Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ішкі сауда 36,2 трлн теңгеге жетіп, импортқа тәуелділік азайды

04.08.2026, 11:30 62

Қазақстанда бірінші жартыжылдықта ішкі тауар айналымының көлемі 15,3 пайызға өсіп, 36,2 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды halyqline.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, негізгі өсім азық-түлік сегментінің есебінен қалыптасқан. Аталған бағыттағы көрсеткіш шамамен 30 пайызға артты. Қаңтар-мамыр айларында азық-түлік экспорты 34,4 пайызға өсіп, 1,6 млрд доллар болды.

«Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендеді. Оның үлесі 14,7 пайызға дейін қысқарды. Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100 пайыз қамтылған. Бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12 пайызға өсіп, 10 млрд доллардан асты. Ал импорт көлемі 4,4 пайызға өсті. Отандық тауарлар сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде орналастырылып, “Қазақстанда жасалған” белгісімен таңбаланады. Оған қоса жаңа өндірушілер үшін арнайы сөрелер мен “жасыл сөрелер” көзделген», деді Арман Шаққалиев.

Осындай талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever және TEEZ секілді электрондық сауда алаңдарына да енгізілмек. Жыл соңына дейін өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыратын QazTrade Retail платформасын іске қосу жоспарланған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: