Бүгін, 18 тамызда Қазақстанда Шекарашылар күні аталып өтіп жатыр. Ел тыныштығы көп жағдайда көзге көрінбейтін осы қызметтен басталады. Шекарашылар тәулік бойы мемлекеттік шекараны бақылап, заңсыз өтуге, қару-жарақ, есірткі мен контрабандалық тауар тасымалына тосқауыл қояды.
Мерекенің 18 тамызға белгіленуінің өзіндік себебі бар. 1992 жылы дәл осы күні Президент Жарлығымен Шығыс шекара округінің негізінде Қазақстан Республикасының Шекара әскері құрылды. 2012 жылы атаулы күн кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Биыл Қазақстан Шекара қызметінің құрылғанына 34 жыл толып отыр.
Қазақстан Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Құрлықтағы мемлекеттік шекараның ұзындығы 13 402 шақырымды, су шекарасы 1730 шақырымды құрайды. Шекарашылар осынау кең аумақтың тауында, даласы мен шөлінде, су айдындары мен өткізу бекеттерінде қызмет атқарады.
Олар өткізу бекеттеріндегі тәртіпті бақылайды, заңсыз көші-қонның, адам және қару саудасының, есірткі мен контрабанданың жолын кеседі. Жаздың аптабында да, қыстың аязында да шекарадағы қызмет бір сәтке тоқтамайды.
18 тамыз ел шебінде күн-түн демей қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілер мен шекара ардагерлеріне құрмет көрсетілетін күн.
Фото: Казинформ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!