Қазақстан мен Кипр білім, ғылым, цифрландыру, мәдениет, спорт және инвестиция салаларында бірқатар келісімге қол қойды, деп хабарлайды halyqline.kz.
Кипр Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары аясында екі елдің өкілдері бірнеше құжат алмасты. Келіссөздерден кейін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, ғылым, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, электронды үкімет, ғарыш қызметі, киберқауіпсіздік, мәдениет және спорт салалары бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Қазақстан тарапы Кипрмен экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның Халықаралық сауда палатасы мен Кипр Сауда және өнеркәсіп палатасы инвестициялық және іскерлік байланыстарды нығайту жөнінде келісім жасасты.
Бұл сапар екі ел арасындағы байланысты тек дипломатиялық деңгейде ғана емес, нақты жобалар арқылы дамытуға жол ашады. Әсіресе цифрландыру мен электронды үкімет саласындағы тәжірибе алмасу Қазақстан үшін де, Кипр үшін де өзекті бағыт болып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!