Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жерасты суын реттейтін 123 ұңғыма жаңартылады

30.07.2026, 9:35 61

Қызылорда облысында жерасты суының деңгейін бақылап, суармалы жерлерді қорғауға арналған 123 тік дренаж ұңғымасы қайта жаңғыртылады. Жобаны Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті әзірлеп жатыр деп хабарлайды, halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Жоба Сырдария, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарын қамтиды. Оның аясында тік дренаж ұңғымалары күрделі жөндеуден өткізіліп, оларды басқару станциялары үшін жаңа ғимараттар салынады. Сондай-ақ ұңғымалардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін электр желілері тартылып, трансформаторлар орнатылады.

Бұдан бөлек, өндірістік учаскелер мен «Қазсушар» РМК орталық аппаратына мәліметтерді онлайн жіберетін суды автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізу жоспарланған.

Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаевтың айтуынша, бүгінде Қызылорда облысында жалпы 162 тік дренаж ұңғымасы бар.

– Бұл ұңғымалар жерасты суы деңгейін тұрақтандыруға, топырақтың сортаңдану қаупін азайтуға және суармалы жерлердің жағдайын жақсартуға қажет. Әзірленіп жатқан жоба су ресурстарын ұтымды пайдалануға және өңірдің аграрлық секторын тұрақты дамытуға бағытталған, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: