Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысқа арнайы тоқталды.
– Ауылшаруашылығы – экономиканың негізгі драйвері. Сондықтан бұл салаға ерекше екпін беріледі. Биылғы жылы барлығы 7 819 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жаңа жоңышқа 690, қант құмайы 57, арпа 90, жаздық бидай 70, жүгері 185, судан шөбі 100 гектарға егілді. 2 450 гектарға көкөніс, бақша дақылдарының дәні себілді. Ал, негізгі дақыл күріш 2 681 гектарға егілді, – деді ол.
Су мәселесі бөлек айтылды. Әкімнің сөзінше, вегетациялық кезеңде тапшылықтың алдын алу шарасы жүйелі жүргізіліп, шаруашылықтарға аяқ су жеткілікті деңгейде беріліп отыр.
– Сондай-ақ, экология мен су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы тағы бір маңызды қадамды атап өткеніміз жөн. Қазіргі таңда аяқ суды үнемдеуге бағытталған шара — Қызылжарма каналының науа құрылысы. Ұзындығы 9 шақырымды құрайтын науаның құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, – деп толықтырды қала басшысы.
Жоба құны 4 миллиард теңге. Биыл 1 миллиард 324 миллион теңге бөлінген. Тамшысын да далаға тамызбай, аяқ суды атыз басына жеткізу мақсаты көзделіп отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!