Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келісімге дейін 60 күн. АҚШ пен Иран келіссөздің жол картасын бекітті

22.06.2026, 9:40 67

АҚШ пен Иран Швейцарияда өткен келіссөздің бірінші раундын аяқтап, түпкілікті келісімге қол жеткізудің нақты жол картасын бекітті, деп хабарлайды halyqline.kz.

Делдал болған Катар мен Пәкістан бірлескен мәлімдеме таратып, Швейцарияда өткен алғашқы кездесудің оң әрі сындарлы жағдайда аяқталғанын жеткізді. Делдалдардың айтуынша, келіссөзде көңіл толарлық ілгерілеу болған. Кездесу Швейцарияның Бюргеншток курортында өтіп, оған АҚШ тарапынан вице-президент Джей Ди Вэнс пен президенттің арнайы өкілдері, Иран тарапынан Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бастаған делегация қатысты.

Тараптар келіссөз барысын саяси деңгейде қадағалайтын Жоғары деңгейлі комитет құруға келісті. Бас келіссөзшілер осы комитетке тұрақты есеп беріп отырмақ, әрі олар ядролық бағдарлама, санкциялар, мониторинг пен дауларды реттеу жөніндегі жұмыс топтарын басқарады. Ең бастысы, комитет алпыс күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізудің жол картасын бекітті, ал техникалық деңгейдегі келіссөздер осы аптаның соңына дейін Швейцарияда жалғаса бермек.

Бұдан бөлек тараптар арасында арнайы байланыс желісі құрылды. Оның мақсаты кез келген қақтығыс пен түсініспеушіліктің алдын алу, әсіресе Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда кемелерінің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету. Ормуз бұғазы келіссөз барысында Иранның басты ықпал ету тетігі болып келген еді, бұған дейін Иран әскери қолбасшылығы Ливандағы шиеленіске байланысты осы стратегиялық су жолын жабатынын мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар жеке жұмыс тобы қақтығыстарды реттеумен, оның ішінде Ливандағы атысты тоқтату мәселесімен айналыспақ. Бұл бағытта АҚШ, Иран және Ливан үкіметі қатысатын арнайы тетік құрылып, оны Катар мен Пәкістан үйлестіретін болады.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің мәлімдеуінше, делдалдардың күш-жігерінің арқасында Ливандағы әскери қимылдарды тоқтату жөнінде елеулі ілгерілеу болған. Оның сөзінше, Иран бұл дипломатиялық үдеріс арқылы нақты экономикалық пайда да көрген, атап айтқанда мұнай мен мұнай-химия өнімдерін экспорттауға салынған санкциялардан жеңілдік берілген, елге қойылған блокада алынып, мұздатылған кейбір активтер босатылған, сондай-ақ Иранды қалпына келтірудің ауқымды жоспары іске қосылған.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз жексенбі күні, делдалдар Пәкістан мен Катардың қатысуымен басталған еді. Алғашқыда келіссөз шиеленісті жағдайда өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында Иран делегациясы АҚШ президенті Дональд Трамптың қыр көрсетуінен кейін келіссөз орнын тастап кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Дегенмен тараптар кейіннен қайта оралып, келіссөзді сындарлы түрде аяқтаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: