Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қауіпсіз өмір сүру үшін, жолда сақ болу қажет!

12.08.2026, 9:00 65

Қызылорда облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте профилактикалық шаралармен қатар, заманауи бақылау құралдарын пайдалану, жол инфрақұрылымын жетілдіру және қауіпті учаскелердегі бақылауды күшейтуге басымдық берілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 11,7 пайызға, жарақат алғандар саны 17 пайызға төмендеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұркен Бақтияров баяндады.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін сақтау бағытында 10 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 10-12 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейту мақсатында облыс аумағында құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 218 құрылғы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заманауи бақылау мүмкіндіктері кеңейтілуде. Есепті кезеңде автоматтандырылған құрылғылар арқылы 90 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану фактілерінің алдын алу мақсатында Қызылорда қаласының негізгі көшелері мен қиылыстарына 25 «Sunqar» құрылғысы орнатылып, іске қосылды. Сондай-ақ Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жол учаскесіндегі 6 стационарлық бақылау аркасына орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғылар іске қосылды. Автожолдардағы өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылуда. Сонымен бірге жол инфрақұрылымын жетілдіру, мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, республикалық маңызы бар жолдарда бақылауды күшейту бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 32 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторлары қосымша кезекшілікке тартылған. Жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын учаскелерге талдау жасалып, ол аумақтарда полиция қызметкерлерінің тығыздығы арттырылуда. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету — тек полицияның міндеті емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жол ережесін сақтауы адам өмірін қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады, — деді Нұркен Прәліұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: