Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскер қатарына шығарып салды

04.09.2026, 8:50 38

HALYQLINE.KZ

Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Әскери қызмет – ер жігіттің азаматтық жауапкершілігін арттырып, елге деген сүйіспеншілігін нығайтатын маңызды мектеп.

Қазалы ауданында күзгі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды әскер қатарына шығарып салуға арналған патриоттық іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Қазалы мәдени-демалыс кешенінің «Даңқ» аллеясында ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Нұрлыбек Сейтханов, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Күмісбай Серікбаев, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен аудан жастары қатысты.

Іс-шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алмасұлы жас сарбаздарға ақ жол тілеп, әскери тәртіпті қатаң сақтап, Отан алдындағы азаматтық борыштарын абыроймен өтеудің маңыздылығына тоқталды.

«Әскер – азаматтың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл жерде сіздер жауапкершілікті, тәртіпті, отансүйгіштікті және бірлік пен өзара қолдауды үйренесіздер. Ел қорғау – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Сондықтан әскери міндеттеріңізді адал атқарып, ата-аналарыңыздың, туған жерлеріңіз бен елдің үмітін ақтайтын азамат болыңыздар. Әскери қызметті абыроймен атқарып, туған жерге аман-есен оралуларыңызға тілектеспін. Алдарыңыздан ақ жол ашылып, қызметте жақсы жағынан көрініп, болашақта ел игілігіне қызмет ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспін», — деді Жәнібек Алмасұлы.

Сондай-ақ іс-шарада аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Нұрлыбек Сейтханов пен Ауған соғысының ардагері Күмісбай Серікбаев жас сарбаздарға әскери қызметтің маңызы жөнінде айтып, ел қорғау жолында табандылық пен жігер танытуға шақырды.

Жас сарбаздарға ата-аналары да ақ батасын беріп, ел алдындағы міндеттерін абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуына тілектестігін білдірді.

Айта кетейік, күзгі мерзімді әскери қызметке аттанған 10 қазалылық азамат Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: