Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазір сот саласына электронды формат енгізілді

15.06.2026, 15:20 63

Шолпан Мәлікова,

облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы:

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген даналық сөз бар. Расымен де, тура айтсаң, туғаныңа жақпайсың. Бірақ, «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп бас бұғып, бармақ бүгіп отыруға тағы болмайды. Сот. Естіген құлаққа түрпідей тигенімен, бұл салада көптің құқығы қорғалып, талапайға түскен талайдың тағдыры таразыланды.

Әрбір қоғамда сот жүйесі жүйелі жолға қойылған. Бұл, ең біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айғақтайды. Кешегі Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» мен Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы жабыққа жол көрсетіп берді. Қазақтың үш биі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би туралықтың дәнін сеуіп, ақиқаттың алдаспанына айналмап па еді? Хош. Бұл – өткеннің өнегесі, бүгінгінің бағдары.

Бүгінгі сот жүйесі қандай? Медиация тәртібі қалай іске асырылуда? Қазіргі қоғамның сот жүйесіне деген сенімділігі қандай?

Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Шолпан Мәліковамен жасаған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Шолпан Маратқызы, қай қызметтің де өз жауапкершілігі бар. Ал, сот саласының жүгі тіптен ауыр екенін білеміз. Бүгінгі сот жүйесінің жұмысына қандай баға берер едіңіз?

Иә, әрбір мамандықтың өзіне тән жауапкершілігі болады. Сот саласының жауапкершілігі өте жоғары деп есептеймін. Себебі, сот – адамдардың құқықтарын қорғайтын, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз ететін биліктің маңызды тармағы. Сондықтан бұл қызметте жұмыс істейтін әрбір судья, әрбір маман өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет.       Бүгінгі сот жүйесінің жұмысына жалпы оң баға беруге болады. Соңғы жылдары сот қызметін жетілдіру бағытында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Сот процестерінің ашықтығы артып, заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл өз кезегінде азаматтардың сотқа жүгінуін жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, бүгінгі сот жүйесі заман талабына сай дамып, қоғам сұранысына жауап бере алып отыр деп санаймын.

– Соңғы жылдары сот жүйесінде нендей маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда? Бұл жаңашылдықтың азаматтарға пайдалы тұсы қандай?
        – Соңғы жылдары сот жүйесінде көптеген маңызды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – сот жұмысын халыққа жақындату әрі оны қолжетімді ету. Қазір сот саласына электронды формат енгізілді. Яғни, азаматтар сотқа бармай-ақ, өз арыз-шағымдарын жауапты тұлғаларға интернет арқылы жолдай алады. Бұл адамдар үшін өте ыңғайлы деп айта аламын. Өйткені, уақыты тиімділігі жағынан пайдалы. Тағы бір жаңашылдық, сот отырыстары кейде онлайн бейнебайланыс арқылы өткізіледі. Бұл әсіресе, басқа қалада тұратын немесе сотқа келе алмайтын адамдар үшін өте қолайлы. Осындай тәсілдердің арқасында сот процесі жылдам әрі жеңіл бола түсті. Сондай-ақ, сот жұмысының ашықтығына көп көңіл бөлінуде. Азаматтар сот процесі қалай жүріп жатқанын көріп отыра алады. Бұл өз кезегінде азаматтардың сотқа деген сенімділігін арттырады. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа кассациялық сот жұмысын бастады. Бұл сот істерін жоғары сатыда қайта қарауға мүмкіндік беріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейте түседі. Азаматтар бірінші саты және апелляциялық саты соттарынан кейін, әрі қарай кассациялық саты сотына жүгінуіне мүмкіндіктері бар.

– Даулы мәселелерді сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу тәжірибесі қаншалықты орындалуда? Өткен жылдары осы тәсілмен қанша іс оң шешімін тапты?

– Қазіргі кезде даулы мәселелерді сотқа жеткізбей, медиация арқылы шешу тәжірибесі кеңінен қолданылып келеді. Медиация дегеніміз – екі тараптың арасындағы дауды өзара бітіммен шешу жолы. Соңғы жылдары дауларды татуластыру рәсімдерінің көмегімен аяқтау жиі қолданылып жүр. Әсіресе, отбасылық, еңбек және басқа да азаматтық істерде азаматтар өзара бітімгершілікке келіп, дауларды шешіп жатыр. Бұл екі жаққа да ыңғайлы. Тараптар татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

– Қазіргі уақытта қоғамдағы түйткілді мәселе – интернет алаяқтығы екені белгілі. Азаматтарға қандай сақтық шараларын ұсынар едіңіз?

– Дұрыс айтасыз! Қазіргі уақытта қоғамда кең таралған мәселелердің бірі – интернет алаяқтығы. Сондықтан әр азамат бұл қауіптен сақ болуға тиіс. Интернетті қолдану күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғандықтан, алаяқтар да әртүрлі айла-тәсілді қолдануда. Осы тұрғыда азаматтарға айтылар кеңес бейтаныс адамдардан келген сілтемелерге кірмеу керек. Әлеуметтік желілер арқылы келген күмәнді хабарламаларды ашпаған дұрыс. Көп жағдайда алаяқтар сілтемелер арқылы адамдардың жеке мәліметтерін алып қояды. Сонымен қатар, өзінің банк картасының нөмірін, құпия кодтарын немесе смс арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеу қажет. Тіпті, өзін банк қызметкері немесе басқа ұйым өкілімін деп таныстырған адамдарға да сеніп қалмау керек.

Тағы бір маңызды сақтық шарасы – тек ресми және сенімді сайттар мен қосымшаларды пайдалану. Белгісіз сайттарға кіріп, жеке ақпарат енгізу өте қауіпті. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі жалған жарнамаларға немесе тым оңай пайда табу туралы ұсыныстарға сенбеу керек. Егер күмәнді жағдай байқалса, дереу банкке немесе тиісті органдарға хабарлау керек. Ерте әрекет ету арқылы үлкен шығынның алдын алуға болады. Интернет алаяқтығынан сақтанудың ең басты жолы – әрқашан сақ болу, ақпаратты тексеру және жеке мәліметтерді ешкімге сеніп бермеу. Осы қарапайым ережелерді ұстанса, интернетті қауіпсіз пайдалануға болады.

– Судьялардың әдеп кодексінің сақталуы қалай бақылауға алынады?

– Судьялардың әдеп кодексінің сақталуы сот жүйесінде ерекше бақылауда болады. Себебі, судья – әділдік пен заңның сақталуын қамтамасыз ететін тұлға, сондықтан оның мінез-құлқы мен қызметтік әдебі жоғары талаптарға сай болуы тиіс.

Бұл бағытта тұрақты түрде бақылау жүргізіліп отырады. Егер судьяның іс-әрекетіне қатысты шағым түссе немесе әдеп нормаларын бұзу фактілері анықталса, ол міндетті түрде жан-жақты тексеріледі. Тексеру барысында барлық жағдай қаралып, дәлелдер жиналады және соның негізінде шешім қабылданады. Сонымен қатар, тек бақылау ғана емес, алдын алу жұмыстары да жүргізіледі. Судьялар үшін тұрақты түрде семинарлар, оқыту курстары, жиындар ұйымдастырылады. Онда әдеп нормалары, қызметтік мінез-құлық ережелері және сотта дұрыс шешім қабылдау қағидалары түсіндіріледі. Бұл судьялардың кәсіби деңгейін арттыруға көмектеседі.

Судьялардың әдеп кодексінің сақталуы – сот жүйесіндегі сенім мен әділдіктің негізі. Сондықтан, бұл талаптардың орындалуы қатаң бақылауда болып, үнемі назарда ұсталады.

– Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін қазір түрлі жұмыс жүргізілуде. Түрлі кездесу, семинар, ашық есік күндері өткізіліп, заң талаптары түсіндіріліп келеді. Мұндай кездесулерде азаматтар өз сұрақтарын қойып, жауап ала алады. Сонымен қатар, ресми әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы да көп ақпарат беріледі. Ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде заң талаптары, мәліметтер, түсіндірмелер мен пайдалы кеңестер жарияланып тұрады. Бұл ақпаратты кез келген адам  көре алады. Мектептер мен оқу орындарында да құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осы жұмыстардың барлығы азаматтардың заңды жақсы білуіне, өз құқығын қорғай алуына және қоғамда тәртіп пен мәдениеттің қалыптасуына бағытталған.

– Әкімшілік істерді қарауда қандай мәселелер жиі кездеседі?

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша істерді қарау кезінде жиі кездесетін мәселелер бар. Бұл істер көбіне азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларға байланысты болып тұрады. Ең жиі кездесетіні – азаматтардың мемлекеттік органдардың шешімдеріне келіспеуі немесе жеке сот орындаушылардың әрекетіне дау айту мәселесі.

Атап айтар болсақ, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет институтының енгізіліп, әкімшілік соттар құрылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді. Биыл әкімшілік соттардың құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде әкімшілік соттар мен Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың  тетігіне айналды.

– Соңғы сауал. Әділдік іздеген азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру үшін ең алдымен не қажет деп ойлайсыз?

– Әділдік кез келген салада немесе әрбір ортада болуы қажет. Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру өте маңызды. Егер азамат соттардың қызметі әділ, заң талаптарына сай екенін көрсе, онда сенім де арта түседі. Азаматтар істің қалай қаралып жатқанын түсініп отырса, сотқа деген көзқарасы оң болады. Бұл ретте сот жүйесінің қолжетімді болуы да өзекті. Азаматтар өз құқығын қорғау үшін сотқа оңай жүгіне алуы керек. Осы қағидалар сақталса, азаматтардың сотқа деген сенімі де нығая түспек.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрар Бекмырзаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: