Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төбелес немесе жоқшылық не істетпейді?!

24.07.2026, 8:30 52

HALYQLINE.KZ

Әңгіме  оқи  отырыңыз

Той-томалақтарда, әсіресе )ұрбан айт кездерінде есепсіз сойылған малдардың ішек-қарындары тазаланбай, кез келген қоқыстарда лақтырылулы жатқандарын жиі-жиі көріп, сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезіндегі бір оқиға еріксіз еске түсетін.

Ол кезде халық өте кедей тұрушы еді. Ел арасында жоқ-жұқа, аш-жалаңаш адамдармен қатар, ақсақ-тоқсақ, шолақ дегендей соғыс мүгедектері толып жүретін. Халық соғыс зардабынан әлі де толық құтыла қоймаған шақ.

Көршіміз Сейілхан ағаның үйінде ешкі сойылып, той ма, құдай жолы ма бірдеңе жасады. Ет қазанға толық салынды да, ішек-қарын тазаланып жатқан. Қазанға ұрлана қарайтын халықтың дені жүдеу, жарытып тамақ ішпей жүргендерінің аш көздері алайып кеткен еді. Сүдіндері адам шошытарлықтай болатын.

Жуылған қарын да қазанға салынды. Кезек ішекке келіп жетті. Бір кезде ішектер де жуылып болды-ау! Бір ешкінің ішегі не болады дейсің?!.. Бәрі жиылғанда бір кішігірім айран ішер кеседей ғана!..

Енді жұрттың назары ішек салынған кесеге ауды. «Кімнің «жұлдызы жанып», ішекке ие болар екен? Бұл сананы билеп алған сансыз сұрақ жұрттың мазасын ала бастады. Өйткені, сойылған ешкінің егесі бағана «ішекті бөліп алыңдар» деген-ді. Енді бөлінер шаққа таянғанда, іштей бір-бірінен қызғана бастағаны мынау!.. Бәрінің ойында: «Майлы ішекті үйіне алып барып, ошаққа салып бір қайнатып алып, бір қарбып алса, шіркін!» деген ой тұрды. Бірақ, бұл бақыт кімге бұйырары тағы белгісіз-ді?!..

Жұрт осылайша ойлана абдырап тұрғанында, әлгі «арман ішекке», сонау ашаршылық заманда, жұрттың айтуы бойынша, Арқадан ауып келе жатқан бір байдың бой жетіп қалған қызын бір кесе тарыға айырбастап, осында қалдырып кеткен, тағдыры талайлы Қазине апамыз бірінші боп қол созды. Ол әрекетке қарсылық жасап, қолын қағып жіберген Күндәу апамыз да күйеуі соғысқа кетіп, жесірліктің зардабын бір адамдай тартқан кейуана болатын.

Қол қағылған сәтте қос мұңлықтың көзі бір-бірімен арбасып қалған еді. Тағдырына нали ма, әлде аш құрсақтықтан ба, өте ашулы Қазине апамыз кеседегі ішекке қол салып, бір уыс ішекті суырып алып еді, қолындағы ішекке Күндәу апамыз жармаса кетті.

Бұл жармасу төбелестің басы екен. Ішекке талас басталып кетті. Қазине апамыз кеседегі ішекті сығымдай ұстаған күйі тартып қалғанда, ішектің едәуір бөлігі қолында кетті. Мұны аңғарып қалған Күндәу апамыз қимылын үдете түсті. Шап беріп, Қазине апамыздың қолындағы ішекке ұмтылды. Азғантай бөлігі қолына ілініп еді, жанталаса тартып кеп қалды. Онысы үзіліп кетті де, Күндәу апамыздың бетіне барып сарт етті. Дәлірек айтқанда, аузына дәл тиді. Шу көтеріле түсті. Күндәу апамыз аузын жеңімен бір сүртті де, құлаштап кеп бір соқты. Қазине апамыз құлақ шекеден тиген соққыдан сәл теңселіп кетсе де, қолындағы ішекті қыса ұстаған күйі, айырылмастай тас түйін бола қалды. Сөйтті де, сәл шегіншектей түсіп, кенет оқша атылды. Арашаға түскен халыққа ие берер емес. Сол пәтпен барып Күндәу апамызды бір соғып өтті. Бұл соққы Күндәу апамызды біраз есенгіретіп тастағандай еді. Сонда да қолына іліккен азғантай ішектен өлсе де айырылар емес.

Айыру бермеген бұл төбелеске енді ақсақалдар да араласа бастады. Екіленіп алған кемпірлер бұларға да пай берер түрі көрінбеді. Жағаласамын деп азғантай несібесінен айырылып қала жаздаған Күндәу апамыз да есін жияр-жимастан жаңа леппен тұра ұмтылды. Қолына қыса ұстаған ішегі бейне тас боп қатып қалғандай. Есесіне, қимылы ширай түскендей! Сол сәтте Қазине апамыздың қолы сәл босаңсығандай болып еді, өкініштісі сол, бір ішек сусып жерге түсіп, құмға былғанып қалды. Бұл жағдай ашудан терісіне сыймай әрең тұрған Қазине апамызды жындандыра жаздады. Дереу қолын сығымдай ұстай алған апамыз да жаңа шабуылға нық дайындала ұмтылды. Сол-сол-ақ, енді қыза бастаған төбелестің жолын арашаға үмтылған ақсақалдар кесіп үлгірді-ау!.. Бірақ, өкініштісі, арашаға ұмтылған ақсақалдардың ең үлкенінің аузына Қазине апамыздың қолындағы ішектің бір бөлігі созылып барып сарт ете қалды. Ауыз-басы салтақ-салтақ боп қалған ақсақал мұрынынан боқ аққан жас баланы көз алдыңа елестетіп, аяқ асты еріксіз күлкі шақырды.

Бұл күлкі тудырар көрініске шыдай алмаған кемпірлер де, жұрттар да еріктен тыс теріс айналды. Бет-аузын бет орамалымен сүрткілеген еңселі қарт аталы сөз айтпаққа оқталып еді, аузына жөнді сөз ілікпей жерге бір түкіріп жіберіп:

— Ай, халайық, мұны көңілдеріңе алмай-ақ қойыңдар! Осының бәрі бір кездері халықтың басына түскен нәубеттің кесірі ғой!.. Болмаса, тоқ адамдар ешкінің ішегіне таласа ма?!.. — деді.

Біз ойланып қалдық. «Нәубеті несі?!…», бірақ ойдың тереңіне бойлай алмадық. Әйтпесе, қазіргідей өткеннен мол хабарымыз болып, «отызыншы жылдардағы болған ашаршылықты» естіп, оқып білер ме едік. Кеңес үкіметі өз қылмыстарын айтпады да, айтқызбады да!.. Қайран ата-бабаларымыз іштен тынып, ол қолдан жасалған нәубетті ұрпақтарына айта алмай, о дүниелік болып кетті-ау!…

Осы оқиғадан бірер айдан соң, Жұбат ақсақал (Қазине апамыздың күйеуі) қаржы тапшылығына орай, үйіндегі жалғыз қашарын сойып, дүкенге салды. «Салса не бопты?!… Қазіргідей зейнетақы да жоқ, қаржы жетпеген шығар!…Оның несі айып?!…»

Алайда, салмақты болсын деп, сойған қашарының етін сол бойда мол қып тұздап, ет дүкенге өткізіпті. Шешем байғұс оны қайдан білсін, жас еттен мол қып сатып алып, үстіне тұз сеуіп, қазанға асқан ғой. Үйдегілер удай ащы етті жей алмапты. Есесіне, ойыннан қатты шаршап ашығып келген мен асығыс тамаққа бас қойғанмын ғой!… Сол екпінмен біраз қарпып тастаппын. Кенет тұздың дәмін сезе бастағанымда, бәрі тым кеш болды!…

Ішімде алай-түлей басталды. Ішім қыза ма, әлде аши ма, әйтеуір бір түсініксіздік күй кештім. Бір кезде шөл қатты қысты. Шешем байғұс бәйек болып жүр. Алдыма шай әкелді. Содан шайды, айда іше-іш!… Тіпті, қанар емеспін!…

Шешем дүкенші болғандықтан, анда-санда тамыр-таныстары, көрші-қолаңдары жиналып, шай ішіп кететіндері бар еді. Сол шай ішу, көбіне-көп жай шай ішуден жарысқа ұласып кететіндей көрінетін. Бұл жолы «жарысқа» тұзды ет жеп алған мен де кеп қосылдым. Және де менің жөнім тіпті де бөлек-ті. Әп дегеннен бас бәйгені шаппай алатыным бесенеден белгілі болды. Небір шайқор деген кемпірлер шаңымды қауып қалып жатты. Көп ұзамай «шай ішудің чемпионы» атандым. Көп кемпір менімен сайысқа түсуге жүрексінетін болды. Осылай балалық шағым да өте шықты.

Кейін ойланып отырсам, сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында халық өте кедей тұрған екен-ау! Бірақ пейілдері кең, ақкөңіл, кешірімшіл болғандығы да көз алдымнан кетпейді. Сол мінезімізден айырылып қалмасақ екен.

Ішекке бола төбелесіп, артынша дым болмағандай татуласып кете беретін дарқандығымыз қайда бүгінде?!.. Қоқыста лақтырылулы жатқан ішек-қарындарды кейде көзім шалып қалғанда, ысырапшылдыққа бой алдырып бара жатқанымызды байқап, ішім удай ашитыны рас! Сол кезде қазақ ата-бабаларымыздың қандай қиындықтарды бастан кешкендері еске түсіп, көңілімнің құлазып қалатынын да жасыра алмаймын.

Ендігі жерде қазақ даласында бәрі жақсы болсын деп тілеймін! Ешқандай жамандық болмасыншы. Осы тілегім Құдайдың құлағына шалынса екен!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: