Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғибраты мол қиссалар

27.08.2026, 6:40 51

«БӘРІ  ОСЫ  ҒАНА  МА  ЕДІ?»

Бірде халифа Һарун Рашид мешіт жама­ғатына дастарқан жайып, ас бермек болады. Ол сол заманның тақуа, дана кісілерінің бірі саналатын  Бехлүлге  бір  тапсырма  береді.

– Намаздан кейін мешітте намаз оқығандарды  дастарқанға  шақыр, — деді.

Ақшам  намазы  біткен  соң  Бехлүл мешіттің шыға  берісіне тұрып алды. Сыртқа шық­қан әр  адамнан  бір  ғана сұрақ  сұрады.

– Имам  намазда  не  оқыды? — деді ол.

Көпшілік имамның намазда қай сүре не аят оқығанын есіне түсіре алмады. Жамағаттың арасынан санаулы адам ғана жауап берді. Бехлүл халифаның шақыруын соларға ғана айтып, сарайға  ертіп  барды.

Һарун Рашид келген адамның аздығына  таңырқап  қалып.

– Бүгін мешітте намаз оқығандар осы ғана ма? — деп сұрады.

Бехлүл оның сұрағына байыппен жауап  берді.

– Иә, сұлтаным. Сіз маған намаз оқығандарды  шақыр  дедіңіз. Мешіттен  шыққан сәтте имамның не оқығанын да есіне түсіре алма­ғандар көп болды. Ал мына кісілер намазда ойы мен көңілін жинап тұрған екен. Сондықтан мен «шын ықыласпен намаз оқығандар осылар шығар» деп, осы адамдарды ертіп келдім, — деді.

ЖАСЫЛ  КИІМ

Бір күні жолда келе жатып бір танысымды кездестірдім. Дәл сол сәтте жұма намазына азан  айтылып  жатты.

– Кел, мешітке бірге барайық. Бүгін  жұма  ғой, — дедім.

– Сен менің мешітке бармайтынымды  білесің  ғой, — деді  ол.

– Білем. Бірақ соның себебін шынымен білгім  келеді, — дедім.

– Өзім де білмеймін, бір барғым келмейді. Оның  үстіне  намазға барып тізерлеп отырсам, шалбарымның үтігі бұзылып, тізесі шығып кетеді  ғой, — деді ол.

Мұндай жауапты күтпеген мен еріксіз  күліп  жібердім.

– Қалжыңдап тұрған шығарсың. Шалбардың үтігі үшін жұма намазын тастап  қоюға  бола  ма? — дедім.

– Жоқ, шындап айтып тұрмын. Менің киімге, әсіресе жасыл түске қатты әуес екенімді  білесің  ғой, — деді.

Расымен, ол киімге ерекше ұқыпты еді. Үстіне  кигенінің  бәрін таза әрі тап-тұйнақтай ұстайтын. Жасыл түсті айрықша жақсы көре­тін. Киім таңдаса, міндетті түрде жасылдың бір  реңіне  қарайтын.

– Жарайды. Сонда  өміріңде  мешітке  мүлде  барып  көрмедің  бе? — деп  сұрадым.

– Бала күнімде атаммен бірге бірнеше рет барғанмын. Ол кезде киімімнің тізесі шығып қалады деп ойламаған шығармын. Ал қазір барғым  келмейді, — деді.

Оның мұндай жауапты шын айтып тұр­ғанына  таңғалдым.  Әңгімені әрі қарай соз­ғым келмеді. Қол алысып, әрқайсысымыз өз жөнімізге  кеттік.

Содан екі ай өткенде оның мешітте екені туралы хабар естідім. Таңғалып, дереу мешітке  бардым. Ауланың  алдыңғы жағына жа­қын­дағанымда  тағы  да  жасыл  түс көзге түсті.

Ақырын жанына барып, дауысымды  бә­сеңдетіп  сөйледім:

– Мешітке келмеймін деуші едің ғой… — дедім.

Әрине, ол жауап бере алмады. Өйткені бұл жолы мешітке өз аяғымен келмеген еді. Ол жаназа оқылатын тұғырдың үстіндегі жасыл матамен  жабылған  табытта  жатты.

Қиямет күні. Ұшы-қиыры көрінбейтін махшар  алаңы. Көз жеткен жердің бәрі адам.

Бірі не істерін білмей айналасына қарайды. Бірі алаңдап ары-бері жүр. Енді бірі тізерлеп отырып, басын қос қолдап ұстаған күйі кезегін күтеді. Солардың арасында бір адам да бар. Жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдейді, маңдайынан суық тер шығады. Дүниеде жүргенде қиямет, есеп, амал таразысы жайлы талай естіген. Бірақ махшардағы күту мен үрей дәл  осындай  боларын  ойламаған.

Жұрттың бәрі есепке шақырылар кезегін күтіп тұр. Бір уақытта оның да есімі аталды. Ол  селк  етіп, оңға-солға  қарады.

– Мені  шақырдыңдар  ма? — деді ерні  дірілдеп.

Қалың жұрт екіге айырылып, алдынан жол ашылды. Екі періште оны қолтығынан ұстап, адамдардың арасымен алып жүрді. Ақыры есеп беретін орынға жеткізді де, кейін шегінді.

Басы салбырап кетті. Көз алдынан бүкіл ғұмыры өтіп бара жатқандай. Бір сәт өз-өзіне сыбырлады.

– Шүкір… — деді.

Ойы өткен өміріне ауысты. «Мен дінін берік ұстаған отбасында өстім. Әкем құлшы­лығына ұқыпты еді, діни әңгімеден қалмайтын, дүние­сін де ізгілік жолына жұмсайтын. Анам да сондай болатын. Мен де солардан көргенімді істедім. Адамдарға көмектесуге тырыстым, Алланы танытуға қызмет еттім. Намазымды оқыдым, оразамды ұстадым. Парыз­дарымды орындап, харамнан  аулақ жүруге  тырыстым»  деп  ойлады.

Көз  жасын тыя алмай, енді өз амалын тара­зылай бастады. «Раббымды сүйемін. Кем дегенде  жүрегімде  солай  сезінемін. Бірақ қанша құлшылық жасасам да, соның бәрі жұмақ­ты  өз күшіммен алуға жететіндей көрінбейді. Менің үмітім Алланың кешірімі мен  рақымында»   деді  ішінен.

Есеп  ұзаққа  созылғандай көрінді. Маң­дайынан тер сорғалап, тұла бойы дірілдей бастады. Көзі амал таразысынан айырылмайды. Ақыры есеп аяқталды. Оны қайтадан жұрттың арасына апарып қойды. Біраздан соң періш­телер үкімдерді жариялай бастады. Көп ұзамай оның есімі аталды. Аяғы әлсіреп, құлай жаздады. Көзін жұма салып, қандай үкім  шығарын  күтті.

Махшардағы қалың жұрт арасынан гуіл естілді. Ол естігеніне сенбеді. Өз есімі тозаққа баратындардың қатарында аталған еді. Тізесі бүгіліп, жерге отыра  кетті. Не айтарын білмей,  мелшиіп  қалды.

– Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес! — деп  айғайл­ады.

Ол орнынан атып тұрып, жан-жағына  жалтақтады.

– Мен қалай тозаққа барамын? Ғұмырым бойы Алла жолында жүрген адамдармен бірге болдым. Қолымнан келгенше жақсылыққа қызмет еттім. Адамдарға Раббымды танытуға тырыстым  ғой! — деп  жалынды.

Көз жасы көл болып, тұла бойы қалтырады. Бірақ екі періште оны қайта қолтықтап, қалың жұрттың арасынан алып шықты. Алда жалыны  көкке  шапшыған  тозақ  көрінді.

Ол бұлқынып, жан-жағына қарады. «Құтылудың бір жолы жоқ па? Маған араша болатын бір амал табылмай ма?» деген ой мазасын алды. Аузынан жалбарыныш сөздер үзік-үзік  шықты.

– Ұстаған оразам… Оқыған Құраным… Намаздарым… Осылардың ешқайсысы маған медет  болмай  ма? — деді.

Дауысы қарлығып, қайта-қайта жалынды. Тозақтың жалыны барған сайын жақындай түсті. Артына тағы бір қарады. Бұл оның соңғы  үміті  секілді  еді.

Сол сәтте Расулұллаһтың намаз жайлы айтқан хадисі есіне түсті. «Біреуіңнің есігінің алдынан өзен ағып жатса, ол сол өзенге күніне бес рет жуынатын болса, денесінде кір қала ма?» деген мағынадағы сөз еді. Бес уақыт намаздың адамның күнәсін жуып-шаюы осыған ұқсатылған.

Сонда  оның  ішінен «Намаздарым да маған  көмектеспей  ме?» деген ой өтті.

– Намаздарым… — деп тағы өксіді.

Періштелер оны жетектеп жүре берді. Ақыры тозақтың шетіне келді. Алапат жалынның ыстығы бетін шарпып өтті. Ол соңғы рет артына қарады. Көз жасын төгерге де дәрмені қалмаған. Үміті үзілгендей басын салбыратып,  бүгіліп  тұрды.

Кенет қолтығынан ұстап тұрған қолдар боса­ды. Бірі оны алға итергенде, денесі төмен қарай құлдилап кетті. Бірнеше метр түскенде әлдебір қол білегінен шап беріп ұстай алды. Ол басын көтеріп қараса, жоғарыда аппақ сақалды қария тұр екен. Қария оны тартып шығарып алды. Әлгі адам есін әрең жинап, үсті-басының шаңын қағып, құтқарушысына қарап:

– Сіз  кімсіз? — деді  таңырқап.

– Мен сенің намаздарыңмын, — деді қария.

– Неге сонша кешіктіңіз? Аз-ақ қалды ғой. Неге дәл соңғы сәтте келдіңіз? — деп сұрады ол.

Қария  ащы  жымиып,  басын  шайқап:

– Өзің де мені үнемі соңғы сәтке қалдыратын  едің  ғой. Есіңде ме? — деді.

Осы сөзден селк етіп көзін ашса, өз төсегінде жатыр. Үсті-басы малмандай тер. Біразға дейін түс пен өңнің арасын ажырата алмай, үнсіз  жатты. Сосын  терең  дем  алып:

– Аллаға шүкір, түс екен ғой, — деді  жеңіл  күрсініп.

Дәл сол кезде сырттан құптан азаны естілді.  Әдетте  намазды соңғы уақытқа дейін созып жүретін ол бұл жолы орнынан оқтай атылып тұрды  да,  дәрет  алуға  асықты.

Түрік  тіліндегі  түпнұсқадан  тәржімалаған

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

(Соңы. Басы  өткен  санда)

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: