Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қиялына қанат бітірген ісмер

06.08.2026, 6:40 62

Киім тігу немесе оны жамауды бастан өткеріп көрдіңіз бе? Ал, біз ауыл баласы болған соң бәрін көзбен де көрдік, қолмен де істедік. Естеріңізде болар, мектепте еңбек сабағында ұл балалар ағаш кесіп, қыз балалар тігін тігумен айналысады. Сол бағдар, сол тәрбие көбісінің өмірлік  ұстанымына  айналды.

Иә, тігіншілік табандылық пен ыждағаттылықты қажет етеді. Мәселен, сенің не нәрсе тігетініңе тікелей байланысты. Ол дүниенің матасы, жасалған жұмыстың сапасы бәрі-бәрі үлкен  жауапкершілікке үндейді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әселхан Тәжімбетова – тігіншілік өнерді өмірлік қағидасына айналдырған ісмер. Ол бала күнінен бойына дарыған  қасиет  екенін  айтады.

– Бала күнімнен қолөнерді жақсы көретінмін. Таңдаған маманды­ғым басқа болды. Жалпы, мемлекет­тік қызметте бір жыл ғана жұмыс істедім. Кейін отбасылы болған соң үйде отырып қолөнермен айналыса бастадым. Қандай тапсырыс түссе де, ешқайсысына «жоқ» демей, жасап жүрдім. Уақыт өте келе бұл ісім кәсіпке айналды. Қызымның туған күнін ерекше өткізгім келді. Сол кезде аниматор костюмін тігу сабағын онлайн көріп, үйреніп, өзім тігіп шықтым. Осылайша аниматор костюмдерін тігуді қолға алдым. Бір костюмді тігуге шамамен 2-3 күн кетеді. Ал жаңа кейіпкердің аниматор костюмін жасауға 4-5 күн уақыт жұмсалады. Өзім үшін ерекше болған костюм – аюдың бейнесі. Тұтынушыларыма да қатты ұнады. Қазір көбіне аю костюміне тапсырыс түседі, — дейді тігінші Әселхан Тәжімбетова.

Балалар мерекесінің сәнін кел­тіре­тін аниматорлардың көз тар­тар­лық костюмдерінің артында үлкен еңбек жатыр. Сол еңбектің иесі – тігінші екені осыдан-ақ белгілі бол­ғандай. Ол жай ғана киім тік­пейді, ертегі кейіпкерлерін өмірге әкеле­тін ерекше образдарды жасайды. Әр костюмнің өзіндік ерекшелігі бар. Кейіпкердің мінезіне, түсіне, пішініне сай мата таңдалып, әрбір бөлшегі мұқият дайындалады. Мұндай жұмыс тігін­шіден жоғары шеберлікті ғана емес, шығармашылық қиял­ды, ұқыптылық пен төзімділікті талап етеді.

– Матаның сапасы жақсы болғанын қалаймын. Созылмалы, түсі көзге жарқын көрінетін, денеге қо­лайлы маталарды таң­даймын. Көбіне жүн (мех), пүліш (плюш) және басқа да сапалы маталарды қолданамын. Кейіпкердің бейнесін жасағанда бет бөлшектерінің әдемі, күлімсіреп, адамды бірден өзіне тартып тұруына ерекше мән беремін. Тапсырыс беруші қалай қаласа, соған сай етіп тіге­мін. Қазіргі уақытта өзімнің авторлық аниматор костюмдерімді шығарып жатырмын. Алдағы уақытта осы бағытты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын, — дейді ол.

Бүгінде балалар арасында сұранысқа ие түрлі мультфильм кейіпкерлері, ханшайымдар, суперқаһармандар мен ұлттық нақыштағы бейнелердің костюмдері жиі тігіледі. Сапалы әрі ыңғайлы костюм аниматордың сахнада еркін қимылдауына мүмкіндік беріп, мереке әсерін арттыра  түседі.

Аниматорлардың жарқын бейне­сі мен балалардың шат күлкісіне себеп­кер болып жүрген осындай тігін­шілердің еңбегі ерекше құрмет­ке лайықты. Өйткені, олардың қолы­нан шыққан әрбір костюм – қуаныш  пен  мерекенің  бастауы.

– Гендер-патиге арналған Пупси костюмін тіккенде көз бөлігін жасау сәл қиын болды. Үйде отырып жұмыс істейтін болғандықтан, түскі уақытта баламды жайғастырып алып тігінге кірісемін. Жұмысымды аяқтайын деп қалғанда балам оянып кетеді. «Қазір бітіріп беремін» дегенмен, бәрібір үлгермей қалатын кездер болады. «Асыққан істен нәтиже шықпайды» дейді ғой. Сондықтан көбіне түнгі уақытта отырып тігемін. Жалпы, қандай хобби болса да, түнгі шабыттың орны ерекше. Қазіргі уақытта аю, қоян, Лабубу, Куроми, LOL және басқа да мультфильм кейіпкерлеріне сұраныс артып келеді. LOL – кішкентай қыздарға арналған мультфильмнің өте сүйкімді кейіпкерлері. Олар адамды бірден өзіне тартып тұрады, — деді тігінші маман тәжірибесімен бөлісіп.

Аниматор баланың сыртқы келбетін ғана емес, оның талғамы мен мәдениетін де танытады. Ал, сол киімге сән беріп, қарапайым матаны жадыратып, көз тартарлық сәнді бұйым­ға айналдыратын да – сол тігін­ші. Бұл мамандық асқан ұқыптылықты, төзімділік пен шығармашылықты талап етеді. Бүгінде ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестіріп жүрген шебердің еңбегі құрметке  лайық.

Халқымызда «Жеті өлшеп, бір кес» деген халық даналығы бар. Ине мен жіпті серік еткен шебердің әрбір туындысында маңдай тер, ізденіс, терең талғам жатыр. Тігінші – тек киім тігетін маман емес, адамның сенімі мен сән-салтанатын қалып­тастыратын  өнер  иесі.

Тігіншілік – уақытпен бірге жаңарып келе жатқан, бірақ еш­қашан маңызын жоғалтпайтын кәсіптің бірі. Қолынан іс келетін шебердің еңбегі әрбір адамның күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Әселхан әрбір тігіс арқылы сапаға, ұқыптылыққа және сұлулыққа деген жауапкершілігін  танытады.

– Костюм тіккенде ең алдымен матаның денеге қонымды, созылып кетпейтін, сөгіліп қалмайтын болуына мән беремін. Алдағы жоспарым – жыл он екі ай сұранысқа ие болатын түрлі персонаждың костюмдерін жасау. Қазірдің өзінде мұндай кейіпкерлерге тапсырыс түсіп жатыр. Ең бастысы – ниет етіп, қорықпай істі бастау, — дейді ол  өз  сөзінде.

Иә, сән өзгереді, талғам жаңара­ды. Бірақ, балалардың қызықты сәттері өмірлік естелігіне айналып қалады. Әрбір сапалы тігілген киім мен шебердің қолтаңбасы ешқашан өз құнын жоғалтпайды. Ине мен жіпті өмірінің мәніне айналдырған тігінші Әселхан Тәжімбетова – әдемілік пен еңбекті үндестіріп жүрген  шебер.

Қиялына қанат бітірген іс­мердің ізгілікті ісі балаларға шексіз қуаныш сыйлап, өзіне тәжірибе беруде. Бұл – еңбек деп аталатын тәтті ұғымның кере­мет  көрінісі.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: