Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәрі  қыздар  демонстрациясы

05.06.2026, 7:00 41

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Мика орталық көшеге жақындағанда, бір топ қыздың көшеде топтанып келе жатқанын көрді. Тіпті көше қозғалысы тоқтап қалған. Бес жүзден асады-ау! Қолдарына: «Кемпір қыздар жасасын!», «Үкімет бізге күйеу тауып берсін!», «Біздің ана болғымыз келеді! Қазақты көбейткіміз келеді!», «Халал күйеу іздейміз!», «Бала туғымыз келеді!», «Биліктегілерге тоқал болғымыз келмейді!» (Екінші әйел) деген плакаттар мен лозунгілер көтеріп алыпты.

Мика көше шетінде ойланып тұр. «Шынында солай ғой, — деп ойлады ол ішінен, – Көп қыз күйеу таңдап жүріп алады, енді бірі миллионер жігіттерді іздеп, тау-тасты кезіп кетеді. Тауда миллионер жігіттер «өсіп» тұрғандай… Солардың соңынан альпинист қыздар да ілесіпті деген сөз бар. Әлі күнге дейін ешқайсысы миллионердің ізін таппаған. Тағы біреуі түнгі клубтардан шықпай, уақыт өткізіп алады. Жастары 40-45-тердегі әпкелеріне қызыға қарап тұрған еді, шеруде келе жатқан бір кәрі қыз оның қолынан ұстап, көшенің ортасына әкелді.

– Бізбен бірге жүр! Прокуратура алдына барамыз, бізді жақтап сөз сөйлейсің! — дейді.

– Ойбай, әпкетай, мен қыз емеспін ғой!

– Сені қыз деп кім айтты?

– Жіберіңіз!

– Бір еркек бізді қолдап сөз сөйлесе болады ғой!

– Не деп сөйлеймін? — деп сұрады ол қыздар шеруінің ортасында келе жатып.

– Бойдақ жігіттерге үкіметтен жағдай жасалсын! Олар кәрі қыздардың пайда болмауы үшін тезірек үйленсін! Кәрі қыздар кәрі күйеулерге тұрмысқа шығу үшін субсидия бөлінсін дейсің.

– Мен көпшілік алдында сөйлеп көрген емес едім.

– Атың кім?

– Мика.

– Мика, үйленгенсің бе?

– Үйленейін десем, қыз жоқ.

– Міне, артыңда қыздар батальоны келе жатыр. Кез келгенін таңда!

Бір кезде полиция махаббатпен қаруланып, наразылық шеруге шыққандарға гүл лақтыра бастады. Жүрек пішінді шарларды ұсынып жатты. «Ойбай, тәуір ғой, наразылық шеруін құбыжықтай көретін биліктің есі кіріпті» деп ойлап қалмаңыз. Кенет қыздарға тап берген полицейлер гүл иіскегендердің қолын қайырып, автобустарға тоғытып жатты. Ал раллиге шыққандардың бір тобы прокуратура алдына жиналды. Әлгі қыз Миканың желкесінен нұқып:

– Сөйле, Мика! — деді.

Мика не десін? Мінберге шықты да:

– Қыздар, биылдан қалмай, күйеуге тиіп кетулеріңе тілектеспін! — деп біреудің туған күнінде тост айтқандай сөйлеп, келесі көшеге қарай қашып кетті. Сол кезде бір ақсақал сөз алды:

– Айналайын, қыздар! Тез тараңдар! Билік митинг, демонстрацияға шыққандарды құбыжық көреді. Сендер үкіметтік газеттерге наразылық мақалаларыңды жариялай алмайсыңдар, сондықтан көшеге шығып, үндеріңді шығарасыңдар. Бірақ билік бәрібір сендерді құбыжық көреді. Қазір сөз бостандығының жағдайын сұрасаң, дәрігерлер «жағдайы тұрақты ауыр» дейді! Әлеуметтік желіде наразылық пікірін, комментін жазғандар да сотталып жатыр. Осыны түсініңдер! — деді.

– Маған бай керек емес! Біз мақтаншақ, өтірікші елміз! Өтірікші, мақтаншақ күйеуге тигім келмей қалды! — деп дауыстады бір кәрі қыз.

– Мақтаншақ болса да, күйеудің аты күйеу ғой, қолың қышығанда ұрып алатын, — деді тағы бірі.

Бір кезде прокурордың бірінші орынбасары шықты.

– Мен сендерді түсінемін. Өйткені өзім елуге таясам да күйеу құшағын көрмеппін… Шетелден «Күйеу-2026» инвестициясын күтіңдер, — деп көзіне жас алды.

Кәрі қыздар қалалық әкімшілікке қарай бет алды… Беу, кәрі қыздар-ай!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: funny.klev.club

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: