HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президентінің жарлығына сәйкес өңірдегі коронавирус індетімен күрес барысында қайтыс болған медицина саласының қызметкерлерін наградттау рәсімін өткізді. Қызылорда облысынан пандемия салдарынан қаза болған бес медицина қызметкері марапатталды.
Аймақ басшысы індетпен күресте қызмет бабында жүріп қаза болған медицина мамандарын еске алып құрмет көрсету, баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.
«Бірінші кезекте коронавирус індетімен күресте еліміздегі дәрігерлердің көмегімен ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын ерекше айтқым келеді. Ақ халатты абзал жандар осынау сындарлы сәтте жанкештілік пен қайсарлықтың ерекше өнегесін көрсетіп, антқа деген адалдығын танытуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау саласы мамандарына қиын кезеңде ерекше қолдау білдіруде. Сонымен қатар, Президент өмірден озған денсаулық саласының бірқатар мамандарына қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік награда тағайындады», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңір басшысы кәсіби біліктілігін көрсеткен сала мамандарының отбасы мен бауырларына «Парасат», «Құрмет» ордендерін табыстады. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас мейірбикесі Гауһар Әбенованың сіңілсіне «Парасат» ордені, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Қоныс Жұбатқановтың қызына «Құрмет» және облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мейірбикесі Айнұр Зікірияның анасына «Құрмет» ордені табыстады.
Қазіргі эпедимиологиялық жағдайға байланысты Қазалы ауданаралық ауруханасының дәрігері Іскендір Жұмағазиев пен Арал ауданындағы «М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» РМК дәрігері Болатбек Айсауытовтың туыстарына «Құрмет» ордендерін аудан әкімдері табыстады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!