Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада ауа температурасы 45 градусқа дейін жетуі мүмкін

14.07.2026, 10:20 66

Қызылорда облысында алдағы күндері аптап ыстық сақталады. «Қазгидромет» мамандары өңірде ауа температурасы 40-44 градусқа дейін көтерілетінін, ал облыстың оңтүстік бөлігінде 45 градусқа дейін жететін өте қатты ыстық болатынын болжады.

Синоптиктердің мәліметінше, 14-17 шілде аралығында өңірдің оңтүстігінде күндізгі ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріледі. Ал Қызылорда қаласында 14-15 шілде күндері сынап бағаны 40-42 градус шамасында болады.

15-16 шілдеде облыс аумағында жауын-шашын күтілмейді. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрге дейін жетсе, кей жерлерде екпіні 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Сонымен қатар өңірде өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Мамандар Қызылорда облысының басым бөлігінде, оның ішінде облыс орталығында төтенше өрт қаупі бар екенін ескертті. Ал облыстың солтүстік және орталық аудандарында жоғары өрт қаупі тіркелген.

Бұдан бөлек, 14 шілдеде облыстың солтүстік және орталық бөліктерінде шаңды дауыл болуы ықтимал. Осыған байланысты тұрғындарға алыс жолға шыққанда сақтық шараларын күшейту, ашық отты пайдаланбау және күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеу ұсынылады.

Жалпы, республиканың бірқатар өңірлерінде де аптап ыстық сақталғанымен, ең жоғары температура Қызылорда облысында тіркеледі деп күтілуде. Синоптиктер тұрғындарды күн өту қаупінен сақ болуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: