Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралар да қамқорлыққа зәру

03.06.2026, 10:55 59

HALYQLINE.KZ

Бүгін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қаралды.

Бұл – көптен күткен әрі маңызды құжат. Өйткені омарташылар ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қолдау мен құқықтық реттеудің шетінде қалып келген саланың бірі еді.

Дегенмен, мәселе тек бал өндіруші шаруашылықтармен шектелмеуі тиіс. Табиғаттағы жабайы аралардың тағдыры да назардан тыс қалмауы керек.

Себебі олар – орман мен тоғай экожүйесінің ажырамас бөлігі. Жабайы аралар көптеген өсімдіктің тозаңдануын қамтамасыз етіп, табиғи тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Сондықтан олардың ұя салатын ортасын, мекендеу аумағын қорғау да аса маңызды.

Осыдан біраз жыл бұрын көршім, орман шаруашылығы саласының маманы Бақытжан Әбдісәметовтың айтқан әңгімесі әлі есімде.

– Жабайы аралар ауылда жүр. Мұның арты жақсы болмайды, — деді ол.

– Онда тұрған не бар? — дедім таңданысымды жасырмай.

Сонда ол:

– Орманда қызыл мияны тамырымен қопарып әкетуде. Аралар көп жағдайда ұясын мияда салады. Өз ортасын жоғалтқан аралар ауылға қарай ойысқан. Ал тоғайда аралар азайса, ондаған шөптің түрі жойылып кетуі мүмкін, — деп мәселенің мәнін түсіндірді.

Ол кезде бұл сөздің астарына онша үңіле қоймаппын. Кейінірек оқып, зерттей келе жабайы аралардың табиғаттағы рөлі біз ойлағаннан әлдеқайда маңызды екенін түсіндім. Көптеген өсімдік түрлері дәл осы аралардың көмегімен тозаңданып, ұрпақ жалғастырады.

Бір қарағанда көзге түсе бермейтін шөптер мен бұталар, дәрілік өсімдіктер мен жеміс беретін ағаштардың тағдыры да соларға байланысты.

Сондықтан аралардың азаюы – бір жәндіктің санының кемуі ғана емес. Бұл – тұтас экожүйенің әлсіреуінің белгісі. Бүгін ара жоғалса, ертең өсімдік азаяды. Өсімдік азайса, оны қорек ететін жәндіктер мен жануарлар кемиді. Осылайша табиғаттағы ғасырлар бойы қалыптасқан тепе-теңдік бұзылады.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. Қазақ халқы балды ертеден-ақ «табиғаттың тәтті шипасы» деп бағалаған. Оның құндылығы тек тәтті дәмінде емес, адам денсаулығына тигізетін жан-жақты пайдасында жатыр. Бал энергия береді, иммунитетті қолдайды, суық тию кезінде пайдалы, антибактериялық қасиетке ие, ас қорытуға көмектеседі, жүрек пен қан тамырларына пайдалы, ұйқыны жақсартуға әсер етеді.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: