Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа ата заң – жаңа дәуірдің темірқазығы

02.07.2026, 8:00 32

Ел іргесі бекіп, шаңырағы биіктеген сайын оның тұтқасы болар негізгі Заңы да жаңарып отырмақ. Атам қазақ «Заманына қарай заңы» дегенді тегін айтпаған. Кеше, 1 шілде  күні Қазақстан Республикасының  жаңа Конституциясы  заңды күшіне  еніп, еліміз мемлекеттік  құрылымның тұтас бір кезеңін артқа тастап, жаңа белеске қадам басты. Ал бүрсігүні қос палаталы Парламент өзінің отыз жылдық тарихи жолын түйіндеп, кешелі бері ел жаңа Ата  заңмен  өмір  сүре бастады.

Тарих тезіне жүгінсек, тәуелсіз Қазақстан бұған дейін екі Конституцияны бастан кешірген екен. Тұңғышы 1993 жылғы  28 қаңтарда дүниеге келіп, жас мемлекеттің іргетасын қалаған талбесігі болды. Артынша, нарыққа бет бұрып, президенттік басқару жүйесін орнықтырған тұста  1995 жылғы 30 тамызда екінші Конституция бүкілхалықтық референдумда қабылданып, тура отыз жыл бойы елдің темірқазығы  қызметін атқарды. Енді, үшінші мәрте, 2026  жылғы 15 наурызда халық дауысқа салынған жаңа Ата заңды қолдап, кешеден бастап сол құжат заңды күшіне енді. Қабылданған күні  15  наурыз  –мемлекеттік мереке, Конституция  күні болып  ел  жадында  қалмақ.

Парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи белес­тің  мән-маңызына  айрықша  тоқталды.

– Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрық­ша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл – дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытын­дылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңі­не қадам басқалы тұрмыз. Ертең Қазақ­стан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық  көрсетеді, — деді  Қ.Тоқаев.

Президент бұған дейін де жаңа Конституция­ның халық үшін атқарар салмағын талай рет ашып айтқан болатын. Мемлекет басшысының тұжырымдауынша, жаңа Ата заң – халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры әрі тұрақты дамудың берік кепілі. «Конс­титуция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеді деп сенемін. Қазақстанның дамыған және озық ел болғаны өзімізге ғана керек. Біздің басқа еліміз жоқ», — деген еді Президент. Сол сөзінде Қ.Тоқаев қазіргі және келер ұрпақтың алдында аса жауапты міндет тұрғанын  ескерткен.

Жаңа Конституцияның көлеміне келсек, ол он бір бөлімнен және тоқсан алты баптан тұрады. Мәтіннің 84 пайызы 1995 жылғы редак­циямен салыстырғанда жаңартылған, демек тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды конститу­циялық қайта қарау нақ осы болып отыр. Бас­тапқыда Ата заңның небәрі қырыққа жуық бабына түзету енгізу жоспарланса, қоғамдық талқылау барысында өзгеріс ауқымы кеңейіп, шамамен 2000  ұсыныс  қаралған.  Конститу­ция­лық комиссия құрамына 130-дан астам азамат – Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, мемлекеттік орган мен бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері  кірген.

Отыз жылда атқарылған істің ауқымы ел жадында мол дерекпен қалмақ. Қос палаталы Парламент тәуелсіздік жылдарында 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған, оның әрбір оныншысы депутаттардың тікелей бастамасымен әзірленген. Тек Сенаттың өзі отыз жыл ішінде 890-нан астам жалпы отырыс өткізіп, 3507 заң қарап, мақұлдаған. Жоғарғы палата тарихында 246 сенатор депутат мандатына ие болыпты, олардың қатарында 3 Халық Қаһарманы мен 1 Қазақ­станның Еңбек Ері бар. Сенаторлардың отыз жылда 2931 депутаттық сауалы тіркеліп, олар әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, денсаулық сақтау, инфрақұрылым мәселелерін қамтыған. Қорытынды отырыста Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президентке алғыс айтып, болашақ Құрылтайдың  жұмысына  сәттілік  тіледі.

Жаңа дәуірдің табалдырығынан аттаған Қазақ­стан үшін алдағы жол да белгіленіп қойды. Президент Қ.Тоқаевтың мәлімдеуінше, бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай сайлауы осы жылдың тамыз айында өтеді. Кешегі отырыста Мемлекет басшысы алда жасақталар Құрылтайдың міндеттеріне де кеңінен тоқталып, жаңадан сайланар депутаттарға заң шы­ғару ісіне жаңаша қарап, жұмыстың жылдамдығы мен сапасын қатар арттыруды міндеттеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде заң шығарушы орган қарыштап өзгерген заманға ілесе алуы үшін Президент e-Parlament жүйесін енгізуді, маңызды заң жобаларын сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыға  салуды тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемле­кеттік биліктің түпкі мұраты – халықтың әл-ауқа­тын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сапасын жақсарту екенін айқындады. Президент елді газдандыруды жеделдетуді тапсырып, оның деңгейін қазіргі 65 пайыздан 80 пайызға жеткізуді міндеттеді. Дәстүрлі энергетикамен қатар «жасыл» энергетиканы дамыту қажеттігін де ескертіп, жаңартылатын энергия көздерінің энергобаланстағы үлесі  қазірдің өзінде 7 пайызға жеткенін, ал 2029  жылға  қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат  іске  қосылатынын  жеткізді.

Сонымен, кешеден бастап ел жаңа Ата заңмен тыныстай бастады. Жаңа Конституция әрбір азаматтың құқығын бұрынғыдан да биік қойып, мемлекеттің жауапкершілігін арттырып, билік жүйесін жаңа арнаға бұрды. Ендігі жерде осы құжаттың әр бабы қағаз жүзінде ғана қалмай, нақты тұрмысқа айналуы – бәрімізге ортақ міндет. Ұлы Дала төсінде тамыр жайған мемлекеттігіміздің  жаңа  кезеңі  осылай  басталды.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: