Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Михаил Шайдоров жалақы кешігуіне қатысты министрлік мәлімдемесіне жауап берді

29.05.2026, 17:45 78

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров өзіне қатысты тараған ақпарат пен жалақы мәселесіне байланысты Туризм және спорт министрлігінің ұстанымына пікір білдірді.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, жалған ақпаратқа сенбеген жұрттың сенімі өзі үшін маңызды екенін атап өтті.

«Кейбір мәселелерді ашық айтпайынша шешу мүмкін болмай жатқаны өкінішті. Ешқандай мемлекеттік органмен жанжалға барғым келмейді. Бірақ атымды көпшілік алдында қаралауға жол бере алмаймын. Сондықтан жағдайды нақтылап өткім келеді», – деді Шайдоров.

Оның айтуынша, 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алып, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері нормативін орындағанына қарамастан, тиісті куәлікті әлі күнге дейін алмаған. Спортшы барлық рәсімнен өткенін, алайда құжаттың өзіне берілмегенін жеткізді.

«Маған қызыл кілеммен арнайы салтанат қажет емес. Куәлікті конвертпен пошта арқылы жіберсе де жеткілікті. Бұл – он жылдық еңбегімнің нәтижесі», – деді ол.

Сондай-ақ Олимпиададағы жүлде үшін берілетін сыйақы мәселесіне қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай төлемдер уақыт талап етеді және бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанына сенімді.

Шайдоров министрлік өмір бойғы төлемдер туралы ақпаратты дұрыс түсіндірмегенін де атап өтті. Спортшы мұндай төлемдер 20 жылдық еңбек өтілі бар азаматтарға ғана қарастырылатынын, ал өзінің жасы қазір небәрі 21-де екенін айтты.

«Қазір ондай төлемдерге үміт артып отырған жоқпын. Алда әлі көп еңбек етуім керек», – деді олимпиада чемпионы.

Ол жалақы мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, өзі секілді жоғары деңгейдегі көптеген спортшылар жалақыны Федерация мен Спортты дамыту дирекциясы арқылы алады. Федерациямен келісім жасалғанымен, Спортты қолдау қоры қаржыландыру өтінімін қарап жатқандықтан, бес айдан бері өзі де, командасы да жалақы алмаған.

Сонымен қатар Шайдоров 2026 жылға арналған жаңа келісімшарт талқылауы тек мамыр айының ортасында басталғанын айтты. Оның сөзінше, келісімнің кешігуі қаржы көлеміне келіспеуден емес, өзге себептерге байланысты.

Спортшы келісімшарт жобасында 2030 жылғы Олимпиадада медаль алу міндеті көрсетілгенін ерекше атап өтті.

«2026 жылы төрт жылдан кейін өтетін Олимпиадада жеңіске жету туралы міндеттемені қабылдау қисынсыз. Біз тек осы тармақты заңдық тұрғыда қайта қарауды сұрадық», – деді ол.

Шайдоров өзін сүйікті ісімен айналысып жүрген бақытты адам санайтынын айтып, ақша өміріндегі басты мақсат емес екенін жеткізді. Дегенмен бұған дейін уәде етілген барлық шарттың орындалуын күтетінін жасырмады.

Ол ақпан айынан бері дәрігерлік сүйемелдеусіз жүргенін де мәлімдеді.

Спортшы бұл мәселені әдейі жария етпегенін, тек сұхбат барысында қойылған сұраққа шынайы жауап бергенін айтты.

«Маған сұрақ қойылды, мен бар болғаны шындықты айттым. Өтірік айта алмаймын», – деді ол.

Шайдоровтың айтуынша, жаңа маусымға дайындық мәселесі де бір ай бойы нақты шешімсіз қалған. Команда 5 маусымда басталатын оқу-жаттығу жиындары туралы алдын ала хабарлап, шығын сметаларын жіберіп, бағдарламалар дайындау, жиын өткізу және билет сатып алу мәселелерін бірнеше мәрте көтерген. Алайда бүгінге дейін нақты жауап болмаған.

Спортшы Олимпиада алтыны үшін берілетін сыйақыны осы уақытқа дейін алғанында, дайындықтың бәрін өз қаржысына ұйымдастырар едім деді.

«Егер маусымға қажетті қаржыландыру толық шешілсе, төленбей қалған жалақымды Балаларды қорғау күніне орай балаларға көмек ретінде бағыттаймын. Бұл – мені қолдаған қазақстандықтармен бірге жасалған сыйлық болсын», – деп түйіндеді Михаил Шайдоров.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов бірнеше ай бойы жалақы алмаған олимпиада чемпионына қатысты жағдайды сынға алып, жауаптыларды жазалау қажет екенін мәлімдеген еді. Кейін депутат Сергей Пономарев те спортшының жалақысының ұзақ уақыт кешіктірілуін қатаң сынға алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: