Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Араб мемлекеттерінде трансплантацияны дамытып жатқан дәрігерлер емес, діндарлар

05.08.2026, 8:40 39

HALYQLINE.KZ

… Біз бәрін айтып, түсіндірдік. Халық мешітке жиналып, уағыз тыңдап, намаз оқуға келгенде діни қызметкерлер де өз үлесін қосу керек. Араб мемлекеттерінде трансплантацияны дамытып жатқан дәрігерлер емес, діндарлар. Біздің айтқанымыздан гөрі, имамдардың сөзі өтімді. Алайда қазіргі уағыздарының түрі анау. Мешітке келген 60-80 жас аралығындағы егде кісілерге жап-жас жігіттер уағыз айтып отырады. Осы дұрыс па?! Өмір көрген адамға не үйретеді олар? Балабақшада, мектепте отырған жоқ қой. Оның орнына халыққа керекті дүниені айтпай ма?! «Алладан қалай келдім, солай қайту керек» дегенді физикалық тұрғыдан түсінбеу керек. «Адам бұл дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» дейді халық даналығы. «Дүние жиып нетесің, бір күні тастап кетесің» демекші, ана өмірге ештеңе алып кетпейтініңді түсіну қажет. Діни мамандар өздері уағыздарында «40 күннен кейін сүйектен ет ажырайды. Адам көз жұмған сәтте оның жаны тәнін тастап кетеді екен» деп айтады. Сөйте тұра «Алладан бүтін келіп, бүтін кетуің керек» дейтіні түсініксіз. Мұнда ешқандай логика жоқ. Онда неге ауруханаға келеді? «Алланың ісі ғой, Алла өзі алады» деп үйде неге жата бермейді?

Адамның психологиясы қызық. Қазір молданың өзі бірінші емханаға жүгіріп келеді. Неге? Инфаркт алып немесе инсульт болдың екен, Алланың бұйрығын жатып алып қабылдай бермейсің бе? Ал былайғы кезде бәрі ақылды. Исламға сүйеніп шығады. Демек, алдымен діни қызметкерлер, имамдар бізді қолдап, дұрыс әңгіме айтуы тиіс. Біреуі, екіншісі, үшіншісі түсіндірме жұмысын жүргізсе, қоғам сонда біртіндеп өзгере бастайды. Бұл мәселе туралы тек біз қозғап жатқан соң, халықтың да пікірі басқаша қалыптасады.

Уағыз – тек Құранның аяты, хадисінен тұрмайды ғой. Жалпы, адамгершілікке, адами қасиетке, тәрбиеге, ата-ананы сыйлауға қатысты әңгімелер де айтылуы керек. Бірақ оны айту үшін өздері сол деңгейге жетуі тиіс. Өмірден көрген-түйгені мол, ақсақал жасына жеткен адам айтса, жарасады. Кейбір жас жігіттің уағызын тыңдап өзің ұяласың. Жартысы – қазақша, қалғаны – орысша.

Ел арасында жүрген соң айына жоқ дегенде төрт-бес өлім-жітімге, жаназаға барасың. Бәрінің айтатыны – жауыр болған бір әңгіме. Одан да отбасындағы тәрбие, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет туралы, қоғамның психологиясын өзгертетін дүниелерді айтпайсың ба?! Бұрын қоғамдық көлікте жастар орнынан атып тұрып, орын беретін. Қазір қолдағы телефонын шұқылап, қозғалмай отыра береді.

Мәйіттік донорды дамыту жөнінде дәрігерлер көтерсе, халықтың психологиясы қызық қой, бірден «мәйіттің ағзасы өздеріне керек» деп ойлайды. Бізге не керегі бар? Донор кезегін сағат санап, жәутеңдеп күтіп, қиналып жатқан науқастарға, оның ішінде жастар мен балаларға обал. Егер ағза ауыстыру операциясы сәтті өтсе, 90 пайызы өмірге қайта келіп, отбасы құрып, балалы болып жатады. Ертең 100 пайыз өлетін адам бір жылдан кейін 90 пайыз өмір сүріп кетіп, қатарымызға қосылып жатса, неге қолдамасқа? Үйінде диванда жатып, интернетке «дәрігерлер – қылмыскер» деп айналасын арандататындар да бар. Мұның дәрігерлерге түкке керегі жоқ. Бізге түнгі 3-те ауруханаға келіп, он екі сағаттап аяқтан тік тұрып ота жасау, одан кейін күндіз-түні науқастың денсаулығын бақылауда ұстау не үшін керек? Біз оны не қыламыз? Жанымызды күйттеп, неге тып-тыныш отырмаймыз? Одан айлығымыз өзгеріп жатқан жоқ. 10 трансплантация жасайсың ба, 10 000 ота жасайсың ба, одан айлық көбеймейді. Бәрі сол мәйіттік донор дәрігерлерге ғана қажет сияқты сөйлейтіні көңілге тиеді…

Болатбек  БАЙМАХАНОВ,

А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы АҚ басқарма төрағасы,

медицина ғылымының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА академигі.

(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан алынды)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: