Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай жолы мәңгілік

10.08.2026, 16:40 56

HALYQLINE.KZ

Жаңақорған ауданындағы «Руханият» орталығында қазақтың ұлы ойшылы, ақыны, ағартушысы, философ-гуманисті, композиторы әрі көркем сөз шебері Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай жолы мәңгілік» атты рухани-танымдық іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Руханият кешіне аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, зиялы қауым өкілдері, шығармашылық сала мамандары, жастар және өнерсүйер қауым қатысты.

Іс-шара барысында орталықтың фойесінде аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Абай – руханияттың алтын қазығы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ақынның өмірі мен шығармашылығын, философиялық ой-толғамдарын қамтитын әдебиеттер қойылды.

Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығында жастар арасында Абай шығармашылығы мен өмір жолына арналған сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылып, қатысушылардың ақын мұрасын қаншалықты меңгергені сараланды.

Мәжіліс залында өткен өнер кешінде аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек жиналған қауымды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақынның мол мұрасын насихаттаудың, оның тағылымды ойларын жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Абай шығармашылығын дәріптеп, мәдени-рухани іс-шараларға белсенді атсалысып жүрген бірқатар шығармашылық өкіліне аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Кеш барысында «Қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» атты театрландырылған қойылым сахналанып, ақынның қара сөздерінен үзінділер оқылды. Сонымен қатар, Абайдың сырлы әндері орындалып, көрермендерге мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды.

Рухани кештің соңында көрермендер Абай мұрасына деген құрметін білдіріп, ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындап, тағылымды іс-шараны көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.

Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы. Ұлы ақынның ой-толғамдары мен өнегелі шығармаларын ұлықтау – ұлттық сананы жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына білімге, еңбекке, адамгершілікке деген құндылықтарды сіңірудің маңызды жолы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: