Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шымкент қаласында Қорқыт ата университетінің өкілдігі ашылады

24.06.2026, 17:30 72

HALYQLINE.KZ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өңірлік ықпалын кеңейту мақсатында Шымкент қаласында өз өкілдігін ашу жұмыстарын бастады. Бұл бастама университеттің білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, талапкерлермен және серіктес ұйымдармен байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл туралы аталған оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған орай университеттің Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Самал Ілиясова Шымкент қаласындағы кеңсе ғимаратына барып, өкілдіктің құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін пысықтады.

Алдағы уақытта өкілдік талапкерлерге кәсіби бағдар беру және оқуға түсу бойынша кеңес көрсетіп, қабылдау науқанының ақпараттық сүйемелдеуін жүзеге асырады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту, бизнес қауымдастықпен бірлескен іс-шаралар өткізу, қысқамерзімді курстар, микробіліктілік және біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізеді.

Бұдан бөлек, өкілдік университет пен өңірдегі серіктес мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайтып, білім, ғылым және өндіріс интеграциясын дамытуға үлес қосады.

Шымкент қаласында өкілдіктің ашылуы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өңіраралық байланысын нығайтып, жаңа жобаларды іске асыруға жол ашады. Сондай-ақ, бұл бастама оңтүстік өңір тұрғындары үшін университеттің білім беру мүмкіндіктерін қолжетімді ете түседі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: