Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ тілін үйрететін 242 млн теңгелік ойын тексеріліп жатыр

19.08.2026, 11:10 50

Қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider компьютерлік ойынын әзірлеуге жұмсалған 241,8 млн теңгенің қалай игерілгенін құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жобаға қатысты материалдарды ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті зерделеп жатыр.

Steppe Rider ойыны Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен 2025 жылы жасалған. «Ақ Жайық» басылымының мемлекеттік сатып алу деректеріне сүйеніп жазуынша, жобаның ҚҚС-сыз құны 241,8 млн теңге болған. Мемлекеттік тапсырысты United Kingdom ЖШС орындаған.

Ойын 6–25 жас аралығындағы пайдаланушыларға қазақ тілін А1 және А2 деңгейінде үйретуге арналған. Ойыншы қар барысымен бірге қазақ даласын аралап, әріптер мен сөздерді жинайды, тілдік тапсырмалар мен викториналардан өтеді. Министрлік бұған дейін жобаны әзірлеуге бағдарламашылар, дизайнерлер, тестілеушілер мен педагог-әдіскерлерден құралған жиырмадан астам маман қатысқанын хабарлаған.

Алайда ойын жарыққа шыққаннан кейін оның құны мен сапасына қатысты сын көбейді. Мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасында оқиғасы желіге құрылған RPG және қадамдық стратегия, тапсырмалар, кейіпкерлер диалогі, бірнеше тарихи-мәдени мекен мен жарыс режимдері қарастырылған. Дайын өнімде күрделі ойын желісінің орнына кейіпкер кедергілерден өтіп, әріп жинайтын қарапайым раннер ұсынылған.

Steppe Rider 2025 жылғы желтоқсанда Steam платформасында тегін жарияланды. Компьютерлік нұсқаның ашық статистикасында бір мезетте ойынға кірген пайдаланушылар саны бес адамнан аспаған. Қазір ойынға берілген пікірлердің басым бөлігі теріс бағаланған.

Министрлік бұған дейін 241,8 млн теңгеге ойынның графикасы, бағдарламалық бөлігі, мобильді нұсқасы, әртүрлі құрылғыларға бейімдеу, сынақтан өткізу және кейінгі техникалық қолдау жұмыстары кіретінін түсіндірген еді.

Құқық қорғау органдары енді бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын, орындалған жұмыстың техникалық талаптарға сәйкестігін және мемлекеттік тапсырыстың қабылдану тәртібін тексермек. Әзірге тексерудің қорытындысы жарияланған жоқ. Оның басталуы әзірлеуші компанияның заң бұзғаны дәлелденді дегенді білдірмейді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: