Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Арман-Асыл аналар» ансамблі ұжымын қабылдады

30.06.2026, 8:35 40

HALYQLINE.KZ

Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков халықаралық деңгейде аудан абыройын асқақтатып жүрген «Арман-Асыл аналар» ансамблінің ұжымымен кездесті, деп жазады баспасөз қызметі.

Кездесу барысында аудан басшысы Шиелі өңірінің еңбек пен өнердің, руханият пен мәдениеттің алтын бесігі екенін атап өтті.

– Шиелі – еңбек пен ерліктің өлкесі. Сыр өңірінен шыққан 102 Еңбек Ерінің 41-інің біздің ауданнан шығуы – жерлестеріміздің еңбекқорлығы мен елге деген адалдығының айқын дәлелі. Сондай-ақ, Иманжүсіптей дара тұлға, Сыр сүлейлері Бұдабай, Мәнсүр мен Нартай, Әбләш Әбуов, Әуелбек Қоңыратбаев сынды өнер мен руханият алыптарын дүниеге әкелген қасиетті мекеннің өнердегі сара жолын сіздер де лайықты жалғастырып келесіздер, — деді аудан әкімі.

Айта кетейік, «Арман-Асыл аналар» ансамблі биыл Түркістан қаласында өткен республикалық байқауда Бас жүлдені жеңіп алып, Қырғыз Республикасында өткен халықаралық фестивальге жолдама иеленген болатын.

Ансамбль кейін Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен «Бейбітшілік – ел мұраты» атты халықаралық достық фестиваль-байқауында да Бас жүлдені (Гран-при) жеңіп алып, Шиелі өнерінің мерейін үстем етті.

Аудан әкімі бұл жетістіктің тек өнер ұжымының ғана емес, барша шиеліліктің ортақ мақтанышы екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ансамбльдің көркемдік жетекшісі, талантты әнші Мейіржан Қуандықовтың 20-30 жас аралығындағы вокал байқауында Гран-при иегері атануымен құттықтап, оның бұл жетістігін талмай ізденудің, табиғи талант пен кәсіби шеберліктің жемісі екенін жеткізді.

Кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында ауданымызда мәдениет саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар мен маңызды бастамалардың жүзеге асып жатқанын айтып, ансамбль ұжымына алдағы уақытта Түркия Республикасының Анталия қаласында өтетін халықаралық Қазақстан-Түркия достық фестивалінде де ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды биікте желбірете берулеріне сенім білдірді.

– Өнер – ұлттың рухы. Сіздер сол рухты асқақтатып, ана өнерінің, қазақ әнінің қадір-қасиетін әлемге танытып жүрсіздер. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс және жаңа халықаралық жеңістер тілеймін, — деді аудан әкімі.

Кездесу соңында аудан басшысы өнер ұжымын жеңістерімен құттықтап, алдағы шығармашылық сапарларына сәттілік тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: