Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
ардагер журналист, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері:
Журналистика – тек мамандық ғана емес, ол қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Саналы ғұмырын ақпарат саласына арнап, елдің мұң-мұқтажын қаламына арқау еткен шығармашылық иесі. Ол өңір шежіресін хатқа түсірген тарихшы десе де болады. Сондықтан да болар «газетке жазылғанды балталап та өшіре алмайсың» дейтіні.
Біз бүгінгі сыр-сұхбатымызда ардагер журналист, Ақпарат саласының үздігі, «Сыр медиа» ЖШС бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжалы Ерімбетовпен жүздесіп, 70 жылдық мерейтойы тұсында саланың өткені мен бүгіні, қоғам төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.
Спикердің сөзі жас журналист өкілдеріне бағдаршам болатыны ақиқат.
ЖУРНАЛИСТИКАҒА КЕЛУІМЕ ЕКІ АДАМ СЕБЕПКЕР БОЛДЫ
– Аға, биыл жоталы 70 жасқа толып отырсыз. Осы белеске келгенде өткен өміріңізге қандай сезіммен қарайсыз? Әңгіме басын осыдан бастасақ.
– Рақмет, айналайын! Жалпы, өмір өте жылдам өтеді екен. Мен осы жасқа жеткенше соны анық байқадым. «Сыр бойы» газетінде белгілі журналист Ақберген Ержан деген ағамыз болды. Сол кісі: «Кенжалы, сендер жассыңдар ғой. Ертең-ақ шығасыңдар пенсияға» дейтін. Сонда біз: «Аға, қайда әлі 25 жыл уақыт бар ғой» деп айтатынбыз. Өмір сынаптай сырғып өтсе, оның барлығы ағамыздың айтқанындай болып, мен де зейнет жасына жетіп, демалысқа шықтым. Әрине, ұжымыма, Марат Жайылханұлы басшылық жасайтын «Сыр медиа» ЖШС-на айтар алғысым шексіз. Зейнетке шыққан жылы ардагерлер ұйымын басқаруға сенім білдірген сол кездегі мекеме басшысы Аманжол Сақыпұлына айрықша ризашылығымды білдіремін. Әбекең сонда маған үлкен сенім білдіріп, жауапкершілік жүктеді. Ол азаматтың адам танитын тектілігі, абзал қасиеті бар. Жалпы, басшы адамда сондай бір артық қасиеті болмаса, елді басқару оңай емес. Ардагерлер ұйымы да – үлкен жұмыс. Олардың жиі бас құрап, арнайы мерекелер аясында құрметке бөленуі, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуі, бәрі-бәрі ұйымдастырылуы тиіс. Сондай ізгі іс-шараның басы-қасында жүріп келе жатқаныма өзімді бақытты санаймын.
Әңгіме басында айтып жатырмыз ғой. Жетпіс жас та Алланың берген сыйы деп білемін. Осы жасқа жетіп, халқымның, ұрпағымның қызығына кенеліп жатқаныма көңілім толады. Бірақ, мен 70 жасқа толамын деп ешқашан ойламаппын. Неге, өйткені бірде бетін берген өмір, бірде сыртын береді. Аттай тулаған өмір кейде жарты жолда басыңнан өте шығуы да мүмкін. Сондықтан осы жасқа жеткеніме шүкіршілік айтамын. Бұл жолдан біздің алдымыздағы ағаларымыз да өткен. Әлде де Алла солардың жасын бұйыртса, өмір беріп жатса, көрерміз. Осы жасқа жеткенше тағы бір байқағаным, адам өмірде өтірік айтпауы керек деп ойлаймын. Жұмыста да, қоғамда да таза жүрген дұрыс. Тілде сүйек жоқ. Қалай қарай бұрсаң, солай қарай еркін бұра аласың. Жүрегі таза адамның тілі де таза болады. Ал, жүрегі таза адамның аузынан ешқашан өтірік сөз шықпайды. Біз – бұрынғы «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген сөздермен тәрбиеленіп өскен ұрпақпыз. Сол тәрбие біздің өмір өзегімізге айналды. Қазіргі уақытта, жасыратыны жоқ, келеңсіз көріністер көбейіп кетті. Осы жасқа жеткенде менде мынандай ой болды. Туған жеріме не бере алдым? Қандай еңбегім сіңді? Осы ойлар біраз ойландырып тастады. Оны халқым, ұрпағым, оқырмандарым айтып, бағасын бере жатар.
– Ата-анаңыз қандай кісілер болған? Бала Кенжалының арманы қандай болып еді?
– Әкем Ерімбет баласы Райымбек ел арасында «Ешкілі бай» деген атпен танылған. Кеңес өкіметі орнаған тұста көптеген ауқатты азаматтар елден үдере көшкен кезеңде, ол туған жерін тастап кетпей, қолындағы мал-мүлкін мемлекетке және ағайын-туысына үлестіріп берген. Райымбек ақсақал Әлке мен Досан әулеттерінің басын қосып, Қайырсуат елді мекенінің қалыптасуына зор үлес қосқан. Ол кісі қаржысымен ауылда алғашқы сауат ашу мектебі мен мешіт салдырған. Мешітте оның ағайын інісі Егемберген Абсаттарұлы мақсұм имамдық қызмет атқарып, халықтың діни сауатын ашуға еңбек сіңірген.
Ал, анам Ибагүл Қожахметқызы өңірдегі алғашқы сауаттандырушы ұстаздардың бірі болды. Ол белгілі жырау Рахмет жыраумен және Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетовпен бірге қызмет етіп, елдің білім мен мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосты. Халық арасында сый-құрметке бөленген ұстаз кейіннен «Байәже» атанған.
Енді менің бала арманым журналист немесе тарихшы болу еді. Бала арманым бақытыма айналды десем, артық айтқандық болмас. Журналистикада жолым болып, осы салада еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Елге белгілі ақын болсам деген асқақ бала арманым да болды. Он алты жасымда қатты ауырып, Ташкентте ем алдым. Ол жақта 4 жыл емделдім. Елге оралған соң кешкі жастар мектебінде оқып, оқуымды аяқтадым. Біздің Жетікөл ауылы ірі қара малы етін өндіріп өткізу бойынша шаруашылық жұмысын атқарды. Сол заманда өзім қатарлы жастармен бірлесе жүріп еңбек еттім. Сөйтіп, өмір майданына ілесіп кете бардым.
– Қарапайым еңбек адамының журналистикаға келуіне не немесе кім себеп болды?
– Айтып берейін, ол былай болды. Әлі есімде, 90-жылдары аудандық газетте конкурс өтті. Оған 7 адам қатысып, Шолпан Оразова екеуміз өттік. Сол кезде Сырдария аудандық газеттің бас редакторы Жақсылық Рахматулла қабылдап, «Сен журналист болатын баласың ғой. Өлең жазатыныңды да естігенмін. Бізге келіп жұмыс істе» деп жол көрсетті. Оның алдында республикаға белгілі ақын Сақтаған Есмаханов та тілшілікке шақырған болатын. Онда қолымда анам болып, қарт кісінің көңіліне қарап бара алмадым. Журналистикаға келуіме осы екі адам себепкер болды.

ДҰРЫС БАСЫЛМАҒАН ДАУЫС ЭФИРДЕН БЕРІЛІП КЕТКЕН
– Алғашқы еңбек жолыңыздағы есте қалған оқиғалар қандай?
– Жұмыс барысында қызықшылық та, қиыншылық та кездесетіні заңдылық ғой. Алғашқы еңбек жолым ауылдық клуб үйінде басталды. Бір қызықты сәтті айтып берейін. Журналистикаға келген кезім. Газеттің қалай оқылуы, қатесін тексеруін онша біле бермейтін кезім. Содан бір күні редакторым Жақсылық аға шақырып алып, «Газеттің мына бір жерін ойып алып тастарсың» деді. «Жарайды, аға» деп алып кетіп қалдым. Бірақ, ойып алып тастау дегенді білмейді екенмін. Іштей ойладым, қалай алып тастайды деп? Содан ұялмай кәнігі әріптесім Мұхамеджан Нұрханов ағамнан барып сұрадым. Ол кісі төрт жағынан сызып қоршады да бетін крестеп берді. «Міне, ойып алып тастау деген осы ғой, айналайын. Сен газетке енді келіп жатқан соң түсіне бермейсің. Ештеңе етпейді, үйреніп кетесің» деді. Осындай қызықты сәттер болған. Газетке келген алқашқы жылдары Асқар Кіребаев, Мұхамеджан Нұрханов ағаларымнан көп нәрсе үйрендім. Мақаланың қалай жазылу керектігі, қандай тақырыптарды сараптап жазу жөнінде Жақсылық Рахматулла ағаның көп қамқорлығын көрдім десем болады. Макет сызу, сөйлемнің жолын санау бәрін содан үйрендім.
Тағы бір қызықты сәт есіме түсіп отыр. «Қазақстан-Қызылорда» телерадиокомпаниясында редактор болып жұмыс істедім. Ол кезде солай аталатын еді. Бір күні дұрыс басылмаған дауыс эфирден беріліп кеткен. Артынан сөз естігенім бар (күлді). Мүмкін оған бірлесе жауапты оператор, режиссердың да қатесі болған болуы керек. Кейіннен Есенгелді Шілдебаев ағамыз маған сенім білдіріп, тікелей эфирде «Жүздесу» хабарын дайындап, жүргізуге тәрбиеледі. Сол кездің адамдары кейінгі толқын жастарды көрсін, білсін деп жұмсайтын еді гой.
ЖАСТАРДЫҢ БЕТІНЕН ҚАҚПАУ КЕРЕК
– Бүгінгі журналистиканың беталысына көңіліңіз тола ма? Қандай өзгерістерді байқайсыз?
– Дұрыс сұрақ. Әрине, көңілім толады. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр талантты жастар жетерлік. Осыған қарап көңіл құсым көкке шарлайды. Осылардың ішінде аудандық басылымдарға жетекшілік жасап, бас редактор болып жүрген іні-қарындастарымды көргенде қуанып қаламын. Жастың бетінен қақпау керек.
«Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса сақа ғой,
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға ғой», — деген емес пе? Облыстық «Сыр бойы» газетінде де қаншама жас жүр. Әрқайсысы – өзінше жазу стилі бөлек журналистер. Журналист мұғалім сияқты ғой. Күнделікті өзіңді жаңартып отыруың керек. Қатарлас, қанаттас әріптестерің не тақырыпта жазып жүр? Соны қарап отыруың қажет. Сен де сол тақырыпқа қалам тартып көр. Сөйте жүріп тәжірибе жинақтайсың. Бұл әрбір өзін журналистпін деп санайтын жанның ісі болуы керек. Бүкіл Сыр жұртшылығына танымал қаламгер замандасым Жолдасбек Ақсақалов деген журналист ағаң болды. Оған сол кезеңдері ешкім тең келіп, ондай мақала жаза алмайтын. Тіптен, менмін деген экономистердің өзі ондай жоғары деңгейде экономикалық сараптама материал дайындай алмайтын. Адам осы жағына көңіл бөлу керек. Журналистика саласының ішінде осындай жүйрік атануға тырысу керек. Дүйсенбек Аяшұлын жақсы білесің. Әрбір жазған мақаласы оқырманның жүрегін баурап, иінге тартқан инедей үйіріп әкетеді.
Міне, кейінгі толқын жастар осындай ағаларынан үлгі-өнеге алуы керек деп ойлаймын. Жастар арасында осындай журналистердің қатары қалың болғанын қалаймын. Жоқ емес, бар, әрине. Тек солардың қатары жыл сайын арта түссе деген тілегім бар.
ҚАҒИДАСЫ ЖОҚ ҚАЛАМГЕР – ҚАЛАМГЕР ЕМЕС
– Қаламгер ретінде қандай қағиданы өмірлік ұстанымыңызға айналдырдыңыз?
– Қағидасы жоқ қаламгер – қаламгер емес. Ақынның да, жазушының да өмірлік ұстанымы болады. Адам біреуге еліктемей, өзінің қабілетін, талабын көрсете алуы керек. Қаламгерліктің өзіне тазалық керек. Таза мөлдір ойлармен мөлдіретіп жазса, оның дүниесі тұщымды әрі нанымды шығады. Ол оқырман олжасына айналары сөзсіз. Мен қағидам бойынша осы үдеден шықтым ба, шықпадым ба, білмеймін. Оны озық ойлы оқырман өзі айта жатар. Ұзақ жылғы еңбек тәжірибемде қызыл сөзге онша құмар болмадым. Тек шынайы сөздерді ғана жазуға тырыстым. Қаламгер ретіндегі қағидам шынайылық болды деп айтар едім.
ТАЛҒАМЫ ЖОҒАРЫ ОҚЫРМАНҒА ОЙЫ ТӨМЕН ӨЛЕҢ ҰСЫНА АЛМАЙСЫҢ
– Ақындық пен журналистік – екі бөлек әлем. Бұл екі өнер бір-бірін қалай толықтырды?
– Кез келген ақын жазушы, журналист болуы мүмкін. Өйткені, екеуі бір-бірімен қаттасып жатыр. Екеуі де – шығармашылық адамына берілетін қасиет.
Өлең жазуды бала кезден бастадым. Бірақ, «Адам санасын тұрмыс билейді» деген рас екен. Ол тұрмыстық қажеттілік емес, әрине. Тағдырдың «тосынсыйы» болатын. Ағам он сегіз жасында мектепті «Алтын белгімен» бітіріп тұрып, қайтыс болып кетті. Осы жас жүрегіме ауыр қайғы болды. Сөйтіп жүргенде артынша әкеміз бақиға аттанды. Одан кейін көзмоншағымдай болған қарындасымнан көз жазып қалдым. Бұл қазаны көтере алмады ма, әйтеуір көп ұзамай анам дүние салды. Еңсеңді енді тіктей бергенде соның бәрі адамға ауырлық, ақынның жанына салмақ салады екен. Содан ұзақ жыл қолыма қалам алмай, өлең әлемінен шеттеп қалдым. Бірақ, адам өнерді емес, өнер адамды тастамайды екен. Мен соны білдім. Кейін бертін келе барып қайта қолға қалам алып, ойымдағы сырларымды қағазға түсіріп отырамын. Мұқағали айтқандай, «Өлең деген тумайды жайшылықта». Ол ішкі үлкен арпалыстан түлеп барып оқырманға жол тартады. Ақындық бойда өлең өріліп, төгіліп тұрады. Талғамы жоғары оқырманға ойы төмен өлең ұсына алмайсың. Ал, журналист болуда ол көп ізденуден нәтиже көреді. Оның салмағы ауырлау. Ел аузында «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дейтіні сондықтан. Былай тұжырымдап айтар болсам, ақындық пен журналистиканы тең дәрежеде ұстай алсаң, Абай айтқан толыққанды адамға айналасың.
– Бүгінгі қоғамның ең үлкен жетістігі мен кемшілігі не деп ойлайсыз?
– Қоғамның жетістігі – мәдениеттің жоғары деңгейі деп есептеймін. Ал, оның кемшін тұсы жайында менен де басқа саясаткер, белсенді мүшелер айтып жатыр ғой. Ел мүддесі жолында айтылып жатқан дүниелердің барлығы сөз жүзінде қалып кетпесе деймін. Жасалатын әрбір іс біздің болашағымыз – балаларымыз үшін жасалып жатқанын ұмытпау керек. Қоғам деген – өзің.
ЖОЛЫМДА ЫЛҒИ ЖАҚСЫ ЖАНДАР ЖОЛЫҚТЫ
– Қызмет барысында өзіңізге үлгі болған тұлға кімдер?
– Ең бірінші Жақсылық Шайманұлын айтар едім. Ол кісі өте ұстамды, адамды орынсыз сөгуді білмейтін. Екіншіден, жас та болса Аманжол Сақыпұлын айтар едім. Көптен бері жақсы білемін. Өзін кез келген ортада ұстай алады. Бұл үлкен жүректі азаматтардың ғана қолынан келеді. Маған осы азаматтардың бойындағы әдемілік қасиет бірден ұнады. Ұжым алдында да, ел алдында да білім биігі мен ұстамдылығы тәнті етті. Осы екі тұлғаны мен жақсы бағалаймын. Сонымен қатар, Сақтаған Есмаханов ағамыз болды. Есенгелді ағамызды да осы қатарға қосуға әбден болады. Үлгі тұтқан жерлерім ол кісіде де көп болды. «Қолыңнан іс келетін жігітсің ғой, біліп едім» деп арқаңнан қағып, қамқорлық танытып отыратын. Жалағаштық Ахат Жанаев ағамыз да бар еді. Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Ол кісінің сырбаздығы, сыпайылығы көпке үлгі болатын жандар еді деп ойлаймын. Осындай ту тұлға азаматтардың бірі де, бірегейі Жақсылық Бекқожаев болатын. Үлкенмен де, кішімен де жақын тартып сөйлесетін жақсы қасиеттің иесі еді жарықтық. Әбдіжәлел Бәкір ағамыз да жақсы басшы, қамқор аға болды. Жауапкершілікті талап ете білуімен телеарнаны қалыптастыра білгендердің бірі. Марқұм Бексейіт Шайланов бас редактор болып қызмет етті. Газетте де, телеарнада да бірге жұмыс істедім. Сондағы үлгі-өнеге көрген әріптес ағалардың алқасын айтып жатқаным ғой. Ұзақ жылғы шығармашылық жолымда қадау-қадау тұлғалардың арасынан қадап айтып жатқан есімдерім осы болды.
– Егер еңбек жолыңызды қайта бастасаңыз, тағы да журналистиканы таңдар ма едіңіз?
– Әрине! Менде еңбек жолымды, өмірімді қайта бастау мүмкіндігі болса, ойланбай осы журналистиканы таңдар едім. Және таңдап ғана қоймай, осының биігіне жетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға қадам жасайтынмын. Өкініштісі сол, өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Мен өз өмір тарихыма ризамын. Бүгінгідей толқынға аға болғаныма, әріптес болғаныма қуанамын.
– Кітап оқуға қызығушылықты қалай арттыруға болады?
– Төртінші сынып оқып жүрген кезімнен бастап, әдеби кітап оқыдым. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын оқып жүргенімде апайым көріп қалып, сөйлегені бар. Одан соң Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» кітабын да оқып шықтым. Бұлар өте сауатты жазушылар ғой. Жас кезімде оқыған кітабымның бірі – Қобыланды жыры, батырлар жыры. Ал, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» деген мұқабасы қоңыр кітабы болды. Өте керемет жазылған. Тургенов, Толстой, Достоевскийдің кітаптарын жата-жастана оқыдым.
Хакім Абай «Адам Алладан бала сұрайды. Бірақ ол баланың сана-сезімі қандай?» дейді ғой. Мен осыны ойлаймын. Әр баланың ойы, санасы дұрыс болуы керек. «Мен кітап оқимын» деген бала оқиды, «мен бұзықтық жасаймын» деген баланың санасын өзгерте алмайсың. Сен тәрбиелесең де, ол сол жолды таңдайды. Бірақ, оған жібермеу үшін, кітап оқуға тәрбиелеу үшін не істеуің керек? Алдымен үйдегі тәрбие дұрыс болуы қажет. Біз бәрін мектептегі мұғалімге жаба береміз. Жоқ, олай болмау керек. Қазақ философ халық ғой. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Қандай көрегенділік десеңші?! Көрдіңіз бе, отбасылық тәрбиеге қажетті нәрсе – осы. Кітапты баланы зорлап оқыта алмайсың. Оны бірінші өзің баста. Бала көргенін істейді. Мәселенің мәнісі осында жатыр. Қазір балаға тумай жатып телефон ұстауды үйреттік. Жыламасын, тыныш болсын дейміз. Бұл не тәрбие? Ойдың өзегі осында тұр, міне, айналайын. Бұл – ата-анадан кететін кемшілік. Баланың кітап оқымауы ата-ана жіберіп қойған қателік деп ойлаймын.
БЛОГЕР – ОЛ ЖУРНАЛИСТ ЕМЕС
– Қазіргі жас журналистер мен жас ақындарда қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыз?
– Жас ақындарға, әрине, көңілім толады. Қазіргі қазақ журналистикасы толық дамыған деп айтар едім. Халық кейде блогерге жүгініп жатады. Блогер – ол журналист емес. Ал, сол блогерлер журналисттің алдын кесіп, солардың айтпаған ойын біз айтып жүрміз деп жатады. Блогердің өресі – тек пайда табу. Ал, журналистер ешқашан пайда үшін жұмыс істемейді. Журналистерді бағалау үшін идеология дұрыс болуы керек.
– 70 жылдық тәжірибеңізде кейінгі ұрпаққа бір ғана аманат айтар болсаңыз, ол қандай болған болар еді?
– Ол енді менің емес, халықтың аманаты – тәртіпті, еңбекқор, түзу жүру. Біз айтып жүрген әділетті қоғам құру идеологиясы – біреуді аспандатып мақтау емес, біреуді кемсіту емес, жалпыға ыңғайлы орта қалыптастыру. Бауыржан Момышұлы айтқан сөзде жалын жатыр: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды». Әлеуметтік желіні қарасаңыз, мұңын айтып, шағымданып жатқан адамдар да бар. Бәлкім солай шығар. Ақиқаты Аллаға аян.
– Айнаға жиі қарайсыз ба? Кімді көресіз?
– Айнаға қарап тұрған дұрыс. Айнадан өзіңді көріп, мініңді түзеуің керек. Әдемілігіңді емес, ішкі ойыңды. Бесігіндегі болмысынан ажырап қалған адам көп. Ол – айнаға жиі қарамағаннан. Айнаға қараған сәтте қарапайым халықтың ортасындағы Кенжалыны көремін. Сол сатыда қалғым келеді.
– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Ортадағы суретті түсірген Е.Қалиев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!