Соңғы бір жылда Қазақстанда саяси партия құру талабы бірнеше рет жеңілдетілді. Тіркеу үшін қажет мүше саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқарды, өңірлік филиалдың ең төменгі саны 600-ден 200 адамға, ал бастамашыл топ мүшелерінің саны мыңнан 700-ге дейін азайды. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова бұл нәтижені жетістік ретінде таныстырды. «Соңғы жылдардағы тәжірибе жүргізілген заңнамалық реформалардың тиімділігін растап отыр» деді ол, тіркеу шегі төмендетілгеннен кейін елде үш жаңа саяси партия тіркелгенін хабарлай отырып. Оның біреуі –«Әділет», қалғаны кімдер? Ізденіп көрейік.
Үшеуінің ішінде ең көрінетіні әрі саяси салмағы жағынан ерекшеленетіні – «Әділет» партиясы. Осы партияның қысқа тарихы жаңа тіркеу тәртібінің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы көрсетеді. «Әділет» партиясын құру бастамасы биылғы 15 сәуірде жарияланды. Оны бастаған он алты адамның қатарында «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, балалар омбудсмені Динара Зәкиева, саясаттанушы Марат Шибұтов, кәсіпкер Ренат Бектұров, журналист Ирина Тен сынды түрлі саладан шыққан есімдер бар. Топ өзінің мақсатын анық жазды. «Әділет» партиясы – өзгерісті қалайтын және оны ақылмен, жүйелі түрде жүзеге асырғысы келетін азаматтардың таңдауы. Біз бірге әділ қоғам, әлеуеті зор Ел құра аламыз!» деп жазды Р.Кенжеханұлы әлеуметтік желіде.
Одан кейінгі жол таңғаларлық жылдамдықпен өтті. 7 мамырда құрылтай съезі ұйымдастырылып, 1 маусымда мемлекеттік тіркеу жүзеге асты, ал 12 маусымда отыз жылдан астам биліктегі «Аmаnаt» партиясы өзін-өзі тарату арқылы «Әділетке» қосылатынын жариялады. «Аmаnаt» тарапынан бұл шешімді түйіндеген саясаткер Ерлан Қошанов оны былай негіздеді. «Біз уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек», — деді ол съезд мінберінен. Нәтижесінде, «Аmаnаt»-тың бүкіл ұйымдастырушылық ресурсы, өңірлік желісі мен кейбір бағалаулар бойынша, көпшілік мүшесі жаңа партияға ауысты. Партияның саяси кеңес мүшесі Марат Шибұтовтың бағалауынша, «Әділет» алдағы Құрылтайдағы 145 орынның 70-80 пайызын, яғни шамамен 100-120 мандатты иеленуді көздейді. Егер бұл болжам ақталса, атауы жаңарған партия іс жүзінде бұрынғы билік партиясының рөлін толық қайталайды.
Ал қалған екі партия туралы ресми дереккөздер нақты ештеңе айтпайды, әлбетте, бұл өз алдына сұрақ туғызады. Осы аралықта тіркелуге тырысқан, бірақ сәтсіздікке ұшыраған бастамалар да аз емес. Биылғы сәуірде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай «Қазақстанның демократиялық партиясын», ал қоғам белсендісі Санжар Боқаев «Намыс» партиясын тіркете алмады. Ежелден белгілі «Алға, Қазақстан» бастамасы да, мүшелері саяси себеппен сотталған «Атажұрт» ұйымы да партия мәртебесін ала алмады. Азаттыққа пікір білдірген саяси сарапшы: «Саяси алаң толықтай тазартылды» дейді жаңа формалды партиялардың пайда болуы қоғам өмірін жақсы жаққа өзгертпейтінін алға тартып. Ал Мәжіліс спикері Мәулен Әшімбаев мұндай сынға келіспейді. «Ұйымдарды тіркеу бізде заңнама аясында жүзеге асырылады» деп жауап берген болатын ол осыған ұқсас сұраққа. Осы қарама-қайшылықтың өзі мәселенің түйінін көрсетеді, тіркеу шегі кемігені рас, дегенмен нақты кімге, қашан тіркелу мүмкіндігі берілетіні бұрынғыдай іріктеу сипатында қалуда.
Бұл тұста қызықтарихи параллель де бар. «Әділет» атауы қазақ саяси өрісінде бірінші рет пайда болып отырған жоқ. 2004 жылы белгілі заңгер, бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев құрған «Әділет» партиясы сол кездегі саяси жүйенің бір бөлшегі болған. 2013 жылы ол «Руханият» партиясымен бірігіп, кейін «Бірлік» құрылымына сіңіп, атауы тарихқа кеткен еді. KZnews басылымы жаңа партияның пайда болуын дәл осы тарихи қайталанумен байланыстырып, «жаңа дегеніміз – ұмытылған көне ме?» деген сауалды алға шығарды.
Тіркеу тарихына тереңірек үңілгенде, мынадай ақпаратты көзіміз шалды. Шамамен 2012-2013 жылдардан бастап 2022 жылға дейін, яғни он жылдан астам уақыт бойы, Қазақстанда бірде-бір жаңа саяси партия тіркелген жоқ. Осы ұзақ үзілісті бірінші болып бұзған – 2022 жылдың 30 қарашасында тіркелген «Байтақ» жасылдар партиясы. Азаттық радиосы сол кезде мұны «кейінгі он шақты жылда елде тіркелген алғашқы саяси партия» деп атаған болатын. Артынша, 2023 жылдың 18 қаңтарында «Respublica» партиясы тіркелді – оның негізін қалаушылар тіркеу құжатын қолға алғанға дейін бірнеше рет қайтарылып, ұзақ апталар мен айлап күткен сәтсіздіктен өткенін өздері мойындаған. Екі партияның да тіркелуі кездейсоқ емес, дәл сол кезеңде, Қаңтар оқиғасынан кейінгі реформа аясында, партия тіркеу шегі алғаш рет 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін түсірілген болатын.
Демек, «Әділеттің» биылғы тіркелуі мүлде жаңа құбылыс емес, ол 2022 жылы басталған кезеңнің жалғасы ғана. Бірақ бір айырмашылық бар – Байтақ пен Respublica өз алдына, билік құрылымынан тыс жерден пайда болған жаңа топтар ретінде жарияланса, «Әділет» тікелей отыз жылдық билік партиясының ресурсын, өңірлік желісі мен мүшелерін өз қойнына алды. Осы тұрғыда «тіркеу жеңілдеді» деген қорытынды дұрыс болғанымен, сол жеңілдіктің нәтижесінде нақты кімнің пайда табатыны – бөлек әңгіме. Ал сол аралықта, дәл осы жеңілдетілген ережеге қарамастан, Жанболат Мамай мен Санжар Боқаев сияқты оппозициялық бастамалардың әлі күнге дейін тіркелуден өте алмауы – жеңілдіктің бәріне бірдей емес, іріктемелі түрде жұмыс істейтінін көрсетеді.
Тіркеу шегінің төмендеуі – өз алдына прогрессивті қадам. Дегенмен, осы жеңілдіктің нәтижесінде пайда болған партиялық көрініс әзірге бір ерекшелікпен сипатталады, ол – билікке жақын, конституциялық реформаны қолдайтын бастамалар тез әрі кедергісіз тіркеліп жатса, ұзақ жылдар тіркелуге тырысқан оппозициялық бастамалар сол қалпында есіктің сыртында қалып отыр. Партиялық өрістің шынымен кеңейгенін, әлде тек бір ойыншының есімі ауысқанын көрсететін нағыз сынақ – 23 тамыздағы сайлау қорытындысынан кейін, жаңа Құрылтайда шынымен де әртүрлі, бір-бірімен пікірі қайшы келетін дауыстар естіле ме, соған қарап білінбек. Ақырын күтейік.
Е.ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!