Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам құлағы – өзін-өзі тазартатын мүше

03.09.2026, 7:20 71

Құлаққаптың дауысын айналадағы шуды басатындай көтеріп қою, құлақ бітелсе, «өзі ашылар» деп күту, ауырғанда таныстың кеңесімен дәрі тамызу көпшілікке үйреншікті. Бірақ есту қабілетіне қауіп төндіретін жағдайлар кейде осындай қарапайым әдеттерден басталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 1 миллиардтан астам жас адам дыбысты қауіпсіз тыңдау талаптарын сақтамау салдарынан есту қабілетін қайтымсыз жоғалту қаупіне ұшырап отыр. Бұған құлаққаптағы қатты музыкамен қатар концерттер мен ойын-сауық орындарындағы  шамадан  тыс шу  да  әсер  етеді.

Құлақтағы  шуыл нені  білдіреді,  күнделікті тазалықтың  қай  тұсы зиян,  қай  кезде  дәрігерге баруды кейінге  қалдыруға болмайды? Осы  және өзге де  сауалдар  төңірегінде Алматы  қаласындағы  «Рахат» медициналық  клиникасының жоғары  санатты ЛОР дәрігері, хирург  Айгүл  Рахманқызымен  әңгімелестік.

– Соңғы жылдары есту қабілеті төмендеген жастар көбейді ме? Бұған құлаққаппен қатты музыка тыңдау қаншалықты  әсер  етеді?

– Есту қабілетінің нашарлауы жастарда да кездеседі. Оның соңғы жылдары қаншалықты көбейгенін нақты айту  үшін  салыстырмалы статистика қажет. Ал қатты дыбыс­тың есту мүшесіне зияны дәлелденген. Құлаққаппен музыканы жоғары дауыс­та ұзақ тыңдау ішкі құлақтағы дыбысты қабылдайтын түкті жасушаларды зақымдауы мүмкін. Адамда бұл жасушалар қайта өспейді, сондықтан олардың зақымдануынан болған есту жоғалуы тұрақты болуы ықтимал. Әуелде адам шулы жерде айтылған сөзді ажыратуға қиналып, әңгімелесушіден сөзін қайталауды сұрай бастайды немесе құрылғының дауысын бұрынғыдан көтере береді. Мұндай өзгерістерді елеусіз қалдырмаған  жөн.

Қауіп  дыбыстың қаттылығына да, оны қанша уақыт тыңдайтынымызға да байланысты. Мысалы, ДДҰ ересектер үшін 80 децибел деңгейін­дегі дыбысты тыңдаудың апталық қауіпсіз уақытын 40 сағатқа дейін деп көрсетеді. Дыбыс 90 децибелге көте­рілсе, бұл уақыт аптасына 4 сағатқа дейін қысқарады. Сондықтан «дауысын 60 пайыздан асырмай, 60 минут тыңдасам, еш зияны жоқ» деп түсінуге болмайды. Әр құрылғының дыбыс қуаты әртүрлі. Дауысты бәсеңдетіп, тыңдау арасында тыныштықта үзіліс жасау, құрылғының дыбыс деңгейі туралы ескертулерді ескеру қажет. Айналадағы  шуды  басу үшін музыканы  қатайта  бермеу  де  маңызды.

– Құлақтағы шуылға, яғни тиннитусқа шағымданатындар бар. Ол қандай  аурулардың  белгісі болуы мүмкін?

– Тиннитус кезінде сырттан дыбыс шықпаса да, адам құлағынан ызың, гуіл, шыңыл естиді. Оның себебі әртүрлі болады. Құлықтың тығын­далуы, құлақтың қабынуы, қатты дыбыстың әсері немесе есту қабі­летінің төмендеуі осындай белгі беруі мүмкін. Кейбір дәрілердің жана­ма әсерінен  де  шуыл  пайда  бола­ды.

Сирегірек  жағдайда  ол ішкі құлақ ауруларымен, соның ішінде Меньер ауруымен байланысты болуы ықтимал. Мұндайда шуылға бас айналу, құлақтың бітелуі және естудің өзгеруі қосылады. Қан тамырларындағы өзгерістер, кейбір қалқанша безі ауру­лары мен қант диабеті де тин­нитуспен қатар кездесуі мүмкін. Деген­мен, құлақтағы шуға қарап бірден белгілі бір диагноз қою дұрыс болмайды. Көп жағдайда ол ауыр ауру­мен байланысты болмайды, бірақ себебін  тексеру арқылы анықтаймыз. Әсіресе бір құлақта тұрақты естілетін немесе жүрек соғысымен қатар соғып тұрғандай болатын  шуылды тексерусіз қал­дыр­мау  керек. Ал шуылмен бірге есту кенет  тө­мендесе, шұғыл  медициналық  көмек  қажет.

– Көпшілік  құлағын мақталы таяқ­шамен тазартады. Бұл әдеттің қандай  қауіпті  салдары  бар?

– Негізінен, адам құлағы – өзін-өзі тазартатын мүше. Құлақ­тағы құлықты түгел алып тастауға тырысудың қажеті жоқ. Ол есту жолының терісін қорғайды, ылғалын сақтауға көмектеседі. Қалыпты жағдайда құлық біртіндеп сыртқа жылжып шығады, бұған жақтың шайнау кезіндегі  қозғалысы  да  ықпал  етеді.

Мақталы  таяқшаны құлақтың ішіне енгізгенде құлықты тереңге қарай итеріп, тығындап қоюы­мыз мүмкін. Соның салдары­нан құлақ бітеліп, есту төмендейді. Бұдан бөлек, таяқша есту жолының нәзік терісін жарақаттап, қабынуға жағ­дай туғызады, ал терең кетсе, дабыл жарғағын тесіп жіберуі ықтимал. Баланың құлағын таза­лап  жатқанда оның кенет  қозғалып қалуы да  қауіпті.

Күнделікті күтімде құлақ қалқаны мен сыртынан көрініп тұрған бөлігін жұмсақ, дымқыл шүберек­пен сүрту жеткілікті. Құлақ­тың ішіне ештеңе тықпау керек. Құлық жиналып, естуге кедергі келтірсе, дәрігер оны қауіпсіз  жолмен  тазалайды.

– Құлақтың қабынуын үй жағ­дайында емдеп, дәрігерге кеш жүгінудің  қандай  асқынулары  болады?

– Құлақ ауырғанда алдымен оның себебін анықтау қажет. Сыртқы есту жолының қабынуы мен ортаңғы құлақтың қабынуына қолданылатын ем бірдей бола бермейді. Дабыл жарғағының бүтін екенін білмей, өз бетінше дәрі, спирт немесе басқа сұйықтық тамызу қауіпті. Жарғақ тесілген жағдайда кейбір тамшы ішкі құлаққа  зиян   келтіруі   мүмкін.

Ауру  асқынғанда құлақ артын­дағы сүйектің қабынуы, яғни мас­тои­дит, бет жүйкесінің зақымдануы сияқ­ты жағдайлар туындауы ықтимал. Өте сирек болса да, инфекция ми қабықтарына  немесе ми тініне тарап, менингитке, ми абсцесіне әкелуі мүмкін. Мұндай ауыр асқынулар әрбір отитте бола бермейді, алайда олардың қаупін елемеуге де болмайды. Үйдегі ем ауырсынуды уақытша басқанымен, қабынудың себебі жойылмауы мүмкін. Сондық­тан жағдай нашарласа немесе емге қарамастан шағым сақталса, қайта тексерілу  қажет.

– Ортаңғы  құлақтың қабынуы есту қабілетін толық жоғалтуға дейін апаруы  мүмкін  бе?

– Ауыр асқынған жағдайда мұндай қауіп бар. Бірақ ортаңғы құлақ қабынған адамның бәрі естуінен айырыла­ды деп қабылдамау керек. Жедел отит кезінде есту көбіне ортаң­ғы құлақта сұйықтық жина­лып, дыбыстың өтуі қиындағандық­тан төмендейді. Қабыну басылып, сұйық­тық тараған соң есту қалпына келуі  мүмкін.

Созылмалы іріңді қабыну дабыл жарғағы мен дыбыс өткізетін сүйекшелерді зақымдауы ықтимал. Ал инфекция ішкі құлаққа тараса, естуге жауапты құрылымдарға қайтымсыз зиян келіп, зақымданған құлақтың естуі қатты төмендеуі, тіпті толық жоғалуы мүмкін. Сондықтан құлақтан іріңнің қайта-қайта ағуына немесе естудің біртіндеп нашарлауына үйреніп кетуге болмайды. Ауырсынудың басылғаны құлақ толық жазылды дегенді білдірмейді.

– Балалар құлақ ауруларына неге бейім келеді? Ата-аналар қандай қателіктерге  жол  береді?

– Балаларда ортаңғы құлақ пен мұрын-жұтқыншақты байланыстыратын есту түтігі ересектерге қара­ғанда қысқалау әрі көлденеңірек орналасады. Түтік бітелгенде ортаң­ғы құлақтың желдетілуі бұзылып, сұйықтық жиналуына жағдай туа­ды. Баланың иммундық жүйесі де әлі жетіліп келеді. Сондықтан мұрын-­жұтқыншақтағы инфекциялардан кейін отит дамуы мүмкін. Аденоидтардың  ұлғаюы  да  есту  түтігінің  жұмысына  кедергі  келтіреді.

Ата-ананың назардан тыс қал­дырмауы тиіс жайттың бірі – баланың естуіндегі өзгеріс. Бала шақыр­ғанда бұрылмаса, сөзді қайта сұрай берсе немесе теледидардың дауысын қатайтса, оны «тыңдамайды» деп ұрыспай, естуін тексерткен дұрыс. Құлақты  таяқшамен шұқылау, бұ­рын қалған дәріні өз бетінше тамызу, ауырсыну басылған соң дәрігер белгілеген ем мен бақылауды тоқтату да зиян  келтіруі  мүмкін.

Сәбиге бөтелкені беріп, шалқасынан жатқан күйі жалғыз қалдыру­дан сақтанған жөн. Бұл кеңесті емшекпен  емізуге бірдей телуге бол­майды. Сондай-ақ баланы темекі түтінінен қорғау, мұрнымен тыныс алуы ұзақ уақыт қиындаса, дәрігерге көрсету маңызды. Отит қайта-қайта қайталанса  немесе естудің төмен­деуі сақталса, ЛОР дәрігері мен естуді тексеретін маманның бақылауы қажет.

– Құлақтың бітелуі мен естудің төмендеуін адамдар көбіне уақытша құбылыс деп қабылдайды. Қандай белгілер байқалса, шұғыл түрде ЛОР дәрігеріне  қаралу  қажет?

– Ең алдымен, бір немесе екі құлақтың естуі бірнеше сағаттың ішінде не үш тәулікке дейінгі аралықта күрт төмендесе, күтпей қа­ралу керек. Адам мұны жай бітелу деп ойлауы мүмкін, бірақ кейде оның артында кенеттен дамыған сенсоневралды есту жоғалуы тұрады. Мұндай  жағдайда  сол күні көмекке жүгі­ніп, мүмкіндігінше 24 сағат ішінде ЛОР дәрігеріне немесе шұғыл көмек бөліміне жету қажет. Ауырсынудың болмауы қауіп жоқ деген сөз емес.

Құлақтан ірің не қан ағуы, қатты ауырсынуға қызудың қосылуы, құлақ артындағы ісіну мен қызару да жедел тексеруді қажет етеді. Егер бұған қатты бас айналу, жүре алмау, беттің бір жағының әлсіреуі, қатты бас  ауыруы, мойынның сіресуі неме­се сананың шатасуы қосылса, жедел жәрдем шақырған дұрыс. Осындай белгілер кезінде үйде өз бетінше құлақты тексеріп, тазалап, тамшы таңдап  уақыт  өткізуге  болмайды.

– Сізді бүгін ең көп алаңдататын мәселе қандай – өзін-өзі емдеу ме, антибиотиктерді бақылаусыз қол­дану ма, әлде құлаққапты шамадан тыс пайдалану  ма? Неліктен?

– Өзін-өзі емдеу мен антибиотиктерді бақылаусыз қолдану мәселесін ерекше атар едім. Адам кейде аурудың себебін анықтамай, бұрын көмектескен дәрісін қайта қабылдайды немесе біреудің кеңесіне сүйенеді. Ал антибиотик кез келген құлақ ауырғанда қажет бола бермейді. Оны тағайындау туралы шешім диагнозға, адамның жасына және аурудың ауыр­лығына қарай қабылданады. Антибио­тикті орынсыз қолдану жанама әсерлерге және бактериялардың дәріге төзімділігінің қалыптасуына ықпал етеді. Дәрігер тағайындаған емнің мөлшері мен ұзақтығын да өз бетінше  өзгертуге  болмайды.

Құлаққаптағы қатты дыбыстың қаупін де төмен бағаламау керек. Оның әсерінен болған тұрақты зақымды кейін дәрімен немесе құрылғымен толық жойып жіберу мүмкін емес. Есту аппарат­тары көмектескенімен, зақымданған жасу­шаларды қайта өсірмейді. Сондықтан оқырманға айтарым, құлақ күтімін ауырған күннен бастамаңыз. Дыбысты бәсең тыңдау, құлақтың ішін шұқыламау және естудегі өзге­рісті дер кезінде тексерту күнделікті дағдыға  айналсын.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Перизат ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: