Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарыз құрсауындағы қауым құтқарушыға зәру

06.08.2026, 7:40 70

Қалтаңыздағы карта мен қолыңыздағы телефон арқылы қанша несие ресімделгенін еске түсіріп көріңіз, содан кейін мына санға қараңыз. Бірінші кредиттік бюроның есебінше, биылғы жылдың басында қазақстандықтардың қаржы ұйымдары алдындағы жиынтық берешегі 27,5 триллион теңгеге жетіпті. Ел ішінде 8 миллион 950 мың қарыз алушы бар, ал солардың атына ресімделген несие саны 39 миллион 400 мыңды құрайды. Екеуін салыстырсаңыз, бір адамға орта есеппен төрт жарым несиеден келеді. Яғни бір ғана адам бір мезгілде төрт-бес мекемеге төлем аударып отыр. Ең қиыны сол, екі және одан көп қарызы барлардың  үлесі  76  пайызға  көтерілген.

Биліктегілер мұны кеш те болса байқады. Ұлттық экономика минис­трінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин  үкіметтегі брифингте жағ­дайға  берген  бағасын  жасырмады.

– Орта есеппен бір қарыз алушының  мойнында 4,4 несие бар. Ал екі немесе  одан  да көп  несиесі бар борыш­керлердің үлесі 76 пайызға жеткен. Бұл – өте  күрделі  жағдай. Сондықтан нақты шаралар қабылдау қажет. Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының  бірі – халықтың борыш­тық жүктемесін азайту және қаржылық  сауаттылығын   арттыру, — деді  ол.

Осы сөздің ауылға қалай тиетінін бөлек айтқан жөн. Қалада қарызға белшесінен батқан адам банкпен де, коллектормен де, заңгермен де тіл табысуға талпынады, көмек сұрайтын есікті біледі. Ал ит арқасы қиянда отырған елді мекенде несие алудың бірден-бір жолы – телефон, ал одан құтылудың амалын түсіндіретін жан жоқтың қасы. Соңғы жылдары дәл сондай ауылдарға нотариаттың мөрі басылған хат жиілеп жетіп жүр, ондағы соманы көрген адамның төбе құйқасы  шымырлайды.

Микроқаржы мекемесінің ауылға енуі мүлде басқаша басталды. Бұрын ондай ұйымның есігін ашу үшін аудан орталығына бару, кезекке тұру, кепілзат көрсету, кепілгер табу керек болатын. Бүгінде оның бәрі алақандағы телефонға сыйып кетті. Өтінімді толтыруға бес минут жетеді,  ал жауабы бірнеше секундта келеді, ақша сол бойда картаға түседі. Ауылда бір мезгілде жұмыс та, банк те, кепіл­гер де табылмайтынын ескерсек, бұл жүйенің неге тез тамыр жайға­нын  ұғу  қиынға  түспейді.

Биылғы  жылдың  маусым  айын­дағы  жағдай  бойынша  елімізде     211 микроқаржы  ұйымы мен 205 кол­лек­торлық агенттік жұмыс істейді. Олардың ұсынатын өнімінің ішінде «жалақыға дейінгі» деп аталатыны бар, оны алушы келесі айдағы табысымен өтеуге үміт артады. Дәл сол өнім бойынша мөлшерлеме соңғы уақытқа дейін күніне 1 пайызды құрап  келді. Санап көріңіз, айына  30 пайыз,  жылына 300 пайыздан асады. Реттеуші оны биыл шектеді, енді күндік мөлшерлеме 0,3 пайыздан, жылдығы 179 пайыздан аспауы тиіс. Дегенмен, 179 пайыздың өзін жеңілдік  деп  атауға  тіл  бармайды.

Ауылдағы қарыздың мақсаты да қала тұрғынының қарызынан бөлек. Мұнда несие көбіне мал сатылғанға дейінгі аралықты жамау үшін, бала­ға мектеп жабдығын алу үшін, дәрі-­дәрмекке, тойға, жерлеу шығынына алынады. Кейде бір қарызды жабу үшін екінші қарыз рәсімделеді, оның үстіне үшіншісі қосылады. Осылай бір борыш екіншісін жетелеп, ақыры адам тығырыққа тіреледі. Бір адамға 4,4  несиеден келеді  деген орташа сан  осы  жерден  шығады.

Қарызын өтей алмай қалған адам сотқа тартылады деп ойлайды, ал іс жүзінде мүлде басқа тетік қосылады. Кредитор нотариусқа жүгініп, атқарушылық жазба ресімдейді. Ол қағаздың заңдағы күші сот шешімімен теңестірілген, демек сот орындаушысы соның негізінде банк шотын бұғаттауға, жалақыдан ұстауға, шетелге шығуды шектеуге құқылы. Заң бойынша берілген жазба үш жыл ішінде орындауға ұсынылуы мүмкін. Мұндай құжат бір ғана шартпен ресімделеді, талап даусыз болуы керек. Ал іс жүзінде дау көбіне сол сомаға байланыс­ты туады. Заң өзгерісін түсіндірген басылым­дар мынадай мысал келті­реді. Микроқа­ржы ұйымы 50 мың теңге беріп, түрлі үстеме мен айыппұлдың салдарынан қарыз 550 мың теңгеге дейін өссе, борышкер сол сомамен келісе ме, келіспей ме деген  сұрақ туады. Бұрын оның пікірін сұрайтын  адам  болмаған.

Кейбір қаржы ұйымы шартқа арнайы бап енгізіп, кез келген нотариусқа жүгінуге жол ашып қоятын. Сөйтіп Қызылорда облысында тұратын адамның қарызы жөніндегі жазба еліміздің басқа шетіндегі но­тариуста ресімделуі мүмкін еді. Ал борышкер ол туралы шоты бұғатталған  соң  ғана  хабардар  болатын.

Бұған дейін қызмет атқарған Заң шығарушы орган бұл олқылықты биыл түзетуге кірісті. Маусым айын­да қабылданған өзгеріске сәйкес, нотариус енді банктің, микроқаржы ұйымы­ның немесе коллекторлық агенттіктің талабы бойынша ат­қару­шылық жазба шығарар алдында борыш­кердің жазбаша келісімін алуға міндетті. Оның үстіне негізгі қарыз сомасының даусыз екенін де растауы тиіс. Егер тараптардың арасында дау туындаса, нотариус жазба шығарудан бас тартады, ал кредиторға сотқа жүгіну­ден  өзге  жол  қалмайды.

Екінші  өзгеріс аумақтық шектеуге қатысты. Бұдан былай атқарушы­лық жазба тек борышкердің тіркелген жері бойынша ресімделеді, ал мекенжай сәйкес келмесе, ақпараттық жүйе автоматты түрде бұғат қоя­ды. Үшіншіден, өндіріп алушының жеке сот орындаушысын өз қалауы­мен таңдау мүмкіндігі жойылады, істер автоматты түрде бөлінетін болады. Нотариустардың жауапкер­шілігі де қатаңдатылды, дербес деректерді қорғау талабын бұзу лицензияны тоқтата тұруға  негіз  болып  саналады.

Реттеуші тарапынан жүргізілген жұмыс та көрсеткішке шықты. Микро­қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерге 693 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Ең жиі кездескен бұзушылықтардың қатарында борыш жүктемесіне тиісті баға бермей несие беру, шекті мөлшерлемені асыра пайдалану, заңмен тыйым салынған жағдайда қарыз ресімдеу және кредиттік бюроға бұрмаланған  мәлімет  тапсыру  аталды.

Соттан тыс банкроттық рәсімі соңғы жылдары қолданылып келеді, ал оған берілген өтініш саны 416 мыңға жеткен. Биылғы қаңтарда шарты жеңілдетілді, бес жылдан астам мерзімі өткен берешегі бар және жиынтық қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын азамат­тар үшін қарау мерзімі алты айдан  бір  айға  қысқарды.

Дегенмен, көпшілік бір нәрсені түсінбейді. Банкроттық рәсімінен өткен адамның барлық міндеттемесі жойылып кетпейді, ал салдары жеңіл деуге келмейді. Мұндай азамат бес жыл бойы жаңа несие ала алмайды, мүлкіне қатысты шектеу қойылады, әрі бұл дерек кредиттік тарихында сақталады. Сондықтан оны құт­қарушы қалқан деп қараудың реті жоқ, ол ең соңғы амал ретінде қарас­тырылуы  тиіс.

Қарызды қайта құрылымдау жолы да бар әрі ол – әлдеқайда тиімді шешім. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша микро­қаржы ұйым­дары мен коллекторлар 33,9 мың қарыз алушының негізгі боры­шын, пайызын, айыппұлы мен өсімпұлын толық немесе жартылай есептен шығарған. Одан бөлек, 722 мың азаматтың берешегі қайта құрылымдалды. Демек, кредитормен тіл табысу мүмкіндігі шынымен бар, тек  ол  жағына  бет  бұратын  адам  аз.

Айтпақшы, соңғы жылдары адам ешқандай несие алмаса да, оның атына  қарыз ресімделіп жататын болды. Өткен жылы Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келген рес­ми тіркелген шығын 12,2 мил­лиард теңгеге жетті, ал мамандардың баға­лауынша, тіркелмей қалған схемалар­ды  қосқанда нақты сома 29-30 мил­лиард теңге аралығында болуы мүмкін. Реттеуші мұндай жағдайда несиені есептен шығаруды міндеттеді, өткен жылдың өзінде 2 мыңға жуық алаяқтық несие жо­йылды, олардың сомасы 1,9 мил­лиард теңгеге жуықтады. Оның үстіне тергеу жүріп жатқан кезеңде пайыз, айыппұл және өсімпұл есептеу тоқтатылады. Ал алдын алу мақсатында электрондық үкімет порталында «Стоп-кредит» деген қызмет іске қосылды, ол өз атына несие ресімдеуге ерікті түрде тыйым салуға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғынына осы қызметті қосып қою артық болмайды, себебі ол тегін әрі бірнеше минутты  ғана  алады.

Атқарушылық жазба келген адам­ға берілетін мерзім қысқа, борышкер оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде нотариусқа жазбаша қарсылық білдіруге құқылы. Қарсы­лықты жеке өзі апарып тапсыруға, хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберуге немесе нотариустың электрондық поштасына жолдауға болады. Ең бастысы, құжаттың көшірме­сіне кіріс белгісін қойдырып алған жөн. Қарсылық уақытында түссе, нотариус жазбаны кері қайтарып алуға міндетті, ал іс сот тәртібімен қаралады. Несие алар алдында да есептің жүйесі бар. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін шартқа қол қоймай тұрып сұрап алу керек, себе­бі күндік пайызбен көрсетілген сан көзге жеңіл көрінгенімен, жылдық есебі мүлде басқаша шығады. Айлық төлемнің отбасы табысына қатынасы да маңызды өлшем, ол елу пайыз­дан асып кетсе, шаңырақтың тынысы тарылады. Ал бір қарызды жабу үшін екінші несие ресімдеу деген амал ешқашан оң нәтиже бермеген, ол шелектегі суды сол шелекке қайта құйғанмен  бірдей.

Бәрін қойғанда, қарызға батқан ауыл тұрғыны үшін ең маңыздысы ақпараттың жетімсіздігі болып қалып отыр. Заң өзгерді, жаңа құқық берілді, тегін қызметтер қосылды, дегенмен олардың бәрі көбіне қала тұрғынының құлағына жетеді. Ал шеткері ауылда несие туралы мәліметті таратып жүрген жалғыз көз – телефондағы жарнама. Шалғайдағы ағайын осы жарнаманың зардабын шекпей, пайдасын көру үшін арнайы әрекет керек. Жұртшылыққа көзбе-көз түсіндіріп, жанашыр болғанда ғана нәтиже оңалып, басын тау мен тасқа ұрып жүргендер рақметін айтар еді. Еститін құлақ болса, дауасы – осы.

К.КҰРМЕТ

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: