына 5 млн турист қабылдауына жағдай жасалмақ.

Сонымен қатар Маңғыстау және Щучинск-Бурабай курорттық аймақтарын дамыту жөніндегі кешенді жоспарлар іске асырылып келеді. Бұл өңірлерде инфрақұрылымды жаңарту, инженерлік желілерді жүргізу, демалыс орындарын көбейту және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру көзделген.

Ұлттық парктерге 3,7 млн адам барған

Экологиялық туризм де елдегі сұраныс жоғары бағыттардың біріне айналып келеді.

2025 жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 3,7 млн адам барған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қазір 179 туристік маршрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді.

2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды. Бұл отбасылық және балалар туризмін дамытуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Туризм экономиканың жаңа тірегіне айналмақ

Үкімет туризмді дамытуда инвестиция тарту, жаңа қонақүйлер салу, жол және әуе қатынасын жақсарту, ұлттық парктердің қолжетімділігін арттыру және ірі курорттық аймақтарды жаңғырту бағыттарын қатар алып жүр.

Жүзеге асырылып жатқан 328 жоба мен жаңа инфрақұрылымдық бастамалар толық іске қосылған жағдайда өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнеске қосымша мүмкіндік туады. Сонымен бірге Қазақстанның ішкі және халықаралық туристік бағыттардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: