Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан жаңа KazSat-3R спутнигін жасауға миллиардтар бөлді

23.07.2026, 10:10 66

Қазақстан Үкіметі жаңа KazSat-3R байланыс спутнигін жасауға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды halyqline.kz.

Құжатқа сәйкес, Үкімет резервінен 10,4 млрд теңге бөлінеді. Қаражат жаңа спутникті әзірлеу жобасының алғашқы кезеңдерін қаржыландыруға бағытталмақ. Жоба қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастырып, елдің спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге тиіс. 

Премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін жаңа жерсерікті әзірлеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.

«»KazSat-3″ спутнигін ауыстыру үшін ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру жобасы бойынша жобалау алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түрлі еуропалық және азиялық ғарыш техникасын өндіруші компаниялардың техникалық-коммерциялық ұсыныстары қаралды. Соның негізінде қазіргі уақытта экономикалық сараптамадан өтіп жатқан инвестициялық ұсыныс жасалды», – деген болатын Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, KazSat-3R спутнигін толық іске асырудың болжамды құны 87,2 млрд теңгені құрайды. Оның 40,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал 46,9 млрд теңгесі «РҒБО» АҚ-ның меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылады.

«Бұл сома спутниктік байланыс арналары мен телерадио хабарларын тарату қажеттілігін ескере отырып, жобаның инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тиімділігі үшін жеткілікті. Бас мердігер заңнамаға сәйкес конкурс арқылы таңдалады», – деді Олжас Бектенов. 

Жаңа KazSat-3R спутнигін ұшыру 2029 жылға жоспарланып отыр. Ол қолданыстағы KazSat-3 аппаратының қызметін алмастырып, Қазақстанның байланыс және телехабар тарату инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі көзделген. 

Фото: «РҒБО» АҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: