Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рәміздерім  –  мақтанышым

04.06.2026, 15:30 83

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер күні мерекесіне орай «Рәміздерім – мақтанышым» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Аудан орталығындағы Рәміздер алаңында ұйымдастырылған патриоттық іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік іс-шара домбырашылардың орындауындағы «Көңілашар» күйімен басталып, бишілер тобының ерекше қойылымымен жалғасты. Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы сөз сөйлеп, барша қазалылықты елдік пен бірліктің маңызын айқындайтын айшықты мерекемен құттықтады.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады» деген болатын. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті. Бұл жолда қол жеткізген үлкен жетістіктердің барлығына да киелі Сыр өңірі мен қазыналы Қазалы ауданының қосқан үлесі зор.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірге жасаған қолдауының нәтижесінде, 4 жылдан астам уақыт аймақты басқарған Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен ауданымызда мақсатты бастамалар қолға алынып, ел игілігіне бағытталған көптеген жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта да облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен, аудан халқына деген қолдауымен ауқымды жобалар жүзеге асатын болады. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік нышандарымыз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істеріміздің ұйытқысы бола берсін. Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа басқан әр қадамымыз нық, ел іргесі берік болсын. Елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болғай, — деді аудан әкімі.

Мерекелік жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді.

Іс-шара соңында аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жиылғандарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: