Бүгін Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті.
Жиында 2026 жылдың қаңтар–маусым айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық және жергілікті бюджет қаражатының игерілу барысы қаралды.
Алты айдың қорытындысымен ауданда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары, тұрғын үйді пайдалануға беру, инвестиция көлемі және бөлшек сауда салаларында өсім байқалды.
Аудан әкімі сала басшылары мен аудан әкімінің орынбасарларына жыл соңына дейін оң динамиканы сақтап, жоспарлы индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеру мәселесі қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Мәжілісте санитарлық тазалықты сақтау, әкімшілік құқық бұзушылықтарды рәсімдеу кезінде планшеттерді тиімді пайдалану, электрондық цифрлық қолтаңбаны заң талаптарына сәйкес қолдану және елді мекендердегі интернет сапасын жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Аталған мәселелер бойынша жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүйелі түрде жалғастырып, барлық елді мекендерде санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі атап өтті.
Жиында өткен аптада іске қосылған түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру және жоғары сұрыпты ас тұзын шығару зауыттарының жұмысы, сондай-ақ жыл соңына дейін жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралды. Аудан әкімі жаңа өндіріс орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жауапты тұлғаларға жүктеді.
Мәжіліс қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы барлық берілген тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!