12 тамызда түс ауа әріптестерімізбен бірге Жаңақорған ауданына қарай жолға шықтық. Бағытымыз – «СКЗ-U» серіктестігінің күкірт қышқылын өндіретін зауыты. Сыр бойындағы стратегиялық өндірістің тынысын өз көзімізбен көруге мүмкіндік берген бұл сапарды «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырды. Қала тіршілігі бірте-бірте алыстап, көлік терезесінен Сырдың сарғыш даласы созылып жатты. Аспан ашық. Тамыздың аптабы басылар түр танытпайды. Бір кезде тілшілердің әңгімесі қызса, енді бірде жол бойындағы көрініске үнсіз көз тігеміз. Жолдың да өз мінезі бар. Кейде адамды әңгімеге тартады, кейде ішкі ойыңмен оңаша қалдырады.
Үш сағат шамасында өндіріс орнының вахталық қалашығына жеттік. Күн еңкейіп қалған. Қаладағы көлік дауысы мен қарбаластың орнын мұнда зауыттың бірқалыпты тіршілігі басқан. Кіреберістен-ақ әр істің белгілі тәртіпке бағынатыны байқалады. Кімнің қайда баратыны, қай уақытта ауысымға шығатыны, қай жерде демалатыны алдын ала реттелген. Өйткені мұндағы ұқыптылық бір күндік жұмыс кестесіне емес, адам қауіпсіздігіне қызмет етеді.
Вахталық қалашық сырт көзге шағын елді мекенге ұқсайды. Жұмысшылар бірнеше күн бойы осында тұрып, еңбек етеді, тынығады. Жататын бөлме, асхана, спорт залы мен демалыс орындары қарастырылған. Кешкілік қалашықтың тіршілігімен таныстық. Күндіз өндірістің қазанында қайнаған азаматтар жұмыстан соң бой жазып, өзара әңгімелеседі. Қарапайым көрінетін осындай сәттердің өзі алыс өндіріс орнында еңбек ететін адам үшін қымбат. Бірі үйдегі бала-шағасымен телефон арқылы тілдессе, енді бірі ертеңгі ауысымға дайындалады. Даланың қоңыр кеші қалашық үстіне баяу қона бастады.
Ертеңіне зауытты аралайтын уақыт та жетті. Алайда мұнда өндіріс аумағына кіру қақпадан емес, қауіпсіздік тәртібінен басталады екен. Алдымен мамандар кіріспе нұсқама өткізіп, қай жерде қалай жүру керегін, қандай белгіге назар аудару қажеттігін, төтенше жағдай кезінде не істеу керегін тәптіштеп түсіндірді. Топтан бөлінуге, белгіленген жолақтан шығуға, қорғаныш құралдарын шешуге болмайды. Әр ереженің артында адам өмірі тұрғанын сол сәтте анық сезіндік.

Артынша бізге арнайы жұмыс киімі берілді. Үстімізге қызыл-көк түсті қорғаныш киімін киіп, басымызға каска, бетімізге маска мен қорғаныш қалқанын тақтық. Қолға ақ қолғап берілді. Кәдімгі тілшіден бір сәтте өндіріс маманына ұқсап шыға келдік. Алғашында бір-бірімізге қарап күліп алғанымызбен, зауыт аумағына жақындаған сайын әзіл саябырлады. Касканың дұрыс бекітілуі, масканың бетке нық орналасуы, қолғаптың шешілмеуі ұсақ-түйек шаруа саналмайды. Қауіпсіздік осы қарапайым әрекеттерден құралады.
Зауыт ауласына енгенде алыстан көзімізге сап-сары үйінді түсті. Үсті жабық алып қойманың ішінде жатқан түйіршікті күкірт шағын жота секілді созылып жатыр. Күн сәулесі түскен тұсы тіпті алтын түстес болып көрінеді. Сырттан қараған адам оны дайын өнім деп ойлауы мүмкін. Негізінде зауыттағы ұзақ өндіріс осы түйіршікті күкірттен басталады. Шикізат Теңіз кен орнынан жеткізіледі. Мұнай-газ саласынан шыққан күкірт осында өңделіп, кейін уран өндірісіне қажет маңызды өнімге айналады. Бір-бірінен шалғай көрінетін үш саланың байланысы осы жерде тоғысып жатыр.

Зауыттың дәл осы маңнан орын тебуі де кездейсоқ таңдау болмаған. Өндіріс орны Жаңақорған кентінен 17 шақырым жерде орналасқан. Оған «Хорасан-1» және «Хорасан-2» ірі уран кеніштерінің жақын жатуы себеп. Зауыттың бой көтеруіне Қазақстан, Жапония және Британдық Виргин аралдарында тіркелген компаниялар атсалысқан. Инжиниринг пен негізгі жабдықтарды итальяндық BALLESTRA компаниясы жеткізсе, энергетикалық кешенге Франциядағы General Electric компаниясы шығарған бу турбогенераторы, Termodyn турбинасы мен Brush генераторы орнатылған. Ал күкірт қышқылы MECS (Monsanto) лицензиясына негізделген қосарлы конверсия және қосарлы абсорбция технологиясымен өндіріледі. Сыр даласының төсінде бірнеше мемлекеттің инженерлік тәжірибесі осылай тоғысқан. Еуропалық жабдықтар мен халықаралық лицензиялық технология өндірістің тиімділігін арттырып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және шығарындыларды барынша азайтуға бағытталған.
Мамандардың түсіндіруін қарапайым тілге салсақ, түйіршікті күкірт алдымен балқытылады. Кейін арнайы пеште жағылады. Одан бөлінген газ бірнеше технология кезеңінен өтіп, қажетті құрамға жеткізіледі. Соңында күкірт қышқылы алынады. Әр кезең температурасы, қысымы мен жұмыс тәртібі үздіксіз бақылауда тұрады. Бір жердегі аз ғана өзгеріс бүкіл үдеріске әсер етуі мүмкін. Сол себепті өндірістегі әр тетік пен әр көрсеткіш мамандар назарынан тыс қалмайды.

Осы кезде көпшіліктің көкейінде «күкірт қышқылы уран өндірісіне не үшін қажет?» деген сұрақ туары анық. Қазақстандағы уран кеніштерінің басым бөлігінде жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру тәсілі қолданылады. Жер беті ашылып, үлкен карьер қазылмайды. Кен жатқан қабатқа арнайы ұңғымалар арқылы ерітінді жіберіледі. Күкірт қышқылы кен құрамындағы уранды ерітіндіге өткізуге көмектеседі. Кейін ураны бар ерітінді екінші ұңғымалармен жер бетіне шығарылып, әрі қарай өңдеуге жөнелтіледі. «СКЗ-U» зауытының өнімі «Хорасан-1» және «Хорасан-2» кеніштеріндегі осы технологиялық үдерістің тұрақты жүруіне қажет.
Зауыт 2013 жылдан бері өнеркәсіптік өнім шығарып келеді. Жобалық қуаты жылына 500 мың тонна күкірт қышқылына жетеді. Тәулігіне 1500 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Сандарды сырттай оқығанда оның салмағын бірден сезіне қоймайсың. Ал алып жабдықтардың ортасында тұрып, өндірістің толассыз жүріп жатқанын көргенде, әр тоннаның артында қаншама адамның еңбегі, білімі мен жауапкершілігі жатқанын түсінесің.
Күкірт қышқылын өндіру кезінде мол жылу бөлінеді. Мұнда сол жылуды босқа жібермей, бу мен электр энергиясын алуға пайдаланады. Өндіріс бір өнім шығарып қана қоймай, өзінен бөлінген қуатты қайта іске жаратады. Шикізаттың дайын өнімге айналу көрсеткіші 99,7 пайызға дейін жетеді. Қарапайым түсінікпен айтқанда, зауытқа келген күкірт барынша толық өңделеді. Ысырап азайып, энергия үнемделеді. Оны өндіріс орнының зауыт директоры да растады.
– Зауытқа қажетті түйіршікті күкірт Атырау өңірінен теміржол вагондарымен жеткізіледі. Оны алдымен 135 градус температурада балқытып, арнайы пеште жағамыз. Пештегі температура 1000 градусқа дейін көтеріледі. Одан кейін газ қазандық-утилизатор арқылы 400 градусқа дейін салқындатылып, ванадий катализаторының көмегімен күкірт диоксидінен күкірт триоксидіне айналады. Соңғы кезеңде газ абсорбция бағандарынан өткізіліп, дайын күкірт қышқылы алынады. Өнім «Хорасан-1», «Хорасан-2» кеніштеріне және Шиелі өңіріндегі уран өндіруші кәсіпорындарға жөнелтіледі. Өндіріс кезінде бөлінетін жоғары қысымды буды турбина арқылы өткізіп, электр энергиясын да шығарамыз. Оның 5-6 мегаваты зауыттың өз қажеттілігін өтесе, сыртқы желіге 10-11 мегаватқа дейін электр қуатын бере аламыз, — деді Күкірт қышқылы зауытының директоры Сәбит Дауылбаев.
Өндірістің жүрегі саналатын орталық басқару бөлмесіне кіргенде мүлде басқа көрініске тап болдық. Қабырға бойына қатар-қатар үлкен мониторлар қойылған. Экрандарда сан алуан сызба, белгі мен көрсеткіш қозғалып тұр. Зауыт аумағындағы алып қондырғылардың жұмысы осы шағын бөлмеден бақыланады. Операторлар экраннан көз алмай, өндірістің әр кезеңін қадағалайды. Сырттағы темір құбырлар мен қондырғылар қан тамыры болса, осы басқару бөлмесі өндірістің миы секілді әсер қалдырды.
– Зертханада Атырау өңірінен жеткізілетін түйіршікті күкірттен бастап, зауыттан шығатын дайын күкірт қышқылына дейінгі өнімдердің сапасы толық тексеріледі. Дайын өнімнің құрамындағы моногидраттың концентрациясын, темір мөлшері мен күл қалдығын анықтаймыз. Ал түйіршікті күкірттің күлділігін, органикалық қоспалары мен қышқылдығын зерттейміз. Жеткізілген шикізаттың көрсеткіштерін сапа паспортындағы мәліметтермен салыстырып, белгіленген талаптарға сәйкестігін қараймыз. Зауыттағы технологиялық үдерістің тұрақты жүруі үшін газдың құрамы мен ылғалдылығына, контактілеу және абсорбция кезеңдеріндегі көрсеткіштерге де талдау жасалады. Сондай-ақ мұржадан шығатын газдың құрамын анықтаймыз. Өндірісте пайдаланылатын суды тексеріп, турбиналар мен басқа жабдықтарда шлам мен қақ жиналмауын бақылауға көмектесеміз. Зерттеу қорытындылары технологтарға беріледі. Зертханамыз 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық аккредиттеу орталығында аккредиттелген. Қазір мұнда 11 маман вахталық әдіспен еңбек етеді. Олар 14 күн жұмыс істеп, 14 күн демалады. Әрбір қызметкер техника және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтап, өзінің лауазымдық нұсқаулығында көрсетілген міндеттерді орындайды. Біздің басты міндетіміз – дайын өнімнің сапасын қамтамасыз етіп, барлық зерттеуді бекітілген стандарттарға сай жүргізу, — деді Күкірт қышқылы зауытының сынақ зертханасының басшысы Жадыра Сүлейменова.
Зауыттағы қауіпсіздік талаптары келушілерге арналған бір реттік нұсқамамен шектелмейді. Қызметкерлер әр ауысым алдында автоматтандырылған медициналық тексеруден өтеді. Жүйе адамның денсаулық жағдайын бағалап, жұмысқа жіберуге кедергі болатын белгі байқалса, оны дер кезінде анықтайды. Кәсіпорын қызметкерлерінің барлығы алғашқы көмек көрсетуге үйретілген. Олар автоматты сыртқы дефибрилляторды қолдану бойынша да тәжірибелік дайындықтан өткен. Қауіпті өндіріс орнында алғашқы минуттың бағасы өлшеусіз екенін мұндағы мамандар жақсы біледі.
2026 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша серіктестікте 276 адам еңбек етеді. Соның 259-ы күкірт қышқылы зауытында жұмыс істейді. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының өзге аудандарында тұрады. Демек, айдалада бой көтерген өндіріс орны өңір тұрғындары үшін тұрақты жұмыс пен кәсіп үйренетін үлкен мектепке айналған. Зауыт қабырғасында технологиямен бірге тұтас еңбек мәдениеті қалыптасып келеді.
– Серіктестік 2007 жылы құрылып, зауыт құрылысы 2010 жылы басталды. 2012 жылы алғашқы өнім алынса, келесі жылдан бастап кәсіпорын толық жұмысқа кірісті. Мұнда жылына 160 мың тоннаға дейін түйіршікті күкірт өңделеді. Зауыт жобалық межеден асып, 510-520 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндірген жылдар да болды. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Экологиялық қауіпсіздікке айрықша мән береміз. Тоқсан сайын тәуелсіз мамандар зауыт аумағы мен көршілес Кейден ауылындағы ауадан, судан және топырақтан сынама алады. Осы күнге дейін белгіленген нормадан асқан жағдай тіркелген жоқ. Бір жарым жыл бұрын кәсіпорынға автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылды. Ол шығарындыларды тәулік бойы онлайн режімде бақылап, мәліметтерді Экология департаменті мен тиісті комитетке тікелей жолдайды. Кәсіпорын өткен жылы «Парыз» байқауының облыстық және республикалық кезеңдерінде бірінші орын алды. Өңір тұрғындарын қолдау бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізіледі. Кейден ауылында жыл сайын 1200-ден астам көшет отырғызамыз. Ауыл балалары бұрын жағдайы нашар ғимаратта күреспен айналысатын. Тұрғындардың өтінішінен кейін заманауи спорт залын салып бердік. Ғимаратқа газ бен электр желісі тартылып, жаттықтырушылар бөлмесі, жуынатын орын мен басқа да қажетті жағдайлар жасалды, — деді «СКЗ-U» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Даирбек Әбдешев.
Сапар соңында кәсіпорын мамандарымен тілдесіп, көкейдегі сауалдарымызды қойып, жауап алдық. Қолымыздағы микрофон мен камера өндірістің көзге көріне бермейтін қырларын оқырманға жеткізуге қызмет етті. Қанша анықтаманы оқып, қанша санды зерделесең де, көзбен көргеннің орны бөлек. Түйіршікті күкірттің қалай балқытылатынын, одан бөлінген жылудың қалай қуатқа айналатынын, бүкіл зауыттың бірнеше монитор арқылы қалай басқарылатынын өндіріс басында тұрып ұғыну әлдеқайда жеңіл.
Түстен кейін арнайы киімдерімізді тапсырып, Қызылордаға қарай қайта жолға шықтық. Терезе сыртында тағы да ұшы-қиыры көрінбейтін сары дала қалды. Кеше осы жолмен келе жатқанда алда қандай өндіріс күтіп тұрғанын ойласақ, кері қайтарда бір түйір күкірттің қаншама кезеңнен өтіп, ел экономикасына қажет өнімге айналатынын таразылап отырдық.
Дала сырт көзге тым-тырыс жатқандай көрінеді. Алайда сол тыныштықтың қойнауында тәулік бойы тоқтамайтын өндіріс бар. Бір жерде жұмысшы ауысымға кіріп барады. Бір жерде оператор монитордағы көрсеткішті бақылап отыр. Тағы бір тұста сарғыш күкірт балқып, уран өндірісіне қажет қышқылға айналуда. Осындайда қазақтың «көз – қорқақ, қол – батыр» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Алып өндірісті алға сүйреп тұрған да – көзге көп түсе бермейтін қарапайым еңбек адамдары.
Жаңақорғанға жасаған жолсапарымыздан түйгеніміз – осы. Үлкен өндірістің табалдырығы тәртіптен басталады. Қуаты технологиямен өлшенсе, берекесі адам еңбегімен бағаланады.
Ердәулет ҚАЛИЕВ,
Қызылорда – Жаңақорған – Қызылорда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!