Қазіргі уақытта ауыл кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. Ауыл тұрғындары үшін кәсіп ашуға және шаруашылық жүргізуге қолайлы мүмкіндіктер артып, түрлі бағыттағы кәсіп түрлері кеңінен қанат жаюда. Соның ішінде мал шаруашылығы ауыл халқы үшін ең тиімді әрі тұрақты табыс көздерінің бірі саналады.
Мал шаруашылығы – қазақ халқына ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі кәсіп. Бүгінде ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы саламен айналысып, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Жылқы, сиыр, қой өсіріп, ет пен сүт өнімдерін өндіру арқылы олар отбасы тұрмысын жақсартып қана қоймай, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді.
Бұл кәсіп сырт көзге жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде, тынымсыз еңбек пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мал бағу, оның күтімі мен жем-шөбін дайындау, өнім өндіру – барлығы да табандылық пен төзімділікті қажет етеді. Соған қарамастан, мал шаруашылығы ауыл тұрғындары үшін маңызын жоғалтқан жоқ.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы – тек табыс көзі ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі. Қазақ халқы ежелден төрт түлікті қадірлеп, оны тіршіліктің берекесі мен байлығының белгісі санаған. Бүгінде бұл сала заман талабына сай жаңарып, жаңа технологиялардың көмегімен дамып келеді.
Қорыта айтқанда, мал шаруашылығы – ауыл кәсіпкерлігінің негізгі тіректерінің бірі. Бұл саланың өркендеуі ауыл экономикасының нығаюына, халықтың әл-ауқатының артуына және ұлттық дәстүрлердің сақталуына ықпал етеді.
Нұрайлым Серікбай,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті
Фото: ашық дереккөзден алынды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!