Күн сайын кешке көзіміз ілініп, төсекке құлаймыз да, таңертең оянып, жаңа күнді бастаймыз. Мұны соншалықты әдеттегі нәрсе деп санағанымыз сонша, оған мән де бермейміз. Ал шындығында ұйқы деген адам өміріндегі ең жұмбақ әрі ең таңғажайып құбылыстардың бірі. Ойлап көрсеңізші, біз өмірімізің шамамен үштен бірін ұйқыда өткіземіз. Яғни тоқсан жыл өмір сүрген адам соның отыз жылын көзін жұмып, ұйықтап өткізеді екен. Бұл аз уақыт емес. Сонда біз неге сонша уақытты ұйқыға арнаймыз, ұйықтап жатқанда денемізде, миымызда не болады деген сұрақ еріксіз туады.
Ұйқы біз ойлағандай жай ғана демалыс емес. Көзімізді жұмып жатқанда миымыз тыныш тұрмайды, керісінше қыруар жұмыс атқарады. Ғалымдардың айтуынша, ұйқы кезінде ми күндіз жинаған ақпаратты сұрыптап, реттеп, есте сақтауға орналастырады. Яғни сіз бүгін сабақта оқыған өлеңіңізді ертең жатқа айтсаңыз, оны ұйқыңызға да қарыздарсыз. Себебі ми дәл ұйқыда сол білімді ұзақ жадыға бекітеді. Сол себепті емтихан алдында түні бойы ұйықтамай оқығаннан гөрі, дер кезінде ұйықтаған әлдеқайда тиімді. Ұйқысыз ми шаршайды, ал шаршаған ми ештеңені есте сақтай алмайды.
Ұйқының өзі біркелкі емес, ол бірнеше кезеңнен тұрады. Әуелі біз жеңіл ұйқыға кетеміз, сосын терең ұйқыға бойлаймыз, дәл осы кезде денеміз толық демалып, бұлшықетіміз босаңсиды. Содан кейін ұйқының ең қызық кезеңі басталады, оны ғалымдар жылдам ұйқы деп атайды. Дәл осы сәтте біз түс көреміз. Қызығы, бұл кезде көзіміз жұмулы болса да, қарашығымыз жабық қабақтың астында жылдам қозғалып тұрады, тура бір кино көріп жатқандай. Бір түнде біз осы кезеңдерден бірнеше рет өтеміз, демек бір түнде бірнеше түс көруіміз мүмкін, тек оның көбін оянғанда ұмытып қаламыз.
Ал түс деген не, біз неге түс көреміз деген сауал адамзатты мыңдаған жыл бойы толғандырып келеді. Ежелгі адамдар түсті аян, болашақтан хабар деп санаған, оны жорып, мән берген. Бүгінгі ғылым болса түске басқаша қарайды. Көптеген ғалымның пайымынша, түс деген миымыздың күндіз жинаған ой-сезімдерін, көрген-білгенін өңдеу тәсілі. Күндіз бізді толғандырған нәрсе, қорқынышымыз, қуанышымыз, армандарымыз түнде түске айналып шығады. Сондықтан кейде емтиханнан қорыққан оқушы түсінде емтихан тапсырып жатқанын көреді, ал сүйікті ісін аңсаған адам соны түсінде істеп жүреді. Түс деген, бәлкім, миымыздың өзімізбен сөйлесу тілі шығар.
Ұйқының адам денсаулығына әсері орасан зор. Жеткілікті ұйықтаған адам сергек, көңілді, зейіні ашық болады. Ал ұйқысын қандырмаған адам тез ашуланады, зейіні шашырайды, тіпті ауруға да бейім келеді. Біздің жасымыздағы жасөспірімдерге тәулігіне сегіз-тоғыз сағат ұйықтау керек дейді мамандар. Өкінішке қарай, бүгінгі көп оқушы түнді телефонмен өткізіп, ұйқысын бөліп алады. Экранның жарығы миды алдап, ұйқыны қашырады, содан таңертең көзі ісіп, басы ауырып оянады. Сондықтан ұйқыны бағалау, оны уақытында әрі сапалы алу деген өзімізге жасайтын ең үлкен жақсылық.
Қорыта айтсам, ұйқы деген біз ойлағандай бос уақыт емес, ол денеміз бен миымыз тынығатын, жаңаратын, өзін қалпына келтіретін киелі мезгіл. Ал түс деген сол ұйқының ішіндегі ең сырлы сыйлық, миымыздың түнгі ертегісі. Сондықтан кешке төсекке жатқанда, ұйқыны жай уақыт өткізу деп қарамай, оны денеңізге сыйлаған дем алыс деп бағалаңыз. Жақсы ұйқы, тәтті түс деген өмірдің кішкентай, бірақ ең қымбат рахаттарының бірі. Ал жеткілікті ұйықтаған адам ертеңгі күнді әрдайым күлімдеп қарсы алады.
Ақзере Асқарқызы,
Абай атындағы дарынды балаларға арналған
үш тілде білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!