Елімізде қолданысқа енген жаңа Конституция азаматтардың денсаулығын қорғау саласында маңызды өзгерістерді айқындады. Негізгі заңда медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, профилактикалық бағытты күшейту, медициналық ғылымды дамыту және ана мен баланы қолдау мәселелеріне ерекше басымдық берілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға арнаған үндеуінде жаңа Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңін бастап, саяси жүйе мен мемлекеттік институттарды жаңғыртуға жол ашқанын атап өтті.
Жаңа Конституцияға сәйкес, сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға базалық медициналық көмектің кең көлемі кепілдендірілді. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тетіктері кеңейтіліп, оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді.
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында көпбейінді облыстық ауруханасының нейрохирург дәрігері Шынжырбай Оразмаханұлы жаңа өзгерістердің халық денсаулығын нығайтудағы маңызы зор екенін айтты.
– Конституцияда профилактикаға, қоғамдық денсаулықты сақтауға басымдық берілуі аурудың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысты күшейтеді. Бұл тек дәрігерлердің ғана емес, әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жалған медициналық ақпараттан қорғауға бағытталған нормалардың енгізілуі халықтың сапалы әрі қауіпсіз ақпарат алуына мүмкіндік береді, — деді дәрігер.
Өз кезегінде көпбейінді облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург дәрігер Берік Дәуітбаев жаңа Конституция медициналық көмектің сапасын арттыруға және жоғары технологиялық медицинаның дамуына серпін беретінін жеткізді.
– Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көздерінің кеңеюі заманауи медициналық технологияларды енгізуге, күрделі операциялардың қолжетімділігін арттыруға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ана мен баланы қорғау, отбасы институтын қолдау және медициналық ғылымды дамытуға басымдық берілуі қоғам денсаулығын нығайтудың маңызды кепілі, — деді кардиохирург.
Жаңа Конституция адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындай отырып, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл өзгерістер медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!