Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Цифрлық теңсіздік. Интернет бәріне бірдей, мүмкіндік ше?

30.07.2026, 8:20 55

Екі  студент  бір  жатақханада  бірге тұрады  делік. Екеуі де таңертең бір уақытта оянады, бірге ас ішеді, тіпті бірдей смартфон ұстайды. Сырт көзге  екеуара  айырмашылық  байқалмауы мүмкін. Бірақ  «цифрлық теңсіздік» ұғымы  бұл  тұжырымға басқаша көзқараспен  қарайды. Анығында,  екі адам қанша бірге өмір сүрсе де,  даму процесі  екі  түрлі  болуы  ықтимал.  Бір қызығы,  ол  адамның  әлеуметтік  желі мен  интернетті  қалай  пайдалануымен тікелей  байланысты. Бір  адам  жасанды интеллектінің  көмегімен  ғылыми мақала  жазып,  халықаралық  грантқа қамданып  жүруі  мүмкін.  Ал  біреу қалтафонмен  өткізген  уақытының көп  бөлігін  қысқа  видеолар  көруге жұмсайды.  Демек, мәселе – оқып жатқан  оқу  орнында, қоғам мен ортада емес, цифрлық  технологияны  ұтымды пайдалана  білуде. Қазір  көптеген  жастың  қалыпсыз  өмір  сүруінің  себебі  де – осы.

Жасыратыны жоқ, бір кездері цифрлық теңсіздік ұғымы интернетке қолжетімділікпен ғана байла­ныстырылды. Яғни кімнің компьютері немесе интернеті бар, кімде жоқ деген айырмашылық басты мәселе саналды. Соңғы жиырма жылда бұл түсінік едәуір өзгерді. Қазіргі әлеуметтануда цифрлық теңсіздік тек технологияға қол жеткізумен шектелмейді, оны қаншалықты тиімді пайдалана  алумен  де  өлшенеді.

Осы ерекшелікке алғашқылардың бірі болып америкалық әлеуметтанушы Эстер Харгиттай назар аударды. Ол 2001 жылы жариялаған зерттеуінде интернет қолданушыларын «пайдаланады» және «пайдаланбайды» деп екіге бөлудің жеткіліксіз екенін дәлелдеді. Зерттеушінің пікірінше, негізгі айырмашылық адамдардың онлайн ортада ақпаратты іздеу, іріктеу және тиімді пайдалану дағдысында жатыр. Бұл тұжырым кейін цифрлық теңсіздікті зерттеудің  жаңа  бағытына  негіз  болды.

Бүгінде халықаралық ұйымдар да осы ұстанымға басымдық береді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) цифрлық теңсіздік жас, білім деңгейі, табыс, тұрғылықты жер және цифрлық дағды сияқты бірнеше фактормен қатар қалыптасатынын айтады. Ұйымның пайымдауына сүйенсек, цифрлық технологиялардың өзі мүмкіндіктерді кеңейтеді, алайда оларды тиімді пайдалану қабілеті бірдей болмаса, қоғамдағы әлеуметтік алшақтық сақталып қана қоймай, тереңдеуі мүмкін. 

Бұл үрдіс жаһандық деңгейде де байқалады. Атап айтқанда, халықаралық электр байланысы одағының (ITU) 2025 жылғы есебіне сәйкес, әлем халқының шамамен төрттен үші интернетті пайда­ланады. Соған қарамастан, 2,2 миллиард адам әлі де интернетке қосылмаған. Ал интернетке қол жеткізгендердің өзінде байланыс сапасы, қызметтің қолжетімділігі және цифрлық дағдылар бойынша  айыр­машылықтар  сақталып отыр. Сондықтан бүгін­гі күні цифрлық теңсіздік тек «интернет бар ма, жоқ  па?»  деген  сұрақпен  шектелмейді.

Қазақстан да бұл үдерістен тыс емес. ЮНЕСКО әзірлеген Қазақстандағы интернеттің даму деңгейіне арналған зерттеуде елде интернетке қолжетімділік жоғары деңгейге жақындағанымен, цифрлық даму­дың келесі кезеңінде басты назар интернеттің сапа­сына, цифрлық сауатқа және технологияларды қоғамның әртүрлі тобының бірдей пайдалану мүмкіндігіне аударылуы қажет екені көрсетілген. Бұл цифрлық теңсіздік мәселесінің ендігі жерде инфра­құрылымнан гөрі адамның біліміне, дағдысына және әлеуметтік жағдайына көбірек тәуелді бола  бастағанын  айқын  аңғартады.

Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша Орта­лық Азиядағы алдыңғы елдердің бірі саналады. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшті, банк операциялары, сауда, білім беру және еңбек нарығы да цифрлық платформаларға тәуелді бола бастады. Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) дерегіне сәйкес, Қазақ­станда интернетті пайдаланушылардың үлесі халық­тың 90 пайызынан асады. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, үй шаруашылықтарының басым бөлігінде интернетке қолжетімділік бар. Бұл көрсеткіштерге қарасақ, елде цифрлық теңсіздік мәселесі шешілгендей әсер қалдыруы мүмкін. Алайда, шын мәнінде, мәселе енді интернеттің қолжетімділігінде емес, оны тиімді пайдалану мүмкіндігінде  жатыр.

Мұны еңбек нарығынан анық байқауға болады. Соңғы бірнеше жылда жасанды интеллект, деректерді талдау, бағдарламалау, цифрлық маркетинг және қашықтан жұмыс істеу дағдылары бар мамандарға сұраныс айтарлықтай өсті. Мұндай мүмкіндіктерді игеру үшін тұрақты интернеттің өзі жеткіліксіз. Адамға цифрлық сауат, тілдік дайындық, сапалы білім және заманауи құралдарды қолдану тәжірибесі қажет. Яғни бірдей смартфон немесе компьютер әр адамға бірдей  нәтиже  бермейді.

Бұл құбылысты әлеуметтанушы Ян ван Дейк бірнеше жылдан бері зерттеп келеді. Оның пікірінше, цифрлық теңсіздік төрт деңгейден тұрады: технологияға қолжетімділік, цифрлық дағды, технологияны пайдалану қарқындылығы және одан алынатын нақты әлеуметтік пайда. Егер алғашқы үш кезеңнің бірінде алшақтық болса, соңғы нәтиже де өзгереді. Сондықтан технологияның өзі теңсіздікті туғызбайды, оны пайдалану мүмкіндігінің әркелкілігі қоғамдағы айырмашылықты  күшейтуі  мүмкін.

Қазақстан  жағдайында мұндай  айырмашылық бірнеше бағыттан байқалады. Біріншіден, қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылым айырмасы әлі де толық жойылған жоқ. Екіншіден, әртүрлі әлеуметтік топтардың цифрлық сауат деңгейі бірдей емес. Үшіншіден, ағылшын тілін меңгеру деңгейі цифрлық мүмкіндіктерге тікелей ықпал етеді. Жасанды интеллект құралдарының, ғылыми дерекқорлардың, халықаралық онлайн курстардың және көптеген кәсіби платформалардың негізгі бөлігі әлі күнге дейін ағылшын тілінде жұмыс істейді. Соның салдарынан технология бәріне  бірдей  қолжетімді  емес.

Осы  орайда  аталмыш  саланы  терең  зерттеп  жүрген Гүлназ  Қорданова:

– Электр қуаты, құрылғы және интернетке қолжетімділік — бұл тек бір бөлігі ғана. Соңғы маңызды элемент — оларды пайдалана білу. ICILS халықаралық зерттеуі  Қазақстандағы  оқушылардың цифрлық дағдылары ЭЫДҰ  елдерінің  орташа  деңгейінен  төмен  екенін көрсетті.

2023  жылы  Қазақстанның  орташа  көрсеткіші    407 балл болса, Оңтүстік Кореяда — 540 балл. Ең маңыз­дысы — Қазақстандағы әрбір екінші оқушы қарапайым тапсырмаларды орындауда қиындық көреді: гиперсілтемені басу, презентацияға сурет қосу немесе электрондық  поштада  көшірме  жіберуді  түсіну.

Сонымен қатар ілгерілеу де бар. 2018-2023 жылдар аралығында  қала  мен  ауыл арасындағы айырмашылық 33 балға қысқарды, әсіресе ауыл оқушылары жақсы нәтиже көрсетті. Қыздар ұлдарға қарағанда жоғары нәтижеге жетті. Үйінде құрылғылары аз оқушылар біртіндеп басқаларды қуып жетуде. Дегенмен, бұл жетістіктер төмен бастапқы деңгейден басталады, ал 2018 жылғы зерттеуде Қазақстан ең жоғары және ең төмен нәтижелер арасындағы айырмашылық бойынша алдыңғы қатарда болды — 347 балл. Бұл  – тек  орташа көрсеткіш  емес, теңсіздіктің  айқын  көрінісі, — дейді.

Әлеуметтанушы  Пьер Бурдьенің  капитал  теория­сы бұл  құбылысты  түсіндіруге  көмектеседі. Ол  қоғамдағы адамның орны тек табысымен емес, оның мәдени, әлеуметтік және символдық капиталымен де анықталатынын айтқан. Қазіргі зерттеушілер осы қатар­ға цифрлық капиталды қосып жүр. Яғни технологияны тиімді пайдалану қабілеті адамның білім алуына, еңбек нарығындағы мүмкіндігіне және әлеуметтік мобильдігіне әсер ететін жаңа ресурсқа айналып  келеді.

Цифрлық теңсіздікті жоюдың әмбебап рецепті  жоқ. Өйткені мәселе интернет тартумен ғана шешілмейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы­ның (OECD) бағалауынша, цифрлық алшақ­тық  бірнеше  фактордың, атап  айтқанда жас, білім, табыс, тұрғылықты жер және цифрлық дағды деңгейі­нің тоғысында қалыптасады. Сондықтан мемлекеттік сая­сат та осы факторлардың бәрін қатар қамтуы қажет. Ұйым үкіметтерге кең жолақты интернетті кеңейтумен қатар, халықтың цифрлық дағдыларын дамытуға, электрондық қызметтерді қарапайым әрі қолжетімді етуге және цифрлық өзгерістерден шет қалу қаупі жоғары топтарға арнайы қолдау көрсетуге басымдық беруді  ұсынады. 

Көптеген  мемлекет соңғы жылдары дәл осы бағытқа көшті. Мысалы, Финляндияда цифрландыру саясаты мектептен басталады. Мұнда цифрлық сауат жеке пән ретінде ғана емес, барлық оқу бағдарламасына кіріктірілген құзырет саналады. Оқушылар ком­пью­терді пайдаланумен қатар, ақпараттың шынайы­лығын тексеруді, алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін түсінуді, цифрлық қауіпсіздік пен медиасауатты меңгереді. Сонымен қатар ересектер үшін қайта даярлау және өмір бойы білім алу бағдарламалары кеңінен қолданылады. OECD Финляндия тәжірибесін цифрлық дағдыларды үздіксіз дамытуға негізделген жүйелі модель  ретінде  бағалайды.

Эстония да бұл мәселеге ерте көңіл бөлгелі қашан… Елде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта көрсетілгенімен, цифрлан­дыру инфрақұрылыммен шектелген жоқ. Мемлекет мұғалімдердің цифрлық құзыретін арттыруға, мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге және азаматтардың  мемлекеттік электрондық сервистерді еркін пайдалануына тұрақты инвестиция салып келе­ді. Соның нәтижесінде цифрландыру мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың цифрлық қызметтерге деген сенімін де  күшейтті.

ЮНЕСКО да цифрлық теңсіздікті еңсерудің басты тетігі ретінде цифрлық құзыреттерді дамытуға ерекше мән береді. Ұйымның ұстанымынша, қазіргі қоғамда интернетке қосылу жеткіліксіз. Адам ақпаратты іздей,  талдай, бағалай және қауіпсіз пайдалана алуы керек. Сондықтан мұғалімдерді даярлау, халықтың осал топтарына арналған оқыту бағдарламаларын кеңейту және өмір бойы білім алу мәдениетін қалыптастыру цифрлық  саясаттың  ажырамас  бөлігі  болуы  тиіс.

Қазақстан  үшін  де  негізгі  міндет жаңа  инфрақұрылым салудан гөрі, цифрлық  капиталды  көбейтуге  бағытталуы тиіс. Бұл бірнеше бағытты қамтиды. Біріншіден, ауыл мен қала арасындағы интернет сапасының айырмашылығын қысқарту. Екіншіден, мектеп пен жоғары оқу орындарында цифрлық сауатты тек техникалық деңгейде емес, сыни ойлау, деректермен жұмыс істеу, медиасауат және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану дағдыларымен ұштастыру. Үшіншіден, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үшін ересек тұрғындарға арналған қайта даярлау бағдарламаларын жүйелі түрде дамыту. Төртіншіден, егде жастағы азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға цифрлық қызметтерді меңгеруге көмектесетін жергілікті оқу орталықтарының желісін кеңейту. OECD мұндай шаралар цифрлық трансформацияның игілігін қоғамның кең бөлігіне  жеткізуге  мүмкіндік  беретінін атап  көрсетеді. 

Цифрлық теңсіздік туралы сөз болғанда назар көбіне интернеттің жылдамдығына немесе байланыс сапасына ауады. Алайда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, болашақта елдердің бәсекеге қабілеттілігі интернетке қанша адамның қосылғанымен емес, сол интернеттің көмегімен қанша адамның жаңа білім алып, сапалы жұмысқа орналасып, инновация жасап, қоғамдық өмірге белсенді қатыса алғанымен өлшенеді.

Сондықтан цифрлық теңсіздік – әлеуметтік әділеттілік, білім сапасы және мүмкіндіктер теңдігі турасындағы ауқымды мәселе. Егер цифрлық дәуірде білім мен технологиядан тиімді пайда көретіндер мен көре алмайтындар арасындағы алшақтық ұлғая берсе, ол ертең еңбек нарығындағы, табыстағы және әлеуметтік мобильдіктегі теңсіздікті де күшейтуі ықтимал. Ал цифрлық капиталды қоғамның барлық тобына қолжетімді етуге бағытталған саясат жүргізілсе, технология керісінше әлеуметтік жіктелуді тереңдететін емес, жаңа  мүмкіндіктер  ашатын  құралға  айналмақ.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: