Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар жаңа идеологияның жауынгеріне айналды

23.07.2026, 8:20 68

Басылымның соңғы сандарын оқыған болсаңыз, жастардың түрлі мәселесін ашық қозғап жүрміз. Қоғам кейде байқап, арасында байқамайтын құбылыстарды зерделеп көруге тырысып, сан алуан пікірді саралап, өзіндік қорытынды ұсынуға ұмтыламыз. Жуырда жоғары оқу орнының бір профессорымен әңгімелесу барысында жастар арасында үнсіз соғыс басталып кеткені туралы тосын пікір естідік. Атауы құлаққа түрпідей тигенімен, бүгінгі буынның бойында бұрынғы ұрпақтан өзгеше бір құбылыс қалыптасып келе жатқанын аңғарған соң, оның себебі мен салдарын іздеп көруге бел будық. Бәлкім сіз де күнделікті өмірде байқап жүрген шығарсыз, бірақ оның астарында осы заманның сипатын аңғармайсыз.  Қазір жиырма жастағы жас пен одан отыз жас үлкен адамның еңбекке, білімге, тұрақтылыққа деген көзқарасы екі бөлек әлемге ұқсайды. Кешегі буын үшін бір мекемеде жиырма жыл жұмыс істеу сенімділіктің белгісі саналатын. Бір дипломды өмір бойы серік ету қалыпты көрінетін. Ал бүгінгі жас бір орында ұзақ отырып қалудан қорқады. Бір қызметте бір жылдан артық жұмыс істегісі келмейді. Бір мамандықпен шектелуді шекарадай қабылдайды. Кеше ғана үлкен мүмкіндік болып көрінген қызмет ертең оның назарынан жоғалып кетуі мүмкін. Университеттен шығып кету де бұрынғыдай өмірдің соңы болып саналмайды. «Жоғалтатын ештеңем жоқ» деген көзқарас кей  жас үшін жаңа  өмір  философиясына айналғандай  әсер  қалдырады.

Мұны сарапшылар «еркіндікке ұмтылу» деп бағалайды. Кейбірі «тұрақсыздықтың белгісі» деп қабылдайды. Ақиқат осы екеуінің орта­сында жатқан шығар. Өйткені, бүгінгі жас бұрынғы ұрпақ секілді жалғыз ауылдың, жалғыз қаланың, жалғыз мемлекеттің мәдени ортасында өсіп жатқан жоқ. Қазақстандағы студент пен Канададағы студент бір платформадан видео көреді, бір музыканы тыңдайды, бір фильм­ді талқылайды, бір мемге күледі. Интернет шекараны ғана алып тас­таған жоқ, ұрпақтардың арасындағы мәдени айырмашылықтарды да жұқартып жіберді.  Әлемдегі ең ірі зерттеу ұйым­дарының бірі саналатын Deloitte компаниясы 2025 жылы 44 мемлекеттен 23 мыңнан астам жас арасында жүргізген сауалнамасында қызық  қорытынды  ұсынды.

Сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігі үшін мансаптық сатының ең жоғарғы баспалдағына көтерілу бұрынғыдай басты мақсат емес болып шыққан. Олардың көпшілігі қызметтен мәртебе емес, мағына іздейді. Жалақыдан бұрын еркіндікке, лауазымнан бұрын ішкі жайлылыққа мән береді. Тіпті, зерттеу­ге қатысқан жастардың өте аз бөлігі ғана болашақта басшы болу­ды армандайтынын айтқан.  Бір қарағанда бұл адамзаттың жаңа жетістігі сияқты көрінеді. Алайда, осы өзгерістің көлеңкелі тұстары да бар. Қиындықпен күресудің орнына одан кетіп қалу, шыдамның орнына ауыстыруды таңдау, бейімделудің орнына бас тарту әдетке айналып кетсе, «ертең ғылым мен білімнің тағдыры не болмақ?» деген сауал еріксіз мазалайды. Өйткені, үлкен жаңалық бір жылда жасалмайды. Мықты дәрігер де аз уақытта  маңызды дағдыларды меңгеріп үлгермейді. Ғалым болу үшін де, инженер болу үшін де, мұғалім болу үшін де ұзақ уақыт бойғы төзім мен табандылық қажет. Экономист Расул Рысмам­бетов «жас буынның тұрақсыздық психологиясының сіңуіне өзіміз кінә­ліміз»  дегенді  меңзейді.

– Біз  жастардың  тұрақсызды­ғына  ренжиміз, бірақ олардың не көріп өскенін ескере бермейміз. Бүгінгі 20 жастағы жас ата-анасының бір мекеме­де 30 жыл жұмыс істеп, соңында сол мекеменің жабы­лып қалғанын көрді. Бір зауыттың, бір кәсіпорынның, бір банктің мәңгілік емес екенін көрді. Сондықтан, олардың санасында «мекемеге адал болудан бұрын,  өз   қабіле­тіңді  күшейту маңыз­ды» деген түсінік қалыптас­ты. Бұл – жалқау­лық емес, тәуекелі жоғары  әлемге  бейімделудің  бір  жолы, — деді экономист  Расул  Рысмамбетов.

Gallup зерттеу орталығы панде­миядан кейінгі кезеңде 35  жас­қа дейін­гі қызметкерлер арасын­да жұмысқа эмоционалдық байланыс әлсірегенін анықтады. Көп­те­ген жас өзін жұмыс орнында бағалан­байтынын, дамуына жағдай жа­сал­майтынын  сезінеді. Соның нәти­жесін­де  үнсіз кету, ішкі түрде алыстау, алғашқы мүмкіндік туған сәтте басқа бағытқа бұрылу жиіле­ген. Батыс зерттеу­шілері мұны «quiet quitting» деп атады. Қазақшаға  аударсақ,  үнсіз кету немесе үнсіз қарсылық деу­ге келеді.  Мәселе жұмыс­та ғана емес. Қазір әлеуметт­ік желі бұрын-соңды болмаған ұжымдық сезімді қалыптастырып жатыр. Бір адам ашуланса, мың адам бірге ашула­нады. Біреу ренжісе, миллион­даған адам оның жанынан табылып жатады. Бір идеяның айна­ласына бірнеше сағаттың ішінде тұтас қауым­дастық жиналуы мүмкін. Бұрын мұндай құбылыстарға айлар мен жылдар қажет болатын. Қазір бір бейнеролик жеткілікті.  Ғалымдар мұны цифрлық ортадағы мәдени таралу құбылысы ретінде зерттеп жүр. Әлеуметтік желілердегі контент адамдардың талғамына ғана емес, дүниетанымына, саяси ұстанымына, қоғамдық пікіріне де әсер ететінін көрсететін  зерттеулер  аз  емес.

Бірнеше елдің пайдаланушыларына жүргізілген халықаралық зерттеулер адамдардың өз ортасындағы пікір мен мінезді тез қабылдайтынын, желідегі ықпалдың шынайы өмірдегі шешімдерге дейін әсер ететінін  көрсеткен.

Қорқыныштысы, осы үнсіз со­ғыс­тың сарбаздары өзінің майдан даласында жүргенін сезбеуі мүмкін. Олар ешқандай бұйрық алмайды. Ешқандай штабқа бағынбайды. Бірақ бір алгоритм ұсынған видео­ны көреді, бір ойды қайталайды, бір эмоцияны бөліседі, бір бағытқа қарай қозғалады. Кейде тіпті өз шеші­мін өзі қабылдап отырмын деп ойлай­ды. Қазақстандық жас IT маман Әли Нұрымбетовтың осы мәселеге  қатысты  ойын  білген  едік.

– Біз көбіне әлеуметтік желіні жай ғана ақпарат тұтынатын алаң деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, қазіргі платформалардың негізгі өнімі – ақпарат емес, адамның назары. TikTok болсын, Instagram болсын, YouTube болсын, барлығы қолданушыны мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалуға жұмыс істейді. Ал адам ұзақ отыр­ған сайын алгоритм оның неге ашула­натынын, неден қорқатынын, нені ұнататынын, қандай пікірге бейім екенін дәлірек анықтай бастайды. Бір қарағанда, біз өзіміз таңдап жүргендей көрінеміз. Бірақ шын мәнінде бізге ұсынылатын дүниелердің ауқымын әлдеқашан алгоритм белгілеп қояды. Мұның бәрін біреудің саналы түрде жастарға қарсы ұйымдастырылған әрекеті деп айту артық болар еді. Бірақ цифрлық орта адамның мінезіне, төзіміне, еңбекке деген көзқарасына әсер етпейді деу де қиын. Қазір ақпарат бұрынғыдай кітаптан неме­се мұғалімнен ғана келмейді. Телефондағы бірнеше секундтық видеолар адамның шешім қабылдау дағдысына дейін ықпал ете алады. Сондықтан бүгінгі жастардың мәселесін талқылағанда технологияны бөлек, психо­логияны  бөлек қарастыру мүмкін емес, — дейді алматылық ІТ маманы Әли  Нұрымбетов.

Бәлкім, сондықтан да бүгінгі ұрпақты басқару бұрынғыдан жеңілдей түскен шығар. Белгілі бір идеяны тарату үшін мыңдаған парақшаның қажеті жоқ. Бір ықпалды аккаунт жеткілікті болуы мүмкін. Бір үрейді тарату үшін де, бір үмітті ояту үшін де көп күш керек емес. Цифрлық дәуірдің ең үлкен күші де, ең үлкен қаупі де осында жатыр.  Бұрын жастар үлкендерге ұқсауға тырысатын, бүгін үлкендер жастарды түсінуге ыңғай жасайды. Кеше ғана тәжірибе бедел сыйласа, бүгін жылдамдық пен бейімделгіштік алдыңғы қатарға шықты. Бір кездері тұрақтылық пен табандылық өмірлік артықшылық саналса, қазір өзгеріске тез икемделу, бағытын жылдам ауыстыру, жаңа ортаға оңай сіңу маңызды қасиетке айналып барады. Мұндай өзгеріс­терді жоққа шығару мүмкін емес әрі олардың бір бөлігінің заман талабынан туындағаны анық. Дегенімен, қоғамды тек жылдамдықпен құруға болмайды, мемлекет тек эмоцияның күшімен дамымайды, ал өркениет бір күндік трендтердің иығына сүйе­ніп алысқа бара алмайды. Ғылымға жылдар қажет, білімге төзім керек, мамандыққа адалдық керек. Егер болашақтың инженері әр жарты жыл сайын бағытын өзгертіп отырса, болашақтың дәрігері алғашқы қиындықта жолдан тайса, болашақ­тың мұғалімі ұзақ жолдың жауапкер­шілігінен именетін болса, онда ертеңгі күн туралы алаңдауға себеп жеткілікті. Әрине, жаңа буынды толық түсінбей жүрген де шығармыз, бәлкім олар біз ойлағаннан әлдеқайда еркін, әлдеқайда икемді, өз жолын өздері тауып кететін ұрпақ болар. Бірақ мойындауға тура келетін бір шындық бар. Бүгін әлемде үнсіз соғыс жүріп жатыр. Оның қаруы да, шебі де, жарылысы да жоқ. Алайда оның майданы адамның санасында орналасқандықтан, салдары кейбір ашық қақтығыстардан да ауыр болуы мүмкін. Ал қызылордалық педагог Гүлнарым Жарылқасын бұл салада әлі де зерттеулер жасап көру керегін алға  тартады.

– Бұрын қазақ баласының мінезін ауыл тәрбиелейтін. Оның дүние­танымын отбасы, көрші-қолаң, мектеп, ауыл ақсақалдары қалыптас­тыратын. Қазір сол ортаның орнын басқа дүниелер басты. Бүгінгі жас бір күнде жүздеген адамның пікірін тыңдайды, мыңдаған адамның өмірін көреді, миллиондаған адамның эмоция­сын бірге сезінеді. Мұндай жағдайда оның кім екені мен кім болғысы келетіні арасындағы шекара әлсірей бастайды. Сондықтан, бүгінгі жастар мәселесін түсіну үшін олардың қандай кітап оқитынынан бұрын, қандай контент көріп жүргенін зерттеу маңыздырақ болып  барады, — деді  педагог.

Gallup орталығы жүргізген тағы бір зерттеуде жастар арасындағы еңбекке деген эмоционалдық байланыс әлсіреп бара жатқаны жазылған. Мұндай өзгерістердің себебін тек жалқаулықтан немесе жауапсыздықтан іздеу тым үстірт пікір болар еді. Әлемдік еңбек нарығының өзі өзгеріп жатыр. Қызметкердің компанияға адалдығы бұрынғыдай бағаланбайды, компаниялардың өзі де қызметкерлерді ұзақмерзімді серіктес емес, уақытша ресурс ретінде қабылдай бастады деген пікірлер бар. Reddit платформасындағы Gen Z қауымдастығында тараған пікірталастардың бірінде жастар ашық түрде «компаниялар қызметкерді бір күнде қысқарта алатын болса, қызметкер неге өмірбойы адал болуы керек?» деген сауал қояды. Бұл пікірдің қаншалықты дұрыс немесе қате екенін уақыт көрсетер, бірақ жаңа буынның ойлау логикасы осыған жақын екені байқалады. 

Нью-Йорк университетінің профессоры, әлеуметтік психолог Джонатан Хайдт соңғы жылдары әлемде үлкен резонанс тудырған «Мазасыз ұрпақ» атты еңбегінде бүгінгі жастардың қалыптасуын «балалық шақтың ұлы қайта құрылуы» деп сипаттайды. Ғалымның пікірінше, 2010 жылдан кейін смартфон мен әлеуметтік желінің жаппай таралуы жасөспірімдердің әлемді қабылдау тәсілін түбегейлі өзгертті. Бұрынғы ұрпақ ойын алаңында өскен болса, қазіргі буын экран ішінде тәрбиеленіп жатыр. Бұрын достық аулада қалыптасса, бүгінгі қарым-қатынас алгоритмдердің сүзгісінен өтеді. Ғалым осы өзгерістердің нәтижесінде алаңдау­шылық, күйзеліс және тұрақсыздық көрсеткіштері күрт артқанын айтады.  Мұның бәрі біз айтып отырған «үнсіз соғыс» ұғымына жақын келе­тінін байқаймыз. Өйткені, бүгінгі жас ашық қарсыласпайды, ұрандатпайды, атойламайды да. Бірақ үнсіз түрде кетіп қалады, үнсіз түрде бас тартады, үнсіз түрде бойын аулақ салады. Бұрын жұмысынан кету үшін үлкен себеп керек болатын. Қазір көңіл толмауының өзі жеткілікті. Бұрын дипломнан айырылу өмірлік трагедия саналатын. Қазір кей жас­ үшін  бұл  бағытты өзгертудің бір ғана  жолы  ретінде  қабылданады.

Ең қызығы, бұл құбылыстың гео­графиясы жоқ. Алаңдататыны да  – осы тұс. Бұрын адамның көзқарасын отба­сы, мектеп, ауылдың ақсақалы, мұғалімі мен айналасындағы орта қалыптастыратын. Қазір бұл тізімге көзге көрінбейтін, бірақ ықпалы әлдеқайда күшті жаңа ойын­шылар қосылды. Алгоритмдер адамның не көретінін ғана емес, неге ашулана­тынын, нені әділетсіздік деп қабыл­дайтынын, кімге сенетінін де байқатпай қалыптастырып жатыр. Бүгінде бір контентке бірдей реакция білдірген буын, ертең де ортақ мәселеде бір-біріне ұқсақ құлық танытуы да ғажап емес. Өзіндік пайым өліп  жатыр  деген – осы…

Гарвард университетінің саясаттанушысы Касс Санстейн мұндай құбылысты «ақпараттық қауымдас­тықтардың тұйықталуы» деп сипаттайды. Адам өзіне ұқсас пікірлердің арасында ұзақ жүрген сайын көз­қарасы бұрынғыдан да қатая түседі, ал қарсы пікір бөтен әрі қауіпті көріне бастайды. Сандық дәуірдің ең үлкен парадоксы да осында шығар. Адамзат бұрын-соңды болмаған деңгейде байланысқа шықты, бірақ бірін-бірі түсіну бұрынғыдан қиындап бара  жатқандай.

Америкалық психолог, Сан-Дие­го университетінің профессоры Джен Туендж соңғы он жылдағы жастар психологиясын зерттей келе, бүгінгі буынды «тарихтағы алғашқы толық цифрлық ұрпақ» деп атайды. Оның пікірінше, смартфон мен әлеуметтік желі байланыс құралын ғана өзгерткен жоқ, адамның уақытқа, еңбекке, қарым-қатынасқа деген көзқарасын да түбегейлі басқа бағытқа бұрды. Ғалым бұрынғы буындар үшін қалыпты саналған ұзақмерзімді жоспар құру, бір салада ұзақ уақыт жұмыс істеу, белгілі бір ортаға байланып қалу секілді түсініктердің әлсіреп бара жатқанын айтады.  Екіншіден, қазіргі жастардың жұмысқа деген көзқарасын көп адам жалқаулықпен түсіндіруге тырысады. Бірақ америкалық менеджмент сарапшысы Симон Синек мұнымен келіспейді. Оның пікірінше, бүгінгі жас жұмыс орнын жиі ауыстырады, өйткені олар компаниялардың қыз­меткерлерге деген адалдығының әлсірегенін көріп өсті. Олар қаржы дағдарысын көрді, пандемияны көрді, мыңдаған адамның бір күнде жұмыстан қысқарғанын көрді. Сондықтан, олар жұмыс берушіге бұрынғы буын секілді өмір бойғы серіктес  ретінде  қарамайды. 

Әлеуметтік желідегі пікірталас­тардың өзінде қызық ойлар айтылатынын байқадық. Reddit платформасындағы бір қолданушының «Gen Z үнсіз жұмыстан кетуді ойлап тапқан жоқ, тек бұрыннан бар нәрсені қалыпты құбылысқа айналдырды» деген сөзі кең тараған болатын. Оның пайымынша, бұрынғы буын өзіне ұнамайтын жұмыста ондаған жыл жүре берген, ал қазіргі жастар ішкі наразылықты үнсіз төзіп жүрудің орны­на  кетіп  қалуды  жөн  көреді.

Тағы бір еңбек нарығын  зерттеуші  Равин Джесузасан  мынадай пайымын  бөліседі.  Оның ойынша, жастар  «өмір  сүру үшін жұмыс істейді, жұмыс істеу үшін өмір сүрмейді». Бұл айырмашылық байқалмаса да, осы заманның психологиясын сипаттайды. Бұрынғы ұрпақ үшін жұмыс адамның жеке басын анықтайтын өлшемдердің бірі болса, қазіргі жастар үшін жұмыс өмірдің тек бір бөлігі ғана.  Қазақстанда да осыған ұқсас зерттеулер жасалып жатыр.

Қарағандыдағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті­нің зерттеушілері 2025 жылы қазақ­стандық Z буынының еңбек құндылықтарын зерттеген сауалнама жүргізді. Зерттеу бизнес және технология бағытында білім алып жатқан студенттер арасында өткі­зілген. Нәтижесінде  жас мамандар үшін жал­ақы мен қызметтік тұрақтылықтан бөлек, жұмыстың мағынасы, шығармашылық еркіндік, икемді жұмыс тәртібі, ұжым ішіндегі қарым-қатынас және кәсіби дамуға мүмкіндік маңызды екені анықталған. Зерттеу авторлары бүгінгі жастар материалдық сыйақымен қатар, жұмыстың жеке құндылықтарымен сәйкестігіне де ерекше мән беретінін атап өтеді.

Дегенімен, біз көтеріп отырған «үнсіз соғыс» ұғымын әлеуметтік психологтардың да сөздерінен байқадық. Олар қазіргі жастардың ашық қақтығыстан гөрі үнсіз қарсылық формаларын таңдайтынын айтады. Жұмыстан кетіп қалу, тапсырманы минимум деңгейде орындау, оқудан бас тарту, ұйымнан эмоцио­налдық тұрғыда алыстау, цифр­лық қауым­дастықтарға көбірек сену секілді әрекеттер дәстүрлі қарсылықтан өзгеше жаңа әлеуметтік мінез ретінде қарастырылады. Батыс әдебие­тінде мұны «quiet quitting», «digital disengagement», «psychological withd­rawal» секілді терминдермен сипаттайтынын  тілге  тиек  еттік. 

Тарихқа қарасаң, адамзаттың ең ірі жетістіктерінің ешқайсысы асығыстықтан туған жоқ. Университеттер бір жылдың ішінде салынған жоқ, ғылым бір маусымда дамыған жоқ, мемлекеттер де бір буынның ғұмырында қалыптасқан жоқ. Барлығының артында үнсіз еңбек, қайталанған әрекет, ұзақ жылдардың сабыры тұр. Егер осы қасиеттер сирей бастаса, ертеңгі қоғамның алдында кадр тапшылығы емес, мінез тапшылығы пайда болуы ғажап емес. Ойымызды қоғам зиялысы Ақселеу Сейдімбектің мына сөзі де қуаттап берді. «Ұлттың болашағы ең алдымен оның мінезінде жатыр» дейді этнограф-жазушы бір сұхбатында ұлттық мінез туралы ойын сабақтай отырып. Айтпағымыз – осы. Ал сіз бұл мәселенің  қаупі  қандай  деп  ойлайсыз?

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллаж: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: