Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаһар шырайындағы шаттық

26.05.2026, 7:00 56

Көктем келсе, қаланың тіршілігі де басқа ырғаққа көшеді. Қыстан қалған қоқыс жиналады, көшелер тазаланады, арықтар аршылады, саябақтар мен скверлердің айналасы ретке келтіріледі. Қалаға келген адам ең алдымен көшенің тазалығын, жол жиегіндегі жасыл желекті, гүлзардың күтімін, қоғамдық орындардың жинақылығын көреді. Сондықтан абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы қаланың жалпы келбетін қалыптастыратын маңызды бағыттың бірі саналады. Көктемнің соңғы айы да аяқталып жатыр. Ал бұл салада наурыз айынан бері қандай жұмыстар атқарылды? Шолып  көрейік.

Қызылорда үшін гүлдендірудің орны бөлек. Сыр өңірінің жазы ыстық, желі құрғақ, топырағы мен климаты жасыл желекке жеңіл емес. Мұндай жерде ағаш егу мен гүл отырғызудың қиындығы мен қызығын еріктілер һәм коммуналдық сала мамандары жақсы біледі. Көшеттің жерсінуі, гүлдің жаз бойы өңін сақтауы, арық жүйесінің уақытылы тазалануы, аяқсудың жеткізілуі, егілген аумақтың тұрақты күтімі қатар жүруі керек. Сол себепті көктемгі абаттандыру жұмысының артында тоқтаусыз тірлік барын ұмытпаған жөн. Биыл Қызылорда қаласында көгалдандыру жұмыс­тары наурыз айының соңында басталды. Қала аумағына өңірдің климаттық ерекшелігіне бейімделген гүл түрлері таңдалған. Шапыран, петуния, сальвия, циния және гладиолус сияқты сәндік гүлдер егіліп, қаланың келбеті тіпті ажарлана түсті. Бұл гүлдер Қызылорданың ыстық әрі құрғақ ауа райына төзімділігімен, ұзақ уақыт көз тартатын өңімен таңдалған. Қала бойынша 5 түрлі гүл отырғызылып, жұмысқа 60 адам тартылған. Бүгінге дейін 100 мың дана гүл егілген. Гүл көшет­тері Мәңгілік алау алаңына, вокзал маңына, қалалық саябақ алдына және Амангелді Иманов  ескерткіші  жанына  орналастырылған.

Бұл орындардың таңдалуы да кездейсоқ емес. Мәңгілік алау маңы – қаладағы тарихи әрі қоғамдық мәні бар кеңістіктің бірі. Вокзал аумағы қала­ға келетін жолаушының алғашқы әсерін қалып­тастырады. Қалалық саябақ пен ескерткіш маңы тұрғындар жиі жүретін, демала­тын, суретке түсетін орындардың қатарында. Сондықтан гүлдендіру жұмысы қаладағы негізгі қоғамдық кеңістіктерді жинақы, күтімді, көзге жылы етіп ұстау үшін жүргізіліп отыр. Көгалдандыру бағыты ағаш отырғызу жұмысымен де толық­қан. Көктем айларында Қызылордада 8 мың көшет отырғызу жоспарланып, меже артығымен орындалғанын байқадық. Нәтижесінде қала аумағына 12 мың түп ағаш көшеті егілген. Олардың қатарында Сыр талы, терек, қарағаш және сәндік ағаш түрлері бар. Көшеттер Сұлтан Бейбарыс, Қорқыт ата, Сағымбаев көшелеріне және қаланың орталық аумақтарына отырғызылған. Айта кеткен жөн, Қызылорда қаласында көктемгі көгалдандыру жұмысына еріктілер мен кәсіпорындар да үлес қосты. Қалалық әкімдіктің қолдауымен әлеуметтік желіде AVE ADIKUS атымен танылған блогер Әділет Әшірбек 300 түп тал егуге бастамашы болды. Сонымен қатар ерікті кәсіпорындар тал егу акциясына қатысып, қала аумағына тағы 340 түп көшет отырғызды.

Қалалық әкімдік егілген көшеттерді күтіп-­баптау және суару жұмысын да қарастырған. Жас ағашты суару үшін тамшылатып суару әдісі қолданылып отыр. Осы мақсатқа қала әкімдігі тарапынан қаржы бөлініп, бүгінде аталған көшеттер арнайы жүйе арқылы суарылуда. Бұл тәсілде су көшеттің  түбіне  тікелей  беріледі.

Көктемгі абаттандырудың тағы бір үлкен бөлігі аяқсу жүйесіне байланысты. Қызыл­ордада жасыл желекті көбейтудің басты шарты суға тіреледі. Гүл мен көшет егілгеннен кейін оны күтіп-баптау, уақытылы суару, арық жүйесін ашу жұмысы қатар жүрмесе, көктемдегі еңбек жаз ортасына жетпей нәтижесіз қалуы мүмкін. Осы бағытта наурыз айында «Жібек жолы», «Сарқырама», «Табиғат» каналдары мен қала ішіндегі арық жүйелері тазартылған. Қалаға аяқсу жеткізу үшін Сырдария өзені мен каналдардан 19 насос қондырғы іске қосылғанын байқаймыз. «Жібек  жолы» каналы арқылы Н.Назарбаев, Астана даңғылдары мен «Сырдария» мөлтек ауданы аяқсумен қамтылған. Ал «Сыр ана» монументі жанындағы қондырғы арқылы С.Бейбарыс көшесі мен  «Береке»  саяжайына  су  жеткізілген.

Көшет отырғызудың өзі артында талай жұмыс бар екенін аңғартады ғой. Яғни одан бөлек арық тазалау, су жолын ашу, насос қондырғыларын дайындау, су жететін аумақтарды белгілеу сияқты көзге көп көріне бермейтін жұмыс бар. Коммуналдық қызметтің ең ауыр тұсы да осында. Тұрғындар мен қонақтар көгалдандырылған аумаққа қарап, қанша күндік еңбектің нәтижесі екенін байқамауы мүмкін, бірақ көңілі көтеріліп, шаттана  қарайтынына  шүбә  жоқ.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс көлемінде де көктемгі тазалық пен көгалдан­дыру жұмысы жүргізілді. Өңірлік БАҚ-та шыққан ақпаратқа сүйенсек, аймақта 25 мыңнан астам адам санитарлық тазалық іс-шараларына қаты­сып, 12 мыңнан астам тал егілген. 325,7 гектар аула тазартылып, 320 тоннадан астам қоқыс шығарылған, 250-ден астам техника жұмылдырылған. Қызылорда қаласындағы қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары да көктемгі көркейту бағытымен сабақтасып жатыр. Орта­лық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата мемориалды аллеясы жаңғыртылып, Президент саябағы қайта салынды. Әкімдіктің парақшасынан Президент саябағында 31 гектар аумаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілгенін көзіміз шалып қалды.  Сонымен бірге саябақ­та субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, велосипед пен жүгіру жолақ­тары,  санитарлық  пункттер  орнатылған.

Мұндай жұмыстар қала көркін ғана емес, тұрғындардың бос уақытын өткізу мәдениетіне де әсер етеді. Саябақ, аллея, гүлзар, көлеңкелі жолақ көбейген сайын қаладағы қоғамдық өмір жанданады. Балаларға ойнайтын орын, үлкендерге серуендейтін кеңістік, жастарға демалатын орта пайда болады. Бір ғана көгалдандырудың соңында бақытты балалық шақ пен көңілді қызыло­рдалықтың  саны  артатынына  сенеміз.

Әрине, көктемде егілген гүл мен көшеттің нәтижесі жаз бен күзде білінеді. Қанша гүл отырғызылғаны, қанша көшет егілгені маңыз­ды. Бірақ олардың қаншасы жерсініп, қаншасы күтіммен өсіп шыққаны одан да маңызды. Қызыл­орданың ыстығында жасыл желекті сақ­тау үшін суару тәртібі, арық жүйесінің үздіксіз жұмы­сы, көшеттерді қорғау, қурағанын ауыс­тыру, қоғамдық орындардағы тазалық мәдениеті тұрақты  назарда  болуы  тиіс.

Қала шырайын келтіретін жұмыс көп. Оның ішінде көгалдандыру мен гүлдендірудің орны ерекше. Ендігі міндет сол еңбектің нәтижесін жаз бойы сақтап, жасыл желекті көбейту, гүл­зарларды күтіп-ұстау және коммуналдық қызметтің күнделікті  жұмысын  жүйелі  жалғастыру  болмақ.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: