Арал аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арал ауданының Құрметті азаматы, күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықовты еске алуға арналған «Өнері өлмес өнеге» атты рухани-танымдық іс-шара өтті. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Кеш шымылдығы «Домбырадағы теңіз үні» атты театрландырылған прологпен ашылып, Аралдың тағдыры, теңіздің мұңы мен қуанышы, жырау Мұрат Сыдықовтың туған өлкеге деген перзенттік махаббаты сахналық көрініспен көркем өрнектелді.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз сөйлеп, ел руханиятының көрнекті өкілінің қазақ өнеріне қосқан үлесі мен қайталанбас туындылары жайлы сөз сабақтап, ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ ақын-жазушылар, журналистер, замандастары мен көзін көрген зиялы қауым өкілдері Мұрат Сыдықовтың азаматтық болмысы, шығармашылық келбеті мен ұлттық өнерге сіңірген еңбегі жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Өнер иесінің өмірлік серігі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» Базар Қостайқызының тебіреніске толы естелігі көпшілік көңілін толқытып, кештің тағылымдық мазмұнын тереңдете түсті.
Кеште Мұрат Сыдықовтың халық жүрегінен орын алған туындылары орындалып, туған жердің рухын, теңіздің тағдырын, елдің болмысын бейнелеген шығармалар көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ өнер саңлағының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтер көрсетіліп, қазақ өнерінің белгілі тұлғаларының естеліктері ұсынылды. Бұл өнердің мәңгілігін, тұлғаның халқымен бірге жасайтын рухани ғұмырын айшықтай түскен тағылымды сәттер болды.
Ұлт өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның шығармашылық мұрасын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау және туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікке толы өнегелі ғұмырын ел жадында жаңғырту мақсатында өткен танымдық кеш алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Себебі өнер майталманының өзі өмірде жоқ болса да, оның туындылары талғамы терең тыңдарманы барда мәңгі жасай бермек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!