Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала қозғалысының күретамыры –қоғамдық көліктер

02.07.2026, 6:20 46

Қазіргі заманғы қаланың дамуы оның қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігімен тікелей байланысты десек артық емес. Расын айту керек, қоғамдық көлік қызметі – мыңдаған тұрғынның күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды инфра­құрылымның бірі. Жұмысқа, оқу орны­на, ауруханаға немесе түрлі әлеуметтік нысанға қатынауда авто­бус қызметінің қолжетімдігі мен сапасы тұрғындардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда қаласының қоғамдық көлік жүйе­сінде соңғы жылдары бірқатар оң өзгеріс байқа­лады. Бүгінде облыс орталығында 32 қалаішілік бағыт халыққа қызмет көрсетуде. Бұл маршруттарда жалпы саны 300 автобус тіркелген болса, күн сайын олардың 280-290-ы желіге шығады. Қала халқының саны өсіп, жаңа шағын аудандар бой көтерген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан маршрут желісінің кеңеюі мен авто­бустар саны­ның көбеюі – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Әсіресе қала­ның сол жағалау бөлігі мен жаңа тұрғын аудандарының дамуы қоғамдық көлік қатынасына қосымша жүктеме  түсіріп  отыр.

Жолаушылар тасымалы көрсеткіштері де бұл саланың маңызын айқын көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық көлік арқылы 32,5 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде бұл көрсеткіш 15 миллион 477 мыңнан асып отыр. Бұл қоғамдық көліктің қала тұрғындары үшін негізгі қатынас құралы екенін дәлелдейді. Мамандардың айтуынша, жолаушылар санының жоғары болуы бірнеше факторға байланыс­ты. Біріншіден, тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық көлікті күнде­лікті пайдаланады. Екіншіден, жанар-жағармай бағасының өсуі мен жеке автокөлік ұстау шығындарының артуы қоғамдық көлікке деген сұранысты көбейтіп отыр. Үшіншіден, қала ішінде қатынаудың ең қолжетімді әрі үнемді тәсілі ретінде  автобус  қызметі өз маңызын  жоғалтқан  жоқ.

Соңғы жылдары қоғамдық көлік саласына цифрлық технологиялар да белсенді енгізілуде. Қазіргі уақытта автобустардың 100 пайызы GPS бақылау жүйесіне қосылған. Бұл жаңашылдық бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мәселен, тасымалдаушы мекемелер әр авто­бустың қозғалысын нақты уақыт режим­інде бақылай алады. Сондай-­ақ, жүргізушілердің қозғалыс кесте­сін сақтау деңгейі артса, одан бөлек, қоғамдық көлік қозғалысын талдау арқылы маршруттарды оңтайландыруға  жағдай  жасалады.

GPS жүйесінің енгізілуі көлік қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға да ықпал етеді. Қазіргі цифр­лық дәуірде тұрғындар қоғамдық көліктің қай жерде келе жатқанын білуге және уақытын тиімді жоспарлауға мүдделі. Сондықтан мұндай технологиялар алдағы уақытта да қоғамдық көлік саласының ажырамас  бөлігіне  айналуы  тиіс.

Дегенмен, қоғамдық көлік жүйе­сінің тұрақты жұмысына кейде қала көшелеріндегі құрылыс және жөндеу жұмыстары әсер етуі мүмкін. Қазіргі уақытта Қызылорда қала­сының бірқатар көшесінде жол құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Осыған байланысты кейбір қоғамдық көлік маршруттарының қозғалыс бағыттары уақытша өзгертіліп, кей аял­даманың  қызметі  тоқтатылған.

Әрине, кез келген өзгеріс тұрғындар тарапынан сұрақтар туындататыны белгілі. Әсіресе, күнделікті бір бағытпен қатынайтын азаматтар үшін уақытша қолайсыздықтардың болуы – заңды құбылыс. Алайда,  жауапты мекемелердің мәліметінше, бұл өзгерістер қоғамдық көліктің жалпы қозғалыс тұрақтылығына, кестенің сақталуына және жолау­шыларға қызмет көрсету сапасына кері  әсерін  тигізбейді.

– Маңыздысы, бағыттардағы өзгерістер туралы ақпарат тұрғындарға алдын ала әлеуметтік желілер арқылы хабарланып отырады. Бұл өз кезегінде жолаушылардың жаңа қозғалыс сызбасына бейімделуіне мүмкіндік береді. Ақпараттан­дыру жұмыстарының сапалы жүргізілуі – қоғамдық көлік қызметін ұйымдастырудағы маңызды факторлардың бірі, — дейді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қоғамдық көліктерге жауапты маманы Асланбек Тәңірберген.

Қоғамдық көлік жүйесін дамыту автобустар санын көбейтумен шектелмеуі керек. Қала тұрғындары бұл бағытта аялдамалардың жай-күйін жақсарту, электронды ақпараттық тақталарды орнату, қозғалыс кесте­сінің қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың ұсыныстарын ескеретін кері байланыс жүйесін жетілдіру қажеттігін  айтады.

Қызылорда қаласының қоғамдық көлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағыт­тал­ған. Маршруттардың тұрақты жұмы­сы, жолаушылар тасыма­лы көлемі­нің артуы және цифрлық бақылау жүйелерінің енгізілуі бұл саланың дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал жол жөндеу жұмыстары аяқталып, инфрақұрылым жаңарған са­йын қоғамдық көлік қозғалысының  тиімділігі  одан әрі арта түспек.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: