Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастармен еркін форматтағы кездесу

12.08.2026, 16:15 67

HALYQLINE.KZ

Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев атындағы саябақта 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Шиелі ауданы әкімі Айтбай Жандарбековтың жастармен еркін форматтағы кездесуі өтті, деп жазады баспасөз қызметі.

Кездесу барысында аудан әкімі жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың білім, еңбек, кәсіпкерлік, мәдениет және спорт бағыттарындағы белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

— Бүгінгі кездесуді біржақты есеп беру емес, ашық пікір алмасу алаңы ретінде өткізуді жөн көріп отырмыз. Жастардың әрбір ұсынысы біз үшін маңызды. Себебі жастар – ауданымыздың бүгінгі белсенді күші ғана емес, елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын азаматтар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға үнемі үлкен сенім артып келеді. Осы сенімді ақтау үшін жастардың білім алуына, еңбек етуіне, кәсіп бастауына және өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Қазіргі уақытта ауданымызда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,20 пайызды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай күшейтіп, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға басымдық береміз.

2026 жылдың 7 айында аудан көлемінде жастардың қатысуымен 75 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 856 жас қамтылды. Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығына 119 жас жүгініп, оларға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және басқа да бағыттар бойынша кеңес берілді.

Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп бекер айтқан жоқ. Бүгінгі Шиелі жастары да осы сенімді ақтап, білімде, еңбекте, өнерде және спортта биік белестерді бағындыратынына сенемін. Армандарыңыз асқақ, қадамдарыңыз нық болсын! Жастар күні құтты болсын!», — деді аудан әкімі.

Еркін форматтағы кездесу барысында жастар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, аудан басшысына бірқатар сауалын қойды. Өз кезегінде аудан әкімі көтерілген мәселелерді тыңдап, тиісті сала басшыларына ұсыныстарды зерделеп, мүмкіндігінше шешім қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, мерекелік іс-шара барысында жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы, білім, спорт, мәдениет және басқа да салалардағы жетістіктері атап өтіліп, бірқатар жас облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасары және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Шиелі ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы 27 545 жас бар. Бұл аудан халқының 31 пайызын құрайды. Яғни, ауданымыздағы әрбір үшінші тұрғын – жас.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: