Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай мұрасы және саналы ата-ана: азаматтық жауапкершіліктің бастауы

04.08.2026, 15:50 73

HALYQLINE.KZ

Қазіргі қоғамның алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – азаматтық жауапкершілігі жоғары, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл – тек мемлекеттің немесе білім беру ұйымдарының ғана емес, ең алдымен отбасының жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің миссиясы – қоғамда азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыру. Ал бұл мақсатқа жетудің негізгі құралы – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының тәрбиелік көзқарастарымен терең үндеседі.

Абай адам тәрбиесінің негізін ең алдымен отбасыдан іздейді. Ол адамды білімге, еңбекке, ар-ұятқа, әділдікке, мейірімге баулу арқылы ғана қоғамның дамитынын айтты. Оның қара сөздерінде адам өз мінезін өзі тәрбиелеуімен қатар, баланың тәрбиесіне отбасының ықпалы ерекше екені айқын көрінеді.

Ұлы Абайдың: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген тұжырымы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Бұл сөздің астарында баланың тұлға болып қалыптасуына ең алдымен ата-ананың ықпалы зор екені жатыр. Демек, қоғамның сапасы отбасындағы тәрбиенің сапасына тікелей байланысты.

Абай тәрбиені тек ақыл үйретумен шектемейді. Ол ең алдымен үлгі көрсетуді маңызды деп санайды. Баланың бойындағы адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, мейірімділік сияқты қасиеттер ата-ананың күнделікті өмірінен қалыптасады. Сондықтан ата-ана баласына тек сөзбен емес, ісімен тәрбие береді.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ата-ананы қоғамды өзгертетін негізгі құрал ретінде қарастыруы да осы Абай ұстанымынан бастау алады. Себебі саналы ата-ана тәрбиелеген бала ертең өз Отанына адал қызмет ететін, заңды құрметтейтін, қоғам игілігі үшін еңбек ететін азамат болып қалыптасады. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің негізі.

Абайдың «Толық адам» ілімі де осы идеямен сабақтас. Толық адам – тек білімді емес, жүрегі ізгілікке толы, ар-ожданы таза, өзіне де, қоғамға да жауапкершілікпен қарайтын тұлға. Мұндай адам кездейсоқ қалыптаспайды. Оның негізі отбасы тәрбиесінде қаланады.

Бүгінгі күні технология дамып, ақпарат ағыны күшейген заманда ата-ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды. Баланың бойына ұлттық құндылықтарды, адамгершілікті, елге деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті сіңіру – саналы ата-ананың басты міндеті. Абай айтқан ғылым мен тәрбиені, ақыл мен арды қатар ұстанған отбасы ғана қоғамның берік іргетасын қалайды.

Ұлы ойшылдың мұрасы бізге бір ғана ақиқатты ұқтырады: қоғамды өзгертудің жолы – адамды тәрбиелеу, ал адам тәрбиесінің бастауы – отбасы. Сондықтан азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыру жолындағы ең тиімді инвестиция – саналы ата-ана мәдениетін дамыту.

Абайдың тәрбиелік философиясы мен «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің миссиясын тоғыстыратын негізгі идея, қоғамды өзгертудің ең сенімді жолы – ата-ананы қолдау және отбасы тәрбиесінің сапасын арттыру. Саналы ата-ана – саналы ұрпақтың, ал саналы ұрпақ – жауапты қоғамның кепілі.

Света СӘТБАЙҚЫЗЫ,

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы басшысы, психолог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: