Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары таныстырылды

24.06.2026, 14:55 72

Шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Еркін Ермағанбетұлы Турабаев тағайындалды. Қала әкімі жаңа орынбасарын кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив отырысында таныстырды.

«Еркін Ермағанбетұлы мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, сатылап өскен білікті де, тәжірибелі маман. Тапсырманы тиянақты орындайтын жауапкершілігі мол азамат. Сондықтан әлеуеті жоғары кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», – деді қала әкімі.

Еркін Ермағанбетұлы 1986 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші маман болып бастаған.

Әр жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасарының, облыс әкімінің көмекшісі, қала әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының тұрақты мүшесі лауазымын атқарып келді.

Актив отырысына қатысқан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев және «Қызылорда СуШар» мекемесінің директоры Жорабек Нұрымбетов тағайындалған қала әкімінің жаңа орынбасарының қызметіне сәттілік тіледі.

Еркін Ермағанбетұлы кәсіпкерлік және өнеркәсіп, қоғамдық даму, мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімдеріне жетекшілік жасайтын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: