Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім саласын тағы басқарады

03.09.2026, 13:04 38

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды. Осылайша ол жаңа Үкімет құрамында да ведомство басшысы қызметін жалғастырады.

Саясат Нұрбек 1981 жылғы 18 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. АҚШ-тағы Marshalltown College-де саясаттану мамандығын меңгерген, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша тәмамдаған. Италиядағы La Sapienza университетінде геосаясат бойынша магистр дәрежесін, «Көкше» академиясында психология бакалавры дәрежесін алған. Сондай-ақ АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония және Нидерландта тағылымдамадан өткен. 

Еңбек жолының алғашқы кезеңінде жастар саясаты саласында жұмыс істеді. 2006–2008 жылдары «Қазына» тұрақты даму қорында еңбек етіп, кейін Президент Әкімшілігінің Кадр саясаты секторын басқарды. Сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, «Самұрық-Қазына» қорында атқарушы директор қызметтерін атқарған. 

2009–2010 жылдары Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін басқарды. 2010–2013 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болып, «Болашақ» бағдарламасының жұмысына жетекшілік етті. Кейін «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры, Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры болды. 

2018–2022 жылдары BTS Digital және BTS Education құрылымдарында білім беру жобаларына жетекшілік етіп, Қазақстанның жаңа мамандықтар атласын әзірлеуге қатысты. 2022 жылғы ақпанда Мәжіліс депутаты болып сайланды. Сол жылдың 11 маусымында жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғашқы басшысы болып тағайындалды. 

Саясат Нұрбек 2023 және 2024 жылдары да Ғылым және жоғары білім министрі қызметіне қайта тағайындалған. Енді жаңа Үкімет құрамында жоғары білім, ғылым, ғылыми кадрлар даярлау, халықаралық білім беру және университеттерді дамыту бағыттарына жетекшілік етеді. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: