Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқа,  басып  алады

04.06.2026, 5:30 73

HALYQLINE.KZ

ШЫНАЙЫ  ШЫМШЫМА

— Әке, теледидардан жынды концерт болып жатыр, — деп, үйдегі жүгірмегім алдымнан жүгіріп шықты.

— Жынды концерт деген немене? — дедім ұлыма таңғалып.

— Жынды деген сөзге түсінбей тұрсыз ба? Күшті концерт деген ғой…

— Еее…

Қазір жастар «тойды жынды өтті», «тойды асаба жынды басқарады» дейді екен. Бұл қалай? Болмаса, «пәленше деген әртіс сахнада жынды ойнайды» дейді.

Масқара, қазақтың «керемет», «тамаша», «өте жақсы» сөздері қайда? Ол әдемі сөз тіркестерін мына «жынды» сияқты ауыр сөздер үстінен басып алыпты.

Қазірде «тамаша әртіс» десе мыңқ етпейміз-ай, «жынды әртіс келе жатыр» деп айтсақ, керемет әсер береді. Орнымыздан ұшып тұрамыз. «Сахнада ҚР еңбегі сіңген жынды әртіс» деп, хабарласақ, көрермендер қол соғып, мәз болады. Айтпақшы, халық арасында «өлтіріп ойнайды» деген сөз бар. «Ойбай, әне бір әртіс рольді өлтіріп ойнайды» дейді. Сонда қалай болғаны, әртіс көрерменді өлтіріп, сосын ойнай ма?… Өткенде көшеде жас жігіттермен әңгіме айттым. Біреуі тұрып:

— Массаған, братан Мейрамбек Беспаев ше?

— Иә, не болды оған?

— Мәкең домбыраны жейді екен, — дейді.

Шошып кеттім, сонда Мейрамбек домбырамен өлең айтуды қойып, енді домбыра жеуге шыққан екен деп ойладым. Сөйтсем, ол домбыраны жақсы тартады деген сөзі екен.

Сонда «жақсы» деген әдемі сөзімізді тағы «жейді» деген сөз басып алды. Адам тамақты жейді. Ал, домбыраны тартады не болмаса жақсы шертеді емес пе?..

Спортта немесе сөз айтыста біреуді біреу жеңіп кетсе, «жыртып жібердім, айырдым ғой» деп мақтанады. Демек, сөз жыртыла ма әлде айырыла ма? Меніңше мата, жаға жыртылады. Жақ айырылады. Тағы да «жеңіс», «ұтыс» деген сөздерді «жыртам», «айырам» сөздері үстінен басып алып тұр. Бүгінде, байқамасаң басып алудың заманы ғой. Өткенде ауылға барсам, бір бала айтады:

— Аға, сіз картопсыз, — дейді.

— Неге? — дедім шошып.

— Сахнаға шыққанда картопты жарасыз.

— Мен картопқа ұқсаймын ба? Картопты жаратын ол ағаш емес қой, картопты пышақпен қабығын аршымай ма? — десем, әлгі бала ыржалақтап күледі.

Сонда, «айтқыш», «әпенде» деген сөздерді қайдағы бір он қайнаса сорпасы қосылмайтын «картоп» сөзі үстіне мініп алды. Қазір жақсы сөздерді жаман сөздер басып алып жатыр. Бірақ, жаман адамдар да жақсы адамдардың үстінде отыр ғой… Мықтылар әлсіздердің төбесін ояды. Жаншиды. Жалпы сақтық керек.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: stan.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: