Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аспанға  атылған  оқ

21.07.2026, 9:30 81

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Бір адамның екі басы бар дегенді білеміз, «Сиам» егіздерін айтамын. Ал, бір адамның екі бірдей бастығы бар дегенді естіп бір түрлі болдым. Менің құрдасым Тақтайбек отыз жыл бойы бір мекемеде күзетші болып істейді. Совет заманынан бергі мойыны қисық қос ауыз мылтығын иығына əлі асынып жүр. Мылтық бірде-бір рет аспанға да атылған жоқ. Өйткені, мекемеде ұрлайтын ештеңе қалмады. Қалдырмады. Кімге атады? Сол құрдасымның жақында екінші бастығы пайда болыпты. Енді басы əбден қатыпты. Бір күні Тақтайбектің бірінші бастығы келіп былай депті:

— Сен мына қоқыс салатын жəшікті есіктің оң жағына апарып қой, — дейді.

Басекеңнің айтқаны заң ғой. Орындайды. Сәлден кейін екінші бастығы шіреніп темекі тартуға сыртқа шығады.

— Мына қоқыс жəшігін оң жаққа кім қойды?

— Мен, — дейді құрдасым.

— Сол жағына апар, — деп бұйрық береді.

Амал жоқ апарып қояды. Кабинетінде отыра алмай іші пысқан бірінші бастығы тағы далаға шығады. Көзі бірден қоқыс салатын жəшікке түседі.

— Мен саған не айттым?

— Оң жаққа қой дедіңіз.

— Ендеше неге орындамайсың? Тойынайын дедің бе, иттің күшігі? — деп бастығы дауыс көтереді.

— Кешіріңіз, мен сіздің айтқаныңызды орындадым. Бірақ, жаңа екінші бастығым қайтадан орнына қойдырды, — деп, қоқыс жəшігін көтеріп есіктің сол жақ қапталына қояды.

Темір жəшік жеңіл емес ауыр. Тақтайбек терлеп кетеді. Қалтасынан темекісін алып енді тұтата бергенде, екіншісі шығады.

— Тақтайбек, сен соңғы кездері бұйрықты орындамайтын болғансың ба?

— Бірінші бастық… — деп, құрдасым міңгірлейді.

— Мен кіммін?

— Екінші бастық.

— Сенің əйеліңді жұмысқа тұрғызған кім?

— Əрине, сіз.

— Орнына қой, — деп ішке кіріп кетеді.

Тақтайбек мықшыңдап қоқыс жəшігін жылжытып жатқанда бірінші бастығы үстінен түседі.

— Мен саған жəшікті оң жаққа қой дедім бе?

— Дедің.

— Енді неменеге солға қарай жылжытып жатырсың? — деп бас салып айғайлайды.

— Екінші бастығым айтты.

— Мен саған кім боламын?

— Бірінші бастық.

— Жұмысқа сені кім қабылдады?

— Сіз, — деп жауап береді Тақтайбек.

— Олай болса менің рұқсатымсыз қозғаушы болма, ұқтың ба? — деп ақырады.

Сол кезде екінші бастығы келіп қалады.

— Тақтайбек, солға апар, — дейді.

— Жоқ, оңға, — деп, дауыс көтереді бірінші бастық.

— Солға…

— Оңға…

— Солға…

Ашу түгілі қой аузынан шөп алуды білмейтін құрдасымның осы сəтте жүйкесі қозып, бет терісінің нерві талшықтары жыбырлап, саусақтары дірілдеп, мылтықтың шүріппесін басып қалады. Мылтық аспанға тарс етіп атылады. Екі бастық зəрелері ұшып тізерлеп жерге құлай кетеді. Тақтайбек ызаға булығып екеуіне мылтықты кезейді.

— Атамын, — дейді.

Аспанға қос ауыздан бір оқ атылды. Екіншісі оқтаулы тұр.

— Айналайын Тақтайбек, ақылың бар ғой, мен халыққа керек адаммын. Қаланың қақ ортасынан саған бір бөлмелі үй əперемін, — деп, бірінші бастығы жыламсырап жалынады. Көзінің жасы көл болады.

— Мен екі бөлмелі үй беремін, -деп, екіншісі өлердегі сөзін айтады.

Əйтеуір, жандары қысылған басшылар құрдасымның қызметін өсіруге дейін уәде беріп, əрең дегенде аман құтылыпты деседі…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: