Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Пандемия балалары» мектепке барады

27.08.2026, 6:20 73

Қазіргі уақытта Қазақстандағы 8 мыңнан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданбақ. Ал 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу  жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп  бітірген  еді.

Шыны керек, 2021 жылы Қазақстанда демог­рафиялық дүмпу тіркеліп, 1987 жылдан бергі рекорд­тық  көрсеткішті  бұзған еді. Бұл туралы бізге демограф Шынар Төлешова айтып берді.

Осылайша, «Пандемия балалары» бүгінде мектеп жасына таяп қалды. Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл жағдай білім саласына айтарлықтай салмақ түсіреді. Әсіресе, инфрақұрылым жайы алдыңғы  орынға  шығады.

– 2026-27 жылдары мектепке баратын балаларды демографтар «пандемия балалары» деп атайды. Себебі, 2020-2021 жылдары Қазақстанда туу көрсеткіші тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейлердің біріне жетті. Әсіресе, 2021 жыл  рекордтық  жыл  ретінде  есте  қалды.

Әлемнің көптеген елінде коронавирус пан­демиясы кезінде бала туу азайғанымен, Қазақ­станда керісінше өсім байқалды. Сарапшылар мұны 2 негізгі фактормен байланыстырады. Біріншісі – карантин кезеңінде отбасылардың үйде көбірек уақыт өткізуі. Екіншісі – 2020 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақының енгізілуі. Сол кезеңде төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тұрақты төлемдер қарастырылды. Демографтардың пікі­рінше, бұл да туу көрсеткішінің артуына белгілі бір  деңгейде  ықпал  етті, — дейді Шынар  Төлешова.

Десе де, сол уақытта нақты себептерді анық­тайтын арнайы әлеуметтік зерттеулер жүргізілме­ген. Сондықтан, пандемия жылдарындағы бала туу өсіміне әсер еткен факторлардың үлесі туралы нақты қорытынды жасау қиынға  соғып  отыр.

– Қазір сол жылдары дүниеге келген балалар мектеп жасына жетті. 2020 жылы туғандар биыл бірінші сыныпқа барса, 2021 жылғы балалар келе­сі жылы мектеп табалдырығын аттайды. Соның салдарынан алдағы бірнеше жылда бірінші сынып  оқушыларының  саны  айтарлықтай  артады.

Бұл жағдай ең алдымен білім беру инфра­құрылымына қосымша жүктеме түсіреді. Әсіресе, мектептердегі орын тапшылығы мәселесі өзекті болмақ. Мұндай қиындықтар көбіне халық көп шоғырланған  Алматы мен Астана сияқ­ты  мегаполистерде  байқалады.

Мысалы, соңғы жылдары Астанадағы бір­қатар мектепте бірінші сыныпқа қабылдау кезінде орын жетіспеушілігіне байланысты дау-­дамайлар туындады. Кейбір мектепте сынып­тағы бала саны шектелгендіктен, ата-аналар тұрғылықты жеріне жақын мектепке балаларын орналастыра  алмай  қалды.

Мемлекеттік мектептер барлық тіркелген оқу­шыны қабылдауға міндетті болғандықтан, кей жағдайда сыныптардағы бала саны 30-35 оқушыға дейін жетеді. Ал бұл білім сапасына әсер етпей қоймайды. Әсіресе, бастауыш сыныптарда әр бала­ға жеке көңіл бөлу маңызды болғандықтан, сыныптағы  оқушы санының шамадан тыс көп болуы оқыту тиімділігін төмендетуі мүмкін, — деп қауіптенеді  кейіпкеріміз.

Сол себепті, жаңа тұрғын аудандар салынған кезде  мектеп  инфрақұрылымын қатар дамыту керек. Бұл мәселе күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Демографиялық үрдістерді, туу көрсеткішін және көші-қон қозғалысын ескере отырып жоспарлау білім беру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің  негізгі  шарты  болып  қала  береді.

– Қазақстанда урбандалу үдерісі күшейіп келе­ді. Ауылдан қалаға, өңірлерден Астана мен Алматыға көшетін жастар саны артуда. Бұл құбылыс халықтың өмір салтына ғана емес, демографиялық көрсеткіштерге  де  әсер  етеді.

Қалаға келген жастар алдымен білім алып, жұмыс­қа орналасуға, баспана мәселесін шешуге ұмтылады. Соның нәтижесінде неке жасы ұл­ғайып, отбасы  құру кейінге шегеріледі. Кей жағдайда материал­дық  қиындықтар ажырасуға неме­се  бала  санын   шектеуге  де  әсер  етеді.

Әйелдердің білім деңгейінің  өсуі, қаржылық тәуел­сіздігінің  артуы  және  өмір сапасына қойы­латын талаптардың  күшеюі  де  осы үрдістерді жедел­детіп отыр. Мұндай құбылыстар Қазақстанға ғана тән емес. Еуропа елдері мен Шығыс Азия мем­лекеттері  бұл  кезеңнен  әлдеқашан  өткен.

Қазір Қазақстандағы туу деңгейі әлі де салыс­тырмалы түрде жоғары. Алайда урбандалу, өмір сүру салтының өзгеруі және әлеуметтік-экономикалық факторлар ұзақмерзімді перспективада туу көрсеткішінің төмендеуіне алып келуі мүмкін, — деп  ашығын  айтты  Шынар Төлешова.

Жалпы алғанда, демографиялық үрдістерді тек халық санының өсуі немесе азаюы тұрғысынан емес, тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік  инфрақұрылыммен бірге қарастыру қажет. Демограф осыны айтады. Өйткені, халық санының  өзгеруі  қоғамның  барлық  саласына  тіке­лей  әсер етеді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: