АҚШ-та із-түзсіз жоғалып, іздеуде жүрген қазақстандық Әсет Құралбайдың қаза болғаны анықталды, деп хабарлайды halyqline.kz.
Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, америкалық құқық қорғау органдары табылған мәйітке сәйкестендіру жұмыстарын аяқтап, оның Әсет Құралбай екенін анықтаған.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен және АҚШ-тың тиісті мекемелерімен байланыс орнатып, қажетті консулдық қолдау көрсетіп жатыр.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та табылған мәйіт Қазақстан азаматына тиесілі болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сараптамалар мен тиісті рәсімдер аяқталған соң, қаза болған адамның Әсет Құралбай екені ресми түрде нақтыланды.
Еске салайық, 24 жастағы Әсет Құралбай АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Чикаго маңында тұрған. Ол маусым айының басында байланысқа шықпай қалғаннан кейін, оған іздеу жарияланған болатын. Соңғы рет 2 маусым күні хабарласқан жігіттің телефоны 7 маусымнан бері өшірулі болып, үйінде жеке құжаттары мен банк карталары қалып қойған еді. 10 маусымда полиция оның Toyota Camry автокөлігін тапқанымен, өзінің ізі табылмаған. Оқиғаның барлық мән-жайы әзірге анықталып жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!