Дарияның төменгі ағысындағы Шиелі ежелден еңбек пен өнердің, білім мен берекенің қатар өрілген мекені саналады. Дарқан даласында күріш жайқалып, қойнауынан кен өндірілгенімен, аудан мерейін үстем ететін құндылықтың салмағы өзгеше. Биыл №127 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейдің егіз түлегі Кәусар Алтынсары Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл, Гауһар Алтынсары 139 балл жинап, республикадағы ең жоғары нәтижелердің қатарынан көрінді. Ауыл мектебінен шыққан қос түлектің табысы Шиелідегі білім сапасының деңгейін аңғартты.
Шиелі десе ақ күріш еске түсетіні рас. Соңғы жылдардағы жетістіктер қатарына білім саласы да нық қосылды. Ұстаздың тынымсыз еңбегі, шәкірттің ізденісі мен ата-ананың сенімі ауданның даму бағдарына жаңа мазмұн беріп келеді. Сондықтан өңірдің бүгінгі тынысын бағалағанда мектептің де мерейі алдыңғы қатардан көрінеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен инфрақұрылым салаларында атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты баяндап, жыл басынан бергі нәтижелерді саралады.
Ұстаздың шамы жанған шаңырақта ұлттың ертеңі де жарық болады. Сондықтан қай өңірдің де келешегін таразылағанда алдымен мектептің есігін қағу бекер емес. Бүгінгі оқушының білімі ертеңгі дәрігердің қолына, инженердің жобасына, диқанның тәжірибесіне, кәсіпкердің тәуекеліне айналады. Шиеліде соңғы жылдары қолға алынған жұмыстардың өзегінен де дәл сондай ұстаным аңғарылады. Білімге салынған қаржы шығын ретінде емес, ертеңгі күнге салынған сенім ретінде қабылданады. Сол сенімнің алғашқы жемісі де көріне бастаған. Биыл ауданның Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші 85,7 балға жетіп, облыс бойынша үздік үштіктің қатарына енді. Жүзден жүйрік шыққан талапкерлердің қатары көбейіп, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерінің саны артты. Үш ауысымды мектептің болмауы, білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасының кезең-кезеңімен жаңартылуы сапаға жасалған жүйелі қадамның нәтижесі екені аңғарылады. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков те білімнің басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
– Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 85,7-ні құрап, өңір бойынша үшінші орынға шықтық. Сонымен қатар 109 түлек «Үздік аттестат», 93 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Ең бастысы – балаларымыздың сапалы білім алып, заман талабына сай тәрбиеленуіне барлық жағдайды жасау, — деді аудан әкімі.
Білімнің тамыры терең жайылған жерде тіршіліктің өзге салалары да қатар көктейді. Жас буынға жасалған жағдай өндірістің де, кәсіпкерліктің де, қоғамдық сананың да келешегіне әсер етеді. Сондықтан аудан экономикасындағы өсімді жай ғана санның көбеюі деп қабылдау ағаттық болар еді. Қазынаның қомақты болуы маңызды болғанымен, одан да маңыздысы – сол қаржының елдің игілігіне айналуы. Соңғы жылдары аудан бюджетінің көлемі айтарлықтай ұлғайып, жергілікті кірістің артуы өңірдің өз мүмкіндігін кеңейте түскен. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, инфрақұрылымды жаңартуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып келеді. Жоспарланған кірістің артығымен орындалуы да аудан экономикасының тынысы кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Осы орайда аудан басшысы мынадай мәлімет келтірді.
– Осы жылдың бүгінгі күнгі жағдайы бойынша түзетілген аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 16 млрд 10 млн 506 мың теңгені құрады. Жыл басындағы бюджетпен салыстырғанда 5 млрд 716 млн теңгеге ұлғайды. Алты айдың қорытындысымен аудан бюджетінің кірісі 100 пайыз орындалды. Өз кірісіміз жоспардағы 3 млрд 767 млн теңгенің орнына 4 млрд 180 млн теңгені құрап, 110,9 пайызға орындалды. Соңғы үш жылда ауданның өз кірісі 5,3 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін өсіп, 141 пайыздық өсімге қол жеткіздік, — деді Айтбай Жандарбеков.
Дарияның жағасын жайлаған жұрт үшін еңбек пен егін – егіз ұғым. Қай кезеңде де Шиелінің шаруасы күрішпен бірге қатар аталады. Десе де, уақыттың талабы өзгерді. Су үнемдеу, өнімділікті арттыру, жаңа технология енгізу секілді міндеттер алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан бүгінгі диқанның еңбегі тек жер жыртып, дән себумен шектелмейді. Ғылым мен тәжірибені ұштастырған жаңа көзқарас қажет. Ауданда осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Егіс алқаптарының құрылымы қайта қаралып, су аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайтылған. Заманауи суару технологиялары енгізіліп, жерді лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілген. Өндірілген өнімнің сыртқы нарыққа шығарылуы да ауданның аграрлық әлеуетін аңғартады.
– Биыл аудан бойынша 32 мың 515 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 11 мың 600 гектарды құрайды. Су тапшылығын ескере отырып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайтылуда. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары енгізілуде. Биыл 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Қазіргі уақытта 5,4 мың тонна күріш пен бау-бақша өнімдері Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің өзге өңірлеріне экспортталуда, — деді аудан әкімі.
Осындай серпін кәсіпкерлік пен инвестиция саласында да байқалады. Өнеркәсіп көлемінің артуы, өңдеу өндірісінің дамуы, құрылыс жұмыстарының жандануы мен тұрғын үй құрылысының көбеюі аудан экономикасының бір ғана бағытқа сүйенбей, бірнеше салаға қатар иек арта бастағанын көрсетеді. Ең маңыздысы, мұның барлығы ақыр соңында елдің тұрмысымен, жастардың мүмкіндігімен, ауылдың ажарымен сабақтасып жатыр.
Баспасөз мәслихаты аяқталған соң ауданның өткені мен бүгінін жалғап тұрған бір ұсынысты да ортаға салдық. Ортақшыл ауылындағы №150 қазақ орта мектебіне оқу ордасының негізін қалаған ағартушы Мінәт Қалдыбаевтың есімін беру мәселесін көтердік. Мінәт Қалдыбаев – ауыл баласының білім алуын өмірлік мұратына айналдырған жанның бірі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары ауыл тұрғындарын жұмылдырып, Ортақшылдағы алғашқы мектептің ашылуына ұйытқы болды. Кейін талай қиындықты бастан өткерген білім ошағы бүгінде бірнеше буынды тәрбиелеген қарашаңыраққа айналды. Сол мектептің іргесін қалаған азаматтың есімі туған ауылындағы білім ордасына берілсе деген тілек ауыл тұрғындарының арасында көптен бері айтылып келеді. Әсіресе өмірден өткен ауыл ақсақалы Асанхан Ақпанбетов осы ұсынысты қай ортада да үзбей көтеріп жүрген азаматтың бірі еді. Өкініштісі сол, көзі тірісінде бастама қолдау таппады. Ақсақалдың аманатындай болған ұсыныстың жерде қалмағанын қалайтын ағайынның өтінішін біз де аудан басшысына жеткіздік. Ұсынысқа қатысты пікірін білдірген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мәселені назарға алатынын айтты.
«Мәселе өз бақылауымда болады. Тиісті ономастика саласының мамандарына зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Заң талаптарына сәйкес қаралатын болады» деді аудан әкімі.
Жарты жылдың еншісіне бұйырған нәтижені уақыттың өзі таразылайды. Әйткенмен, бүгінгі Шиеліге көз салған жан аудан тынысының бір ғана саламен өлшенбейтінін аңғарады. Білімнің бәсі биіктеп, егістіктің еңсесі көтеріліп, кәсіптің көкжиегі кеңейіп, ел тарихына деген құрметтің жаңғыра бастауы өңірдің бағыт-бағдарын айқындай түседі. Көрсеткіштің көптігі кейде көңілге медеу болғанымен, халықтың көңілінен шығатын өлшем мүлде басқа. Ауыл мектебінен түлеп ұшқан баланың талабынан, жерге дән сепкен диқанның берекесінен, кәсібін кеңейткен азаматтың тәуекелінен, туған жерінің тарихын түгендеуге ұмтылған жұрттың ниетінен өңірдің шынайы келбеті көрінеді. Осындай құндылықтар қатар өрілген жерде атқарылған істің де ғұмыры ұзақ болады. Шиелі – ежелден еңбекпен танылған өлке. Сол болмысынан жаңылған жоқ. Еңбектің өтеуі біліммен толықса, білімнің қадірі тарихқа құрметпен сабақтасса, мұндай тірліктің баянды боларына сенім мол. Алдағы міндет те айқын. Басталған істің берекесін қашырмай, ел күткен игілікті жалғастыру. Сонда ғана бүгінгі көрсеткіш ертеңгі жетістікке, бүгінгі сенім келешектің шындығына айналмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!