Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Қан құса бастадық”: экологиялық апат

02.06.2026, 16:05 136

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Әймен ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері жағымсыз иіс пен ауа сапасының нашарлауына шағымданып келеді. Ауыл халқының айтуынша, елді мекен маңында мал қиының бейберекет төгілуі, бордақылау алаңдарының санитарлық талапқа сай жұмыс істемеуі және қалдықтардың уақытылы тазаланбауы жағдайды күрделендірген. Бұл туралы тұрғындармен кездесуге барған қоғам белсенділері мен «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері мәлімдеді. 

Тұрғындардың сөзінше, ауыл ішінде ірі қараны көптеп ұстайтын шаруашылықтар көбейген. Кейбір қоралар тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Малдан шыққан көң арнайы орындарға шығарылмай, ауыл сыртындағы сай-салаларға төгіліп жүр. Соның салдарынан елді мекенді сасық иіс жайлап, тұрғындар терезе ашып үй желдетудің өзі қиынға айналғанын айтады.

Әймен ауылының тұрғыны Владимир Ремизов ауылдағы жағдайдың тұрғындар денсаулығына әсер етіп отырғанын жеткізді.

– Біз жергілікті билік пен бизнес өкілдері көз жұмып отырған нағыз экологиялық апатқа тап болдық. Ауыл ішінде, тұрғын үйлерге өте жақын жерде ондаған ірі мал шаруашылығы фермалары жұмыс істеп тұр. Тонналаған қи мен қалдықтар өңделмейді, олар адамдардың терезесінің астына және ауыл айналасына төгіліп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің ресми қорытындысы бойынша ауадағы аммиак пен улы газдардың концентрациясы рұқсат етілген нормадан 82,5 есе жоғары, – дейді ол.

Оның айтуынша, жағымсыз иіс тәулігіне 24 сағат бойы кетпейді. Тұрғындар арасында бас ауруы, көздің ашуы, тамақтың жыбырлауы, мұрыннан қан кету сияқты шағымдар көбейген. Владимир Ремизов өзі де осы жағдайдың салдарынан денсаулығына зақым келгенін, мамыр айында тоқтаусыз қан кетіп, жедел жәрдеммен ауруханаға түскенін айтты.

Ауыл тұрғыны, мұғалім Салтанат Абуова да бұл мәселенің жылдар бойы шешілмей келе жатқанын жеткізді.

– Кейбір тұрғындар малды қорадан шығармай бағып, одан шыққан көңді ауыл сыртындағы сай-салаларға төгеді. Терезе ашып үй желдету былай тұрсын, жуылған киімді далаға жаюдың өзі мүмкін емес. Бір жерге барсақ, киімімізден иіс шығып тұрады. Екі жыл бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тексеру жүргізіп, ауыл ауасынан аммиактың жоғары мөлшерін анықтаған. Бірақ содан бері түрлі мекемеге шағым жолданғанымен, нақты нәтиже болған жоқ, – дейді ол.

Салтанат Абуованың айтуынша, соңғы уақытта ауылда аллергиялық және тері аурулары, мұрыннан қан кету жағдайлары жиілеген. Тұрғындар мал ұстамайтын отбасылардың біртіндеп көшіп жатқанын, ауылда негізінен мал шаруашылығымен айналысатындар қалып бара жатқанын айтады.

Әймен ауылына барған қоғам белсенділері де иістің өте өткір екенін жеткізді. Олардың сөзінше, көң төгілген жерлерге жақындаудың өзі қиын. Тұрғындар ауылдың Құлжа тас жолы мен Есік–Түрген бағытына жақын емес жерде орналасуы да мәселенің назардан тыс қалуына әсер етіп отыр деп санайды.

«Байтақ» жасылдар экологиялық партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай ауылдағы жағдаймен танысқанын айтты.

– Бұл жерде ауаның қатты ластанғаны сезіледі. Ауылда жүргенде жағдайдың қаншалықты ауыр екенін көрдік. Тұрғындар бізге ресми арыз жазса, партия бұл мәселені міндетті түрде бақылауға алып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді, – деді ол.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Жылдар бойы жиналған экологиялық проблема қазір халықтың денсаулығына, тұрмыс сапасына және ауылдың болашағына әсер етіп отыр. Олар құзырлы органдардан санитарлық талаптың сақталуын, тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізілуін және қоршаған ортаға зиян келтіріп отырған шаруашылықтардың қызметіне құқықтық баға берілуін сұрайды.

Әймен ауылының тұрғындары жауапты мекемелердің бұл жолы мәселені назардан тыс қалдырмай, нақты шара қабылдауын күтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: